Балқантаудың бір биігі
«Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран» деген қағида бар. ХХ ғасырдың ең қанқұйлы шайқасы – Ұлы Отан соғысына қатысып, ұмытылмас ерліктің үлгісін танытқан, бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлер есімін қанша ұлықтасақ та, артық емес. Сондай маңдайы жарқын майдангерлердің бірі – Қу, Егіндібұлақ жерінің тумасы, соғыс және еңбек ардагері Қабыкен ЕЛІКБАЕВ ағай еді.
Қабыкен Елікбаев 1921 жылы туған. 1939 жылы, 19 жасында аудан орталығындағы орта мектепті тәмамдап, Украинаның Харьков қаласындағы әскери медициналық училищеге оқуға түседі. Арнайы оқу орнын 1941 жылдың маусым айында бітіреді де, Батыс Украинаның Ровно қаласындағы 19-танк дивизиясының 37-танк полкіне әскери фельдшер болып жұмысқа орналасады. Мұндағы бейбіт өмір бес-ақ күнге созылады. 22 маусым күні фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, басып кіреді де, Владимир-Волынский маңында аталмыш танк дивизиясы алғашқылардың бірі болып басқыншыларға қарсы тұрады.
Барлық жағынан күші басым жау жасағы Украина аумағына дендеп еніп, көптеген әскери бөлімдерді қоршауға алады. Дивизия тұтастай қоршауда қалады. Қолбасшылықтың шешімі бойынша қоршаудан шағын топтармен сытылып шығу басталады. Арасында Қабыкен бар, бес адамды немістер ұстап алып, концлагерьге апара жатқан тұтқындарға қосып жібереді. Колоннаға сегіз қатардан тұрғызылған тұтқындар сапы бес-алты шақырымға созылды. Олардың ішінде Қабыкенмен бірге оқыған адамдар да ұшырасады. Жаралы, әбден әлсіреген тұтқындар көп, жүруге жарамай қалғандарын атып тастайды.
Мынадай алапаттан аман қалмаспыз деп ойлаған Қабыкен бір елді мекеннен өте берген мезетте тәуекелге бел буып, бір қалтарыстағы ұраға түсіп, жасырынып қалады. Содан қашып, көзге ыстық, көңілге жақын Харьков қаласына жетеді. Бірақ, қаланы немістер басып алған екен. Ол қайта қолға түсіп қалады. Дегенмен, бұл тұтқыннан да қашып шығудың сәті түседі. Содан соң алты ай бойы кескілескен ұрыс, қанды қырғынды көзбен көріп, жан түршігерлік түрлі оқиғаларды бастан кешіре жүріп, ақыры, 1941 жылдың желтоқсанында Белгород қаласы маңында қорғаныс шебінде тұрған Қызыл әскер бөлімдеріне келіп қосылады. Сол бір сындарлы шақта отқа оранған, оқ бораған майдан даласынан аман шыққанын ол өз өміріндегі басты сәттіліктердің бірі санайды. Татар дәмі таусылмаған екен…
Қайтадан қатарға қосылған Қабыкен Елікбаев Сталинград түбіндегі 15-ші атқыштар полкіне жіберіліп, фельдшерлік жұмысқа тағайындалған еді. Одан соң Астрахан қаласында құрылған 245-ші атқыштар дивизиясының 905-ші полкіне ауыстырылады. Сталинградтан бастап Берлинде жеңіс туын тіккенге дейін осы дивизияның құрамында соғысты. Жаудың астанасын алуға тікелей қатысқан 905- ші полкке белсенді іс-қимылдары үшін Берлин атындағы полк деген құрметті атақ берілді.
От пен оқтың ортасында, өмір мен өлімнің арасында жан ұшырған жауынгерлерге көмек көрсетіп, ажал аранынан алып шығу – аса қатерлі жұмыс. Оқ тиіп, бомба түсіп, өзің де жазым болуың ғажап емес. Жауынгер жарасының тауқыметін бір өзі тартса, фельдшер ондаған, жүздеген жаралылардың күйзеліс, қайғысын бастан кешіреді. Кезі келгенде қолына қару алып, соғысқа да араласып отырады. Сөйтіп жүріп Қабыкен ағайдың өзі де үш рет жаралы болды.
Осылайша, Сталинград түбінен қайта басталған жорық жолы Берлинге дейін жалғасады. Еуропаның бірнеше ұлы өзенін кесіп, бірнеше мемлекеттерін көктеп өтіп, Берлинге Жеңіс туын тігу салтанатына қатысады. Атыс-шабыс қимылдары тоқтаған соң да әскер қатарынан босатылмай, соғыс зардаптарын қалпына келтіру жұмыстарына тартылады. Тек, 1949 жылы, туған ауылынан аттанғанына тоғыз жыл дегенде медицина қызметінің аға лейтенанты Қабыкен Елікбаев аман-есен отбасына оралады. Майдангердің кеудесінде жауынгерлік ерлік істерінің айғағындай «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Берлинді алғаны үшін» және тағы басқа медальдар жарқырайды.
Қазақстанның Халық жазушысы, майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Батырлардың ізімен» атты кітабында бірге соғысқан жауынгерлер қатарында офицер Қ.Елікбаевтың да есімі аталады. Онда: «Фельдшер Қабыкен Елікбаев ауыр жаралыларды қоршаудан алып шықты» деп жазады әйгілі «Сен құрметте оны!» өлеңінің авторы.
Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып, туған елімен қауышқан Қ.Елікбаев ауданның денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет етті. Білікті фельдшер жарты Егіндібұлақ өңірінің кіндік әкесі атанды, кейінірек рентгенолог болып істеді. Халық тұрмысының түзелуіне, бұқара денсаулығының нығаюына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға есепсіз еңбек сіңірді. 1981 жылы зейнет демалысына шықты.
Бейбіт өмірде Ұлы Жеңістің, КСРО Қарулы Күштерінің мерейтойлық медальдарымен, «Маршал Жуков» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, көптеген мемлекеттік, салалық Құрмет грамоталарына, басқа да түрлі наградаларға, сый-сияпаттарға ие болды. Ең бастысы – елінің қапысыз құрметіне бөленді. Ауыл азаматтарының әрдайым алғы сапында жүрген, өмірінің ақтық сәтіне дейін елім деп еміреніп, халқының қамын жеп өткен асыл сүйек азамат, абыз ардагер 2000 жылы өмірден озды.
Бүкіл саналы ғұмырында сындарлы сыйластықтың, кішіпейілдік пен кісіліктің жарқын үлгісін паш ете білген майдангердің өмір жолы – өшпестей үлгі-өнеге. Бүгінгі қазақ қауымы осындай абзал адамдарының, ардақ азаматтарының асыл мұраттарына адал бола алса ғана мақсатына жете алады. Тағдыр бізге аталарымыз салған соқпақтың даңғыл жолға бастағанын көруді жазды…
Қарлығаш ИБРАЕВА.