ВАЙНЕРЛЕР немесе ұлттық болмысқа түскен көлеңке
Интернетке кіре қалсаңыз, қаптаған вайндарды көріп, жағаңызды ұстайсыз. Ал, олардың дөрекі қимылдарға немесе тартымды қылықтарға құрылған кейбірі «хайпқа» айналып кетіп жатады. Көбісі атағын шығару үшін әдеп шекарасынан өтіп кетіп, өрескел әрекетке де барып жатыр. Желідегі сол желөкпелерден сұхбат алып, рейтингін көтеріп жатқан телеарналар мен сайттар да баршылық. Қазақы ұстаным мен ұлттық құндылықтарға мән беріп жатқандары аз. «Вайндар» мен «хайптар» қысқа нұсқа болса да, ел назарын тарту үшін қызықты, әрі ашық бояу түстерімен әрленеді. Олардың сапасын, яғни, қоғамға зиянды тұстарын екшеп отырған ешқандай ұйым жоқ…
«Вайн» мен «хайп»
«Вайн» – «Vine» бағдарламасы арқылы өңделетін бейнежазба. Алғашында ол небәрі 6 секундтық болып түсіріле бастаған. Сондықтан болар, оны Инстаграм желісіне ұқсатқан. Блогерлердің пікірінше, Твиттердің жазба жүктеу сыйымдылығы тек 140 белгі мен қаріп болса, вайнға қойылатын талап та шектеулі, 30-60 секунд аралығында. Шындығында, вайн жобасы Твиттердің қосымшасы ғана екендігін жұрттың көбі білмейді. Ол Твиттердің старт-ап қадамы ретінде 2012 жылдың қазан айында сатып алынған. Ал, оның дайын нұсқасы 2013 жылы жарыққа шығып, танымалдылыққа ие болды.
«Хайпты» бүгінде жалпақ жұрт өзіне жарнама жасауға пайдаланады. «Атың шықпаса, жер өртенің» кері. Елімізде дәл осы жол арқылы танымал болғысы келетіндер көп-ақ. Ал, американдық бұқаралық ақпарат құралдары осы хайп әдісімен жұмыс істейтін көрінеді. Бастапқыда бұл термин АҚШ-та 1920 жылдары кеңінен қолданылып, «тері астындағы ине» ұғымын білдіріпті. Түп-төркіні нашақорлықпен тығыз байланысты деген деректер бар. АҚШ-тың Айдахо штатының Боннер округінде Хайп (ағылшынша – Hipe) атты қала да бар екен.
Қарағандыда вайнерлер бар ма?
Вайн түсіріп, оның кейбірін хайпқа айналдырып, содан мал тауып жүргендердің көбі – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалалардың азаматтары. Қарағандыда мұндай белсенді жастар жоқтың қасы. Бар болса да аз, олардың өзі басқа қалаларда тұрады. Бұлар вайндарын Ютуб пен Инстаграмда жариялап, оқырман жинайды.
Талап бойынша вайнерлер бейнежазбаны өздері түсіріп, жариялайды. Мақсаты – қоғамдағы келеңсіздіктерді мысқыл, келемеж тәсілімен жеткізу. Қысқа-нұсқа, рекреативті бағытты ұстанады. Соның ішінде хайпқа айналатындары негізінен теріс, ақылға сыймайтын әрекеттерді насихаттайтындары. Сол хайпқа айналған вайн арқылы кейіпкерлері танымал тұлға болып шыға келеді. Атақты әртістерді танымаса да, вайнерлер мен хайперлерді жақсы біледі жастар қауымы. Вайнерлер мен хайперлерге арналған телебағдарлама да көп. Соларды шақырып, сұхбат алып жатады. Кейбіреуі аузына келгенін сөйлеп белгілі болса, енді бірі әнімен, биімен, дөрекі қылығымен, ерекше түрімен, ал, келесі бірі сүйкімділігімен танымалдылыққа жеткен.
