Рухани жаңғыру

Құмай тазы жүгіртіп…

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – осы бағыттағы бағдарламалардың маңдайалдысы. Оның формуласы, ережесі, қатып қалған теоремасы жоқ. Бұл – әкеден балаға мирас боп қалған құндылық. Бағдарламаның түп-тамыры – ауылда, ауыл қазағында және қаладағы жаны қазақ азаматтарда.

Қазақы тазыны баптауға машықтанған Анна Захарованы сырттай ғана білуші едім. Биылғы «Қансонарда» кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Интернет-платформаға лайықталған фильм әзірлеу жөнінде келістік. Оған кірісіп те кеттік. Дегенмен, айтарымыз ол емес.

Анна – Майқұдықтың іргесіндегі Сұрыптау елді мекенінен. Сонда өсіп, сол жерде оқыған. Мектепте түрлі бағыттағы біраз үйірмеге қатысқан. Оқи жүріп, музыка мектебінің «Фортепиано» бөлімін тәмамдаған. Қазақтың аңшылық өнеріне, тазы ұстауға бала кезінен қызыққан деуге, әрине, бола қоймас. Джек атты тазыға дейін спаниель тұқымдас иті болған. Жалпы, үйіне түрлі жануарларды бала шағынан жиі әкеледі екен. Себебі, мектепте «Еріктілер клубының» белді мүшесі ретінде мейірімді істермен шұғылданған.

Өзінің айтуынша, Джекті аштан бұратылып жатқан күйі аялдама артынан тауып алыпты. Ол кезде оның тазы тұқымдас екенін білмегені анық. Күшігін қала сыртына серуенге шығарып жүргенде ит асыраушылармен танысады. Бірде оған әдемі ит ерткен бір жігіт «Мына итіңнің қандай тұқымнан екенін білесің бе? Бұл – асыл тұқымды қазақы тазы. Менің итім де сол тұқымнан. Бұлар – өте ақылды, аңсақ» – деп, біраз жайтқа көзін ашады. Осылайша, Алексей Прощалыгинмен танысады.

Аня мен Джек облыстағы тазы байқауларының бәріне қатысып, ІІІ орын (Шет ауданы, С.Сейфуллинннің 125 жылдығы аясында), бас жүлде (Балқаш қаласы, 2020 ж.) алған. Тазысымен аңға да жиі шығып тұрады. Көбіне, Алексей таныстырған Рамазан атамен, басқа да аңшылармен шығады.

– Рамазан ата – менің де, Алексейдің де ұстазы. Биыл Джекті сол кісінің Ақтырнағымен ұйықтырдық. Екі тазының да шығу тегі, бөтен итпен ұйықпағаны жайлы анықтамалары бар (тазы иттер қауымдастығынан беріледі). Сондықтан, таза тазы іздегендер бізге хабарласуына болады, – дейді Аннаның өзі.

«Ит сатып байыған қазақ жоқ» дегенді жиі естиміз. Бұл ойымызды Рәкеңе айтқан едік, көңілге қонымды жауап берді: «Қазақ қымыз сатпаған. Жылқының киесі, ақтың киесі ұрады» деп сескенген. Қазір бұған етіміз үйренді. Заман ағымына ілесе білу керек. Тазы ұстайтын адам әжептеуір шығындалады. Оның екпелерін салып, дәрі-дәрмегі мен дәрумендерін беріп тұру керек. Ет алып беру, дұрыс тамақтандыру – қажеттілік. Сол себепті, тазы күшігін сату керек және ол тым арзан болмауы тиіс. Өзім Ақтырнақты Жаркенттен 60 мың теңгеге алып келдім».

Джек биыл үшінші мәрте қар басты. Осы қыста аңға былтырғыға қарағанда аз шыққан. Аня оны мектеп бітірер алдындағы ҰБТ-ға дайындығымен түсіндіреді. Басындағы түлкі тымағын ырымдап өзі ұстаған түлкінің терісінен тіктірген екен. Қазақтың құмай тазысын ұлықтап жүрген ару сәтін салса, ҚарМУ-дың биология факультетіне түспекші.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button