Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Ата ерлігі ұмытылмайды

«Ерлік – елге мұра» дейді халық даналығы. Биыл қасіретті кезең – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Ата – бабаларымыздың қасиетті қанымен келген Ұлы Жеңіс жолындағы әрбір ерлік іс бізге даңқты, ұмытылмас мұра. Отан үшін шайқастағы әкелер мен аналардың қаһармандық ерлігі мен тылдағы еңбектерін қазіргі ұрпақ біздер көңілге түйіп, жадымызда берік сақтаймыз.

Сол соғыста белуардан қан кешіп, Отанымызды қорғап қалу үшін әкелер мен аналар жан аямай соғысты. Соның бірі біздің атамыз – Аманжол Мұқашев. Ол кісі 1917 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан айырылған ол ерте есейді. Бала кезінен колхозда әртүрлі жұмыс жасады. Қарқаралының педагогикалық курсын бітіріп, мектепте ұстаз болып қызмет етіп жүргенде 1939 жылы міндетті әскери борышын өтеуге аттанды. 1941 жылы фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталды. Совет Армиясы қатарында жауынгерлік міндетін атқарып жүрген атамыз да соғысқа аттанды. Ұлы дүбірдің белортасында жүріп, жаумен шайқасқа барлық жастық жалынымен араласты. Бейбіт жатқан елімізге төтеден қауіп төндірген неміс фашизмімен айқас, оның жігеріне жігер қосып, жастық жалын, намыс отын жақты.

Жауынгер жолы сан қилы. Қатардағы жауынгер Аманжол Мұқашев майдан даласында ерлігімен, ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түсе білді. Сөйтіп ол 107-ші атқыштар дивизиясындағы бөлімше командирлігіне ұсынылды. Ауыр шайқастарда қиын тапсырмаларды орындауда бөлімше жауынгерлері іскер де батыл командирлерімен бірге жүріп, әр істі тыңғылықты атқара білді. Құрамы толығып біткеннен кейін Аманжол Мұқашевтың дивизиясы Прибалтика майданының құрамына ауысты. Бұл майданның қолбасшысы генерал А.И.Еременко болатын. Тың күшпен қайыра шайқасқа шыққан Қызыл тулы 5-ші гвардиялық дивизия орыстың тарихи қаласы – Псковты азат етеді. Осы ұрыста гвардияның аға сержанты Аманжол Мұқашев оқ пен оттың арасында жүріп сол қолынан жараланып, есінен танып қалады. Қайсар жауынгер емделіп, тәуір болысымен майдан шебіне қайта оралады. 1944 жылы Эстония астанасы Таллин қаласы үшін болған ұрыста Аманжол атама өз бөлімінен бөлек кетуге тура келеді. Себебі, Чуд көлінің жағалауына фашисттер мина қойып кетіпті. Су астын миналардан тазартатын саперлер батальонына қосылады. Сөйтіп, сұм фашистердің айласы іске аспай қалады. Ұзамай жеңіс Совет жауынгерлерінің қолына көше бастайды. Рига азат етіледі.

1945 жылғы 7 сәуірде Ауце қаласын алады. 9 сәуірде шығыс Пруссия Кенигсбергте фашист армиялары жойылып, жау өз еркімен беріле бастайды. «Жеңіс хабары 4 жыл бойы титықтатқан соғыстан соң, бізге зарықтырып жеткен еді» депті Аманжол атамыз.

Курляндия түбегінде тұрған солдаттардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Күліп тұрып жылап, жылап тұрып күлген едік» дейді естелігінде. Атамыздың сол қан майдандағы еңбегі жоғары бағаланды. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

1946 жылы маусымда әскер қатарынан біржола босап, Ұлы Отан соғысының барлық кезеңдерінде жауынгерлік сапта тұрып, солдат шинелімен елге оралды. Аманжол атамыз соғыстан кейінгі жылдары Ақтоғай ауданы, Қызыларай, Еңбек кеңшарларында еңбек етті. Атамыздың жастық шағы қазіргідей бейбіт кезеңде емес, сұрапыл соғыс жылдарында, одан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру кезеңінде өтті. Соғыстан кейін тұралаған шаруашылықты қалпына келтіруге белсене еңбек етті. Бейбіт өмірдегі еңбек майданында төккен тері ескеріліп, 1957 жылы «Тың және тыңайған жерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», 1970 жылы «Лениннің туғанына 100 жыл», сондай-ақ «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 20 жыл, 30 жыл, 40 жыл» медальдарымен марапатталған.

Атамыздың өмірлік серігі Шәріп әжеміз де ер етігімен су кешкен сәттерде тылда Жеңіс үшін күн-түн демей жанқиярлықпен еңбек етті. Атамыз Аманжол Мұқашев 1993 жылы дүниеден озды.

Бүгінде атамыздың ұрпақтары өсіп-өніп, тәуелсіз ел игілігі үшін әр салада еңбек етуде. Майдангер атамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды!

Асқар ЖАНАТОВ,

Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы.

Басқа материалдар

Back to top button