Рухани жаңғыру

Жігіттің сырттаны немесе ескіден жеткен есті сөз

Даланың ұғымы дархан қарияларымен әңгімелесу – бір ғанибет. Менің әкем Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Мұхамедия ТӨЛЕУХАНҰЛЫ – солардың бірі. Ендігі сөзді Мұқаңа беріп, сол кісінің өз ауызымен айтқызсақ…

– «Қазақта «сырттан» деген сөз бар. Сол туралы атамнан естігенімді айтып берейін. Атам жас кезінде нағашылары – Қаракесек Қозыбақ жұртына барыпты. Жас болғанда да, 12-13 жасар кезі болса керек. Бірнеше күн сол елде жатыпты. Қайтарында нағашылары «Не қалайсың?» деп сұрайды. Атам күрең атқа көзі түскенін айтады. Ол рулы елдің бағына біткен жүйрік болса керек. Ауылдағылар бұл таңдауды жақтырмай қалыпты. «Бермейміз күреңді. Жиен болса, қайтейік? Ана көк айғырды, қарагерді үйірімен қоса алсын» деген сөздер айтыпты. Ол кездің үлкендері салт-дәстүрге берік қой. «Жиеннің наласы жаман болады» дегенді білетін нағашысы жиеніне күрең атты берудің амалын іздей бастайды. Арада екі-үш күн өткенде жиеніне «Қарағым, бүгін түнде ел түгел ұйқыға кетті-ау деген тұста күреңді мін де, қаш. Қидым саған күреңді» дейді. Атам нағашысының айтқанын істейді. Сол күні ай жарық болса керек. «Таудың асуына кіре бере алдымнан қып-қызыл екі шоқ көрінді» деп марқұм әңгіменің майын тамызушы еді. Әлгі екі шоқ жақындай түседі. Астындағы аты осқырына бастайды. Есіне үлкендер айтып отыратын қасқырдың сырттаны жайлы әңгіме түседі де, тауды қиыстай шаба жөнеледі. Шоқты жанамалап өте бергенде байқадым, тайыншадай дәу қасқыр екен, көлденеңдеп тұра қуды дейді. Атқа қамшыны баса бергенім есімде, қасқыр қуып келе ме, қалып қойды ма білмеймін, таң қылаң бергенде ауылға жете бере есімді жидым, – деп отыратын марқұм.

Омар деген әкеміз болыпты. Күйші Сайдалы Сары Тоқаның аталас туысқаны. Сол кісі жас кезінде құрық-сойылсыз, қамшымен ғана келе жатқан ғой. 30-35 жастағы кезі. Алдынан үлкен қасқыр кезігеді. Адамнан тайсалмай атылған екен.

Омкең оны құлағынан ұстаған күйі аттан құлап түсіпті. Саптамасынан кездігін алайын десе, қолы қасқырдың құлағында қарысып қалған. Қасқырды бар күшімен өзіне қарай тартады. Қара тұмсығы ауызына жақындағанда «қырш» еткізіп тістеп, тұмсық терісін сыпырып өлтірген екен. Бұл жігіттің сырттандығы ғой.

Бекеш есімді әкеміз Қытай жақтан алпысыншы жылдары келген. Қытайда Бекеңнің балуан досы болыпты. Сол досы тауда жүргенде аюмен бетпе-бет кезігіп қалады. Аю тұра ұмтылады да, екеуі алыса кетеді. Қалың киімнен жыртқыштың тырнағы өте қоймапты. Жеңе алмасын білген жігіт өтірік өлген кейіп танытады. Оны өлді деп ойлаған мақұлық аяғынан сүйреп, жарқабаққа жақындайды. Құздың шетіне келгенде ышқына атып тұрып, бар күшімен қосаяқтап теуіп жібереді. Сөйтіп, аюды жардан құлатып, аман қалған екен.