Өзі вайн түсірмесе де, дайын бейнежазбаларды насихаттап, соның арқасында 300 мыңға жуық оқырман жиып, қаржы тауып жүрген Жолдыбек Долдахан есімді азаматқа хабарласқан едік.
Негізгі жұмысым бар. Бұл – қосымша табыс. Екі жылдан бері шұғылданамын. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демей ме? Күніне үш рет тамақ ішсем, үш рет пост саламын. Екі-үш жарнаманы қосқанда, әр күні бас-аяғы 12-13 пост жүктеледі. Егер, жарнама арқылы тауар сатылса, пайызын төлейді. Жеке адамдар да жарнаманың ақшасын қолма-қол төлейді. Айына 150-200 мың теңге табыс түседі. Кейде белсенділігі төмен парақшаны арзанға сатып алып, оқырмандар санын 250-300 мыңға жеткізіп, қымбат бағаға қайыра сатамыз. Еріншек болсаң, нан табу – қиындау. Бұл істің, әрине, жүйкені тоздыратыны да бар. Тыңнан бастасаң, тіпті, қиын. Шынымды айтсам, ата-анам әлі сенбейді. Әлеужеліні еріккеннің ермегі деп ойлайды. Инстаграмм – түсінген адамға бизнес алаңы. Аудиторияның көбі – жастар. Сұраныс бар. Неге жасамасқа? Болашақта өзіміз вайн түсірсек деген ойымыз бар, – дейді ол.
Журналистер не дейді?
– «Заманына қарай адамы» деген сөз бар. Қысқа нұсқа бейнежазбалар арқылы қаражат тауып, жан бағу үрдіске айналып барады. Бұл да керек шығар, мүмкін. Егер, сапалы дүние болса, басқа әңгіме…
Ал, дәстүрлі дүниетанымымызға сай келмейтін арзанқол вайн түсіріп, ерсі қылығымен өзіне хайп жасау арқылы танымалдылыққа ұмтылу – барып тұрған жетесіздік. «Жарлы болсаң да, арлы бол» деп өмір сүрген әлдеқайда жөн. Арзан дүниенің айқайлап сатылатыны айтпаса да түсінікті. Қаптап жүрген вайнерлер мен хайперлерді тезге салып отыратын бір сүзгі керек-ақ, – дейді Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының оқытушысы Ләззат Қожахметова.
Қазір вайн түсірушілердің саны артуда. Олардың қысқаметражды бейнежазбаларының сюжеті бір көргеннен-ақ есте қалады. Дегенмен, әр нәрсенің пайдасымен қатар, зияны бірге жүреді. Мамандардың айтуынша, мұндай вайндар адамды сабырсыздыққа душар етеді. Ал, кейбір вайндардағы өрескел, дөрекі сөздер эстетикалық талғамды төмендетеді. Бір ашынарлық жайт – бұл кәсіппен айналысатындар талғамға мән бермейді. Дәстүрлі дүниетаным, ұлттық болмыс, ұрпақ тәрбиесін мүлдем ойламайды. Көксегені – ақша. Жағымсыз дүниелер елдің назарын тез бұратындықтан, тақырыбын айқайлатын қойып, жылдам оқырман жинайды. Оның үстіне, ұзақ фильм көріп отыратын елде уақыт та жоқ. Қолы қалт ете қалса, осындай қысқа жазбаларға көңіл бөледі. Вайнерлер мен хайперлер мұны жақсы біледі. Жұрттың «осал тұсын» тауып алып, содан мал тауып жүр.
Қазақылықты насихаттай ма?
Аймағымызда өздері түсірмесе де, қазақы вайндарды насихаттайтын топтар бар. Болмысымыздың түп-тамырына терең бойлай алмағанымен, ұлттық нақыштың болғанын қалайды, әйтеуір. Әлеуметтік желілерде заманауи стилдегі қазақ тілді парақшаларға жазылушылар қатары баршылық.
