Облыс әкіміРесми

Оқу жылына әзірлік – жүйелі

Жаңа оқу жылында облыстағы оқушылардың 70 пайызы қашықтықтан білім алады. Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін мектептерде үш жарым мыңға жуық кезекші сыныптар жұмыс істейді. Мұғалімдер мен оқушылар компьютерлер және оқулықтармен тамыз айының соңына дейін толық қамтамасыз етіледі. Бұл жөнінде тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыста жалпы 505 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда 200 мыңға жуық оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары барысында 413 мектеп жөндеуден өтті. Олардың 141-іне күрделі жөндеу, 272-сіне – ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– 1 қыркүйектен бастап облыстың 312 мектебі қашықтықтан оқыту режиміндегі жұмысын бастайды. Қалған 193 мектеп, оның ішінде, ауылдық шағын жинақты мектептер балаларды дәстүрлі үлгіде оқытуын жалғастырады. Бастауыш мектептің 3 623 оқушысы кезекші сыныптарға баратын болады. Тәртіп бойынша бір сыныпта 15 оқушыдан артық отырмауы тиіс. Кабинеттік жүйе болмайтындықтан, сабақтардың ұзақтығы қысқартылады. Қазір өңір мектептері үшін залалсыздандыру құралдары мен санитарлық талаптарды сақтауға қажетті жабдықтар сатып алынуда. Тиісінше, оқушыларды қашықтықтан оқытуға барлық мұғалімдер атсалысады.

Бүгінгі таңдағы жағдай сондай жүйеде жұмыс істеуге итермелеп отыр. Біз үшін ең басты мәселе – балалар мен педагогтердің қауіпсіздігі болғандықтан, олардың денсаулығы – қашанда бірінші орында. Еліміздегі ахуалды ескере отырып, ата-аналарды сабырлы болуға шақырамын, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Аймақ басшысының айтуынша, қашықтықтан оқыту педагогтерге қолайлы болуы үшін облыста компьютерлерді жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңір мектептерінде 35 мыңнан астам компьютерлік техника бар. Алайда, олардың барлығы қашықтықтан оқыту үшін жарамды емес. Сондай-ақ, 14 000 оқушыға компьютер жетіспеушілігі байқалады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қазіргі таңда облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен 3 777 компьютер сатып алынды. Оқу жылының басына дейін «Қазақмыс» корпорациясы және демеушілердің қаражаттары есебінен тағы да компьютерлер сатып алу жоспарлануда.

– Қазіргі таңда аймақ бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар саны 28 мыңнан асады. Қашықтықтан оқыту кезінде алдымен әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар нәтижесінде компьютерлік парк жаңарып, олардың саны жеткілікті болады. Мысалы, отбасында 4 баласы барларға 2 компьютер беріледі, сондай-ақ, олар интернет-ресурстарды пайдалануға мүмкіндік беретін тегін роутерлермен қамтылады. Барлық сатып алынған жабдықтар үйде компьютерлері жоқ мұғалімдер мен мектеп оқушыларына уақытша пайдалануға беріледі. Оларды тапсыру рәсімін 20 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда, – деді аймақ басшысы.

Ал, шалғай ауылдардағы интернет желісінің байланысына келсек, ауылдардағы 81 елді мекендердің мектептері интернет сапасын көтеруді қажет етеді. Ай соңына дейін ғаламтор жылдамдығын ұлғайтып, байланысты 2G үлгісінен 4G үлгісіне ауыстыру жоспарда тұр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, шалғай ауылдардағы бастауыш сынып мұғалімдерінің тапшылығы. Бұл жөнінде облыс әкімі:

– Облысқа қарасты мектептерге 380 мұғалім керек. Ұстаздардың тапшылығын жою мақсатында кадрлармен қамтамасыз ету, баспана беру, жас мамандардың коммуналдық мәселелерін шешу күн тәртібінде тұр. Тамыз айының соңына дейін аталған мәселелер шешімін табуы тиіс, – деп атап өтті.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, алдағы қыркүйек айына дейін қашықтықтан оқу толық жүзеге асып, дәретханалар ғимараттарға көшіріледі. Облыс мектептерін бейнебақылаумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасын табады. Атап өтетін болсақ, қазіргі таңда облыстың 507 мектебінің 482-сінде бейнебақылау камералары орнатылған. 187 мемлекеттік балабақшаларда 100% бейнебақылау камералары тұр.

Кітап мәселесіне келсек, соңғы екі апта аралығында облысқа барлық кітаптар толық жеткізіліп, қалалар мен аудандарға таратылады. Бүгінде «Информатика» пәні бойынша 5-6 сыныптар мен 11-сынып оқушыларына арналған оқу құралдары, информатика, химия, физика және биология пәндерін үш тілде оқуға арналған кітаптар, түзету мектептерінің 3, 6 және 8 сынып оқушыларына арналған құралдар сатып алынды.

Ал, мектепке дейінгі мекемелер жұмысын 17 тамыздан бастауы мүмкін. Бүгінде облыстағы 537 балабақшада 40 000 бала тәрбиеленуде екенін ескерсек, карантин уақыты аяқталған соң, ата-аналардың қалауымен 15 баладан аспайтын кезекші топтар жұмысын жалғастыратын болады.

Оқушылардың биылғы бірінші тоқсанда мектеп формасымен келуі міндетті емес. Классикалық үлгідегі киімде келу мүмкіндігі пандемия кезінде ғана сақталады.

Аяулым СОВЕТ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button