Қазақ сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған халық қой. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген мақалдар бекер айтылмаған. Сайдалы Сүгірәлі руынан Ақтау болысында болыс болған Мінәсіп, Тұтқыш атты ағайынды екеуі шылқыған бай екен. Тұтқыш бабамыздың иманмасылау Тәшім деген баласы болыпты. «Иманмасы» – аңғал, әпенді деген сөз. Ел «Байдың баласы, жақсының тұқымы» деп оның сөзіне мән беріп, аңдып отыратын болса керек. Сол Тәшім жанына ерген жігіттерімен Телғозының Шоңының ауылына келіп, үйіне түседі. Шоңның бой жетіп отырған қызы болса керек. Жақын маңдағы беделді кісілердің барлығы онымен құда болудан дәмелі. Тәшкеңнің сол қыз құралпылас Қанапия есімді ұлы болса керек. Тәшімнің иманмасылығына қарап, менсіне қоймай ма, әйтеуір, мың сылтау айтып, келісім бермей қояды. Шоңкеңнің бәйбішесі Әйімкүл «Қызымыздың жасауы дайын емес» деп маңайлатпай қойыпты. Шоң жағдайы жетіп тұрса да, жалғыз әйел алған адам екен. Тұстастары «Неге тоқал алмайсың?» дегенде «Сатпақ-сатпақ қылып бәлен әйел алғанша, аппақ қылып біреуін алған дұрыс» деп тоқтатады екен. Сол Әйімкүл әдемілігімен қоса, ақылды жан болса керек. Өздеріне ұнамаған адамды жайлап қана шығарып салып отыратын болыпты. Содан жылқыларды отқа қоятын мезгіл болады. Тәшім «Қара айғырдың бас асаулығы бар еді» деп орнынан ұмтылып тұрмақ болады. Шоң «Мынаны қай жерден ұстасам екен» деп сөз аңдып отырса керек. «Тәшке, отырсаңызшы! Менде ат түгілі, аю байлайтын жігітер бар» депті. Не керек, аттар отқа қойылады. Ертеңіне Тәшкең Шоңға «Жігіттеріңді ауылыма жібер. Ерулікке үш жылқы атадым» деп аттанып кетеді. Өз қосына келіп, жігіттеріне «Шоңның жігіттері жылқы алуға келеді. Жылқыны ұстап беруші болмаңдар. Өздері әрекеттенсін. Аттылы адам көрсе безіп кететін қарагер биені, шу асау көк биені, сосын құла биені көрсетіңдер де, жағаласпай тұрыңдар» деп тапсырма беріпті. Келіскендей, екіүш жігіт жылқыларды алуға келеді. Тәшімнің жылқышылары «Мына үш биені алсын деген» деп өздері сырт айналып кетеді. Әлгілер әрібері қуалап, бір биені де ұстай алмапты. Әбден әуреге түскен жігіттер Тәшкеңнің үйіне келіп, «Шоңкеңе үш бие атаған екенсіз. Ешқайсысы ұстатпады. Жігіттеріңіз көмектеспеді» деген ғой. Сонда Тәшкең «Әй, Шоңға айта барыңдар. Аю ұстайтын жігіттерін жібермей ме?» депті. Сонымен, бұл мәселе жабылып қалады.

Келесі көктемде Тәшкең Шоңға тағы келеді. Әйімкүл тағы да әңгімені сиырқұйымшақтатып жібереді. Тәшімнің сөзге шорқақтығын білетін Шоң Тәшкеңе бұрылып «Әңгіме айтыңыз. Не көрдіңіз, не білдіңіз?» дейді ғой. Киік келіп жатқан мезгіл болса керек. Тәшкең «Не көруші едім. Ақтаудан былай қарай киік келген екен. Біреуі қашады, біреуі қуады. Білмеймін, әйтеуір» десе керек. Меймандар аттанып кеткен соң Шоң «Әй, Әйімкүл, бағана Тәшімнің не айтқанын сездің бе?» депті. «Қойшы, сол әпендіңді. Киіктің қашқаны мен қуғанынан басқа не айтты? Соны екі қайталады. Байғұс әңгіме де білмейді. Бізбен құда болғысы келеді сықпытына қарамай» деген ғой әйелі. Сонда «Әй, оның қашқан киігі – біз, қуғаны – өзі. Ақыры, тектінің ұрпағы емес пе?» деп Шоңкең әңгіменің нүктесін қойған екен.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button