«Қазақ әу бастан мәдениеті мен тарихы терең, тілі бай, өнері мен әдебиеті озық ел. Адам алдымен өзінің кім екенін білуі керек, яғни, тамырына қарап, тарихын бағамдасын. Мен ұлтымды қатты сүйемін. Табыс табумен қатар, елге пайдалы вайндарды таратамын. Замандастарымның, бауыр-қарындастарымның арзан, пәтуасыз күлкіге үйір болмай, астарында шындық бар заман бейнесін дөп басатын жазбаларды көріп, өмірге салмақты қарағанын қалаймын. Шығыс пен Солтүстіктен алпауыттар аузын арандай ашып тұрғанда, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстаныммен өмір сүру керек», – дейді вайнер Қуаныш Халиолла.
Жастардың көзімен…
Біз кейде мәселеге бір қырынан ғана қараймыз. Сахнадан да, интернеттен де сапалы дүние іздейміз. Ол қанымызда бар, өйткені. Мұсылманшылықта да «ысырап, обал» деген ұғымдар бар. Осы жағынан «уақытты бағала, сахнаны сыйла» деп жатамыз. Өзгеше ойлайтын адам көрсек, тарпа бас саламыз.
– Мен үшін орынсыз ұғымдар бар. Мәселен, «Сахна – қасиетті. Демек, оған көрінген шыға бермеу керек» деген сияқты. Неге оған көрінген шықпауы керек? Егер, кім көрінген шықпаса, таланттарды қайдан табамыз? Сахнаға 1 000 адам шықса, ішінде біреуі талантты болуы мүмкін. Сол сияқты Ютубты да қасиетті жерге айналдырып алғымыз келеді. Сәукеле киіп, оюлы камзолмен жүретін жер емес – ол. Керісінше, адамның ішкі жан дүниесін көрсететін алаң, – дейді блогер Алмас Тоқабаев.
Тұрпайы сөздер аралас жүретін жазбалар да көп. Бұл – менталитетімізге мүлдем жат. Бұған қатысты да пікірлер жоқ емес.
– Анайы сөздерді әдейі қосып сөйлейтіндер көбеюде. Неге? Өйткені, халық әдемі әрі жаттанды сөйлейтін, айтқанын орындамайтын адамдардан жалыққан сыңайлы. Ал, аузынан «ақ ит кіргізіп, көк ит шығару» әркімнің қолынан келеді. Сондықтан, бүгінгі ғаламтордағы боқтықтың тағы бір қыры бар, – дейді белгілі ғалым Омар Жәлел.
Осы тұста заманауи вайндар мен хайптарды күнделікті көріп жүрген қарапайым студенттің көзқарасын білгенді жөн санадық.
Мен ол жазбаларға ешқашан салмақты түрде қараған емеспін. Күйбең тірліктен шаршағанда, бір мезгіл көңіл сергіту үшін ғана назар саламын. Көбісі көшірме сияқты. Қазақы болмыс вайнға сия қоймайды. Қыршаңқы сөздерге мақалдарды қосып қолдану ұлттық менталитетті көрсете алмайды, – дейді Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Мэлс Салиев.
Түйін
Мәселенің мән-жайына үңіліп көрдік. Түрлі көзқарастар мен пікірлер бар екеніне көз жеткіздік. Шындығында, жұрттың басым бөлігі бұл дүниелерге бір сәт езу тарту үшін ғана қарайды. Дегенмен, ел осындай қысқа вайндардың өзінен қазақылықты көргісі келеді. Хайп жасаушылардың ақылға сыймайтын дөрекіліктен жеріп, әдеп шеңберінде болғанын қалайды.
Біздің де тілегіміз – осы. Ел назарына сапалы жарияланым ұсынып, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берген жөн.
Ендеше, «жұрттың талғамы төмен» дей бермей, соны көтеру бағытында бірге әрекет етейік. Болашақ зерек көрермен-оқырманды қалыптастыруға атсалысу – әрқайсымыздың борышымыз.
Сол себепті, шынымен, «вайнерлер мен хайперлердің» жұмыстарын сүзгіден өткізіп отыратын бір ұйым керек шығар?..
Жәлел ШАЛҚАР.