Руханият

Туысқан тілдің түбі – бір

Түркі тілдерінің жіктелуінде қыпшақ тілдер тобының қыпшақ-ноғай тармағында – ноғай, қазақ, қарақалпақ тілдері бар. Олардың фонетикалық құрылысы мен сөйлеудегі айырмашылықтары да бір-бірінен аса алшақ емес. Осы үш ұлт өзара еркін түсінеді. Бірақ, ортақ сөздердегі дыбыстарында кейбір өзгешеліктер бар.

Өзім Қарақалпақ жерінде туып-өскендіктен, қазақ тіліне ең жақын тіл екенін білемін. Салыстырып қараса, әрине қазақ тілі – күрделі әрі сөздік қоры мол. Тілдік мүмкіндіктері жағынан бәсі биік. Мұны тіл білімі саласының мамандары да жоққа шығармаса керек. Енді, қазақ тілі мен қарақалпақ тілінің арасындағы айырмашылыққа тоқталайық.

Мәселен, қазақ тіліндегі «і» жіңішке дауысты дыбысының орнына қарақалпақ тілінде кейде «е» жіңішке дауысты дыбысы қолданылады. Қазақша «келемін» сөзі, қарақалпақша «келемен» болып жазылады. Түсінуге қиын емес, тек жіңішке дауыстылардың орны ауысып тұр.

Ал, қазақ тіліндегі «ы» жуан дауысты дыбысының орнына қарақалпақ тілінде «а» жуан дауысты дыбысы қолданылады. Мысалы, қазақша «барамын» сөзі, қарақалпақша «бараман» деп жазылады. Мұнда да жуан дауыстылар орын ауыстырған.

Бұл дыбыстар басқа сөздерде де тілдің осы заңдылығын сақтайды. Қарақалпақ тіліндегі нұсқасы қазақшадан гөрі дөрекілеу естілуі мүмкін. Бірақ, оларға бұл қалыпты жағдай.

Ал, біздің «і» жіңішке дауысты дыбысы, қарақалпақ тіліндегі кей сөздердің алдыңғы буынында келсе, «и» болып дыбысталады. Мәселен, қазақша «білемін» сөзі, қарақалпақша «билемен» деп жазылады. Ал, «і» дыбысы бірыңғай қолданылатын сөзде «и» дыбысы пайдаланылады. Мысалы, «жіңішке» сөзі, қарақалпақшада «жиңишке». Байқағанымыздай, еркін түсінеміз.

Біздегі шала қазақтардың тілдік норманы бұзып «і»-нің орнына «и» қолдануы қарақалпақ тілінің қалыбына сәйкес келіп тұр.

Байқасақ, мұның өзі қазақ тілі дыбыстарының көпқызметтілігін көрсетеді.

Ал, «ыдыс», «ысырап» – сынды сөздерде «ы» дыбысы тура қазақ тіліндегіше. «Ы»-ның «а»-ға ауысуы көбіне жоғарыда айтқандай сөздің соңғы буынында кездеседі. Бұл да қарақалпақ тілінің