Қазақстан халқының бірлігі күніРухани жаңғыру

Ел бірлігінің тұтқасы

Қазақстанда тұратын жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері береке мен тыныштықта, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, ұйыған бірліктің жемісі. 1995 жылдың наурызында құрылған, бүгінде дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың тұтқасына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының да бұл мақсатта қосып отырған үлесі мол.

Ассамблеяның негізгі міндеттерінің бірі Қазақстан халқының бірлігін нығайту, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қатысу, Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтау және дамыту болып табылады. Жұмысының мақсаты ұлттар арасындағы ыстық ықыласты дәріптеуге, бірлікке, ынтымақ пен берекені арттыруға бағытталған. Ассамблея көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының белгісіне айналды.

Бірлік – қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этникалық ұғым. Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделерінің тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған.

Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздің барлық аймақтарында, кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдарда айтарлықтай атап өтіледі. Осы орайда, Қарағанды облысы бойынша Қазынашылық департаменті ұжымы да бұл мерекеден сырт қалған емес. Ұжымда бірнеше ұлт өкілдері қызмет атқарады. Департаментте қызметкерлерін бір кісідей бірлікке шақыру мақсатында жыл сайын әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын насихаттаған түрлі ісшаралар ұйымдастырылады. Бұл шараларға қызметкерлер ерекше белсенділікпен атсалысады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 короновирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай кезеңінің енгізілуімен бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Әйтсе де, бұл шектеулер мерекенің құндылығы мен мән-мағынасын төмендетпейтіні сөзсіз. Керісінше, біз осы вирусты жеңуге бірлікпен күш салатынымыз анық. Бірлік – біздің басты құндылығымыз.

Ж.ХАСЕНОВ,

ҚР ҚМ ҚК Қарағанды облысы бойынша

Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button