Бір адам көз жұмды

Облыста COVID-19 індетінен тағы бір адам көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Бұқар жырау ауданының азаматы 13 мамырда профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған.

11 мамырда емханаға жүгінген 1963 жылғы ер адамнан алынған сынама оның вирус жұқтырғанын көрсеткен. Науқастың жағдайы өте ауыр болып, екі жақты пневмония салдарынан емдеудің өзі қиынға түскен. Одан бөлек, инфекция салдарынан үшінші дәрежелі тыныс алу жетіспеушілігі, респираторлық дистресс-синдромы, сепсис, қан айналымының төмендігі де ауруды күшейте түскен. Бұрыннан бар қан қысымының жоғары болуы да жағдайды ушықтырған. Дәрігерлердің ұйғарымынша, ер адамның көз жұмуына коронавирус инфекциясынан болған өкпе артериясының эмболиясы себеп болған.

Жалпы, кешегі күнге дейін облыста инфекция жұқтырудың 1147 жағдайы тіркелген. 461 адам індетті жеңсе, қайтыс болғандар саны алтыға жетті.

Салтанат ІЛИЯШ.