Руханият

«Абай жаққан бір сәуле…»

Облыстық балалар кітапханасы 1954 жылдан бері ұлы ағартушы Абайдың есімімен аталып келеді. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, кітапхана қызметкерлері жыл бойы бірқатар іс-шаралар өткізді. Ал, карантин кезінде онлайн-режимге көшкен.

Сондай онлайн шараның бірі – «Абай мұрасы – мәңгілік мирас» атты мультмедиялық көрме-инсталляциясы. Көрмеге 130-дан астам құжат қойылған. Кітапхана кіреберісіне Әбілхан Қастеевтің «Абай жайлауда» туындысының негізінде 1950-1960 жылдары салынған Абай портреті ілінген. Авторы – суретші Владимир Румянцев. Сондай-ақ, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың «Абай мүсіні» және тағы басқа дүниелер қойылған.

Сондай-ақ, кітапхана қоры «Абай әліппесі» атты «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» әзірлеген сөйлейтін қаламмен, интерактивтік басылымдар кешенімен толықты. «Абайтану әліппесі» кешенінде «Жақсы бала», «Жақсы ұстаз» «Жақсы құрбы-құрдас» және «Жақсы ата-ана» атты жаңа 4 интерактивті кітап бар. Одан бөлек, Абайдың өлеңдері мен «Ескендір» поэмасын француз тілінде, қара сөздерін неміс, кәріс, француз тілінде оқуға мүмкіндік бар.

Ал, Абайдың ақындық, азаматтық тұлғасын насихаттауға арналған көпшілік дәрістер циклі аясында «Абай жаққан бір сәуле…» дәрісі қазақ тілінде оқылып, көп тың дүниелер айтылды. Кеш қонағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Берік Рақымовтың басшылығымен абайтанудың өзекті мәселелері, философиялық, эстетикалық және қоғамдық көзқарастары және басқа да жайттар сөз болды. «Абай шығармашылығындағы адамгершілік құндылықтар» тақырыбында қоғам қайраткері, абайтанушы ғалым Бақытқали Мұсабековпен өткен онлайн сұхбат та – атқарылған шаралардың жалғасы.

Шара барысында хакім шығармаларын негізге ала отырып, өзін-өзі дамыту, еңбексүйгіштік, отбасындағы қарым-қатынас, дос таңдау сынды көптеген өзекті мәселелер төңірегінде тұщымды әңгіме өрбіді.

Ақын мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатқан шаралар өскелең ұрпақтың зерек болып өсуіне түрткі болары сөзсіз.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button