Біздің сұхбатРесми

Қажытқан қағазбастылықтан құтылдық па?

Жақында мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі құжат шықты. Білім және ғылым министрінің №130 бұйрығымен орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруы тиіс құжаттардың нақты тізімі бекітілді. Жалпы, білім саласының қызметкері қандай құжаттарды толтырады? Сауалды Қарағанды облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусинге жолдадық.

– Сонымен, мұғалімдер толтыруға міндетті құжаттар қандай?

– Барлық білім беру ұйымдарының назарында тек білім алушы болуы тиіс. Педагогтер жұмыс уақытын білім беруге бағыттауы қажет және олардың балалармен жеке айналысуға мүмкіндіктерінің болуы – маңызды. Осы орайда, мектептің пән мұғалімдері сынып журналы мен сабақ жоспарын күнделікті, күнтізбелік-тақырыптық жоспарды оқу жылының басында, критериалдық бағалау бойынша құжаттарды әр тоқсанның соңында толтыратын болды.

– Нақтыласаңыз…

– Мысалы, сынып жетекшісі оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырып және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады. Мұғалім жас маманмен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады. Бұйрық негізінде мектеп әкімшілігінен талап етілетін құжаттардың тізімдемесі де бекітілді. Ол – оқутәрбие жұмысы, мектепті дамыту, мектепішілік бақылау жоспары, бұйрықтарды тіркеу, педагогикалық кеңес хаттамалары, педагогтердің жеке құрамын есепке алу, келген-кеткен оқушыларды есепке алу кітабы.

– Ал, директордың орынбасары қандай құжат толтыруға міндетті?

– Қызмет бағыттары бойынша директордың орынбасары ғылыми-әдістемелік оқу жұмыс жоспарын, педагогтердің оқу жүктемесі (тарифтеу) туралы мәліметтерді, ғылыми-әдістемелік кеңес хаттамасын, босатылған және ауыстырылған сабақтарды есепке алу журналын, оқушылардың үлгерімі туралы табельдерді есепке алады. Негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымын бітіргендігі туралы аттестатты беру және есепке алу, мақтау қағаздарын беруді есепке алу кітабы да директор орынбасарының жауапкершілігінде.

– Колледж мұғалімдерінің құзыретінде не бар?

– Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері жылдың басында жұмыс істеуге арналған оқу бағдарламасын құрып, күнтізбеліктақырыптық жоспар жасайды. Күн сайын сабақ жоспарын әзірлейді, теориялық, өндірістік оқыту және жеке сабақтарды есепке алу журналдарын толтырады. Егер педагог куратордың қызметін атқарса білім алушыларды тәрбиелеу бойынша тәрбие жұмыс жоспарын толтырады.

Жаңадан қабылданған бұйрыққа сәйкес колледж басшысы білім беру қызметін ұйымдастыру бойынша оқу жылына арналған жұмыс жоспарын және колледжішілік бақылау жоспарын толтыруға – міндетті.

Ал басшының орынбасарлары, бөлім меңгерушілері, оқу бөлімінің меңгерушісі толтыруға міндетті нақты 10 құжаттың тізімі бар. Олардың арасында оқу жұмыс жоспары, оқу жұмыс бағдарламасы, оқу-әдістемелік жұмыс жоспары, және педагогтердің оқу жүктемесі (тарифтеу) туралы мәліметтер бар құжаттар кіреді. Сондай-ақ, білім алушының жеке білім беру бағдарламасы, білім алушының үлгерім кітапшасы, диплом және оның телнұсқасын беру кітабы, академиялық анықтама беру кітабы да толтырылуға тиіс.

– Осыншама құжаттарды толтырған мұғалімге шығармашылық жұмыспен айналысуға уақыт жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Негізі шамадан тыс есеп беруден арылтып, құжаттама үлгілерін біріздендіру ең алдымен, мұғалім жүктемесін жеңілдетіп, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Осы нақты басымдыққа алынуы тиіс. Бұл бұйрық «Педагог мәртебесі туралы» Заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске негізделгендіктен, осыған сәйкес мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендер айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

– Педагогті кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартқандарға қандай жаза қолданылады?

– Мұғалімдерден артық құжат талап етіп, сонымен қатар кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартқандарға жаза бар. Сонымен қатар, педагогті кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексеру жүргізу, педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу, педагогты өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түрінде жасалған бұзушылықтар үшін бірінші мәрте ескерту жарияланады.

Осындай олқылықтар орын алса Қарағанды облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің 8 (7212) 41-20-15, 5025-11 нөмірлі сенім телефондарына, 87786657149, 87782249940 ұялы байланыс нөмірлеріне хабарласу керек. Департаменттің телеграмм, фейсбук, инстаграмм (dksokaraganda) парақшаларына жазба қалдыруға болады.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button