АймақОсакаров

Кент келбеттене түседі

Биыл Осакаровка кентіне – 110 жыл, ал ауданның құрылғанына – 80 жыл толады екен. Мерейтойға байланысты салтанатты шаралар, басқа да форматтағы дүниелер өтпейтін боп шешіліпті. Соған орай, тиісті қаражаттың басым бөлігі аудан орталығын абаттандыруға, жолдарды жаңартуға және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталыпты. Бұл, әрине, құптарлық қадам. Инфрақұрылымдық жобалар «Жұмыспен қамтдың жол картасы» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары шеңберінде іске асырылатынын да айта кеткен жөн.

Кенттегі 54 көшенің жолдары жөндеуден өтеді. Осы мақсатқа «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша шамамен 740 млн. теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар мамыр айынан басталған. Бүгінгі күнге дейін кентте 13 көшеге асфальт төселген. Қазан айына көшелердің жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

Аудан орталығында демалыс саябағы және балалар алаңдары да көгалдандырылуда. Орталық аурухана ғимараты мен қосымша білім беру орталығында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ, мектеп және балабақша ғимараттары жөнделген.

Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша Осакаровка ауданына 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Аталған бағдарлама аясында ауыл тұрғындары үшін 360- тан астам жұмыс орыны ашылған.

Ауданда сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолжетімді баспана құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы екі қабатты жаңа екі үйді және 2021 жылы тағы төртеуін тапсыру жоспарланып отыр.

– Әрине, қазіргі жағдайға байланысты жаппай тойлау, бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді. Онлайнрежимде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Осакаров ауданының энциклопедиясы әзірленді. Жұмысты ауданның әлеуетін арттыруға, оның орталығының ажарын арттыруға бағыттадық, – дейді аудан әкімі Нұркен Қобжанов.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button