«Әке, біздің ауылымыз қайда?..»
Оқу жылы аяқталар тұс еді. Бір күні кешкілік отбасымызбен кешкі ас ішіп отырып, ауыл жайлы фильм тамашаладық. Бір кезде үлкен ұлым Нұрасыл жұлып алғандай: «Әке, біздің ауылымыз қайда?» деді. Тілімді жұтып қоя жаздадым. Жүрегім өрекпіп, көзімнің алды тұманданып кетті…
Әрине, бұл күтпеген сұрақ еді. Оның үстіне, туып-өскен ауылыма бармағалы жиырма жылға жуықтап, әбден сағыныштан сарғайып жүрген маған үлкен соққы болды. Ал, баланың әдеті ғой, бәрін білгісі келіп тұратын. Сөйтсем, ол менен әлі көзін алмай, жауап күтіп отыр екен. Өз-өзімді қолға алған соң барып:
– Біздің ауылымыз алыста, балам, – дедім. Жауапқа қанағаттанбағаны көзінен көрініп тұрды.
Оның әлгі сұрағы құлағымда біразға дейін жаңғырып, кетпей қойды. Балаларымның ауылсыз өсіп жатқаны жанымды сыздатқанда өзімді қоярға жер таппай қаламын. Оған қоса, олардың маңдайына ата-әже тәрбиесін көру, қызықты ертегілерін тыңдау, құрт-майын жеу бақыты да бұйырмаған екен.
Биыл жазда перзенттерімді ауылыма апарып, кіндік қаным тамған жердің топырағына аунатып, ата-әжесінің бейітінің басына барып, құран бағыштаймыз деп жоспарлаған едік. Алайда, адамның емес, Алланың айтқаны болады екен. Карантин басталып, жоспар аяқсыз қалды.
Сөйтсем, біз сияқты ауылы жоқтар баршылық болып шықты. Ауылы бар болса да, бірінің үйі сатылып кеткен, енді бірінің ауылда ешкімі қалмаған. Осылайша, қазақтың ауылы құрдымға кетіп барады. Қалаға асыққан адамдар. Шаһардың лас ауасын жұтып, ағайынмен араласуды ұмытып, тасбауыр болуға айналған жұртты көріп, жаның ауырады.
Өйткені, ауылда жұмыс жоқ, кейбір ауылдарда жөнді жарық та болмайды. Ал, бұрыннан ауылда тұрып келе жатқан ағайын әлі де тұра берері сөзсіз. Себебі, кіндігі ауылға байлаулы. Ауылдың тау-тасын, түтінін, қарашаңырақты, аңқылдаған адамдарын қимайды. Қиып та кетер еді. Азын-аулақ мал бар. Ал, кәдімгідей мал шарушылығымен айналысып, ауыл адамдарын жұмыспен қамтып, туған мекенін құрып кетуден қызғыштай қорып отырған атпал азаматтар да бар.
Бірақ, елдің бәрінде ауылда тұратын күй жоқ қой. Сондықтан да, қала жағалайды. Қалаға келіп қара жұмысты маңайлайды. Ауылдағы саф алтындай сақталған салт-дәстүр, көнекөз қариялардың тағылымды әңгімелерін ойлауға тұрмыс жағдайы мұрша бермейді.
Ал, біз қалада жүріп ауылды аңсаймыз. Жазғы демалыста елге барып, ыстығына күйіп, иісіне қанғымыз келеді. Суына шомылып, топырағына аунауға ынтықпыз.
Жуырда бір әріптесім «Ауылың алыс қой, қаланың маңындағы ауылдардың бірінен шағын үй сатып ал да, өзіңе ауыл жасап ал. Алыстағы ауылды қайтесің, балаларыңды ойла. Ауылы жоқ балаға қиын ғой» деп кеңес берді.
Енді, алдағы уақытта жақын маңнан ауыл «тауып алу» ойымызда жоқ емес. Бірақ, топырағы табаныңды күйдіріп, тікенегі тілімдеп, лай суына шомылып өскен туған жеріңнің жөні бөлек қой, шіркін!
Ал, туған мекені іргеде тұрған, төрт құбыласы түгел ағайын сол қасиетті қараша ауылдың қадірін біз сияқты сезіне алар ма екен?..
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.