АймақСәтбаев

Үнем – үйренетін үрдіс

Былтыр күзде кеншілер қаласында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Энергетика министрлігінің, облыс әкімдігінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен энергетикалық қуатты үнемдеу мен жаңғырмалы энергия көзін қолдануға арналған аймақтық форум өтті. Елді елең еткізген үш күндік іс-шара қала әкімдігі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ынтымақтастығы аясында алынған оң нәтижені ортақ игілікке айналдыруды, сондай-ақ, бұл байланысты одан әрі нығайтуды алдына мақсат етіп қойды.

Форумның бастапқы күні өткен семинарда жаңғырмалы энергия көзінің тетігі мен технолгиясын енгізу мүмкіндігі, бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы энергия үнемдеудің орны, жаңа жұмыс орнын ашу мен қоршаған ортаны сауықтыру туралы ақпарат алмасты. Әсіресе, қаржы табу, инвестициялық жоба дайындау, келісім-шарт жасау сияқты бірқатар мәселенің ұйымдық-қаржылық қырына баса назар аударылды.

Келесі күні кезек инвесторлар мен басқа да мақсатты топтарға, қаладағы ресурстық жастар орталығының өкілдеріне арналған тренингтер мен шеберлік сыныптарына келді. Онда нақты мысал негізінде кез-келген бастаманы баянды етудің жолы қарастырылды, білікті сарапшылардың қатысуымен іске жастарды тарту мүмкіндігі талқыланды. Алқалы жиын «Жаңғырмалы энергия көзі мен энергия үнемдеу негізінде тұрақты даму жолындағы қалалар» атты қортынды конференциямен аяқталды.

Мұндай іргелі іс-шараның кеншілер қаласында өтуі кездейсоқтық емес. Алтыншы жылға айналды, қала энергия үнемдеу мен энергетикалық тиімділікті арттыру саласында барынша үздік тәжірибе мен технологияны игеру, «жасыл» экономика мен грант және инвестиция тарту арқылы жұртшылықты кеңінен құлақтандыру бағытындағы бірқатар халықаралық және ұлттық жобаға үздіксіз қатысып келеді.

– Кей жобаны жүзеге асыру барысында тамаша тиімділікке қол жетті. Айталық, «Вместе Ярче» атты республикалық экологиялық фестиваль кезінде қалада көз үйренген қалыптан тыс көптеген керемет акция ұйымдастырылды. Көпқабатты үйдің кіреберісін жарықтандыру қондырғысының пилоттық жобасы қаншалықты тиімді екенін көрсеткені сондай, көрші үйдің тұрғындары оны өз қаражатымен жүзеге асыруды қолға алды. Абай атындағы №4 мектеп-лицей базасында оқушыны ізденіске ынталандыратын өсімдікті топырақсыз, жасанды қоректендіргіш ортада (гидропоника) өсіретін фито-жылыжай ашылды, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков.

Былтыр мамырда «Сәтбаев қаласының мектептерінде жарықтандырудың тиімді техникалық шешімін жүзеге асыру және энергиялық менеджмент енгізу» атты жоба қолға алынды. Мақсат – электр қуатын үнемдеу мен көміртегінің таралуын шектеу арқылы әлеуметтік және экономикалық тиімділікке жету жолын жергілікті жұртшылыққа жария ету. Пилоттық жобаға қатысуға қаланың бес мектебі іріктеп алынды: №5,9,19,27 және Абай атындағы №4 мектеп-лицей.

– Бастапқыда пилоттық жобада жоқ болсақ та, мектептің үлкендігін, оқушының көптігін желеу етіп іліккен едік. Оған өкінбейміз, оң нәтижесін көріп отырмыз. Бұл – электр қуатын үнемдеу, энергетикалық ресурстарды тиімді және үнемді пайдалануда оқушының азаматтық көзқарасы мен дағдысын тәрбиелеу мәселесін шешуге көмектесетін инновациялық әрі дер кезінде қолға алынған жоба.

Жобаға қатысқан бір жылда электр қуатының шығыны ай сайын азайғанын, демек, жұмсалатын қаражаттың кемігенін бірден байқадық. Жарықтандырудың қалыпты құралын барынша заманауи әрі тиімді түріне ауыстыру баланы қоршаған ортаның сапасын көтеруге, өзін жақсы сезінуіне игі ықпал етті. Оқушының сабақты ойдағыдай қабылдауына дұрыс жарықтандырудың да оң әсері бар, – дейді, Абай атындағы №4 мектеп-лицей директоры Гүлмира Жаппасова.

Пилоттық жоба екі жылға есептелген. Нәтижесінде жарықтандырудың 9 мыңнан астам көзі диодты түріне ауыстырылады. Алдын-ала жасалған есепке сәйкес екі жылда бес мектепте 338,41 МВт/сағат электр қуаты үнемделеді, қоршаған ортаға тарайтын көміртегі көлемі 311,21 тоннаға кемиді. Жобаның нәтижесі бойынша жарықтандырудың тиімді тәсілін алдағы уақытта кезең-кезеңмен қаланың барлық бюджеттік нысанына енгізу көзделген.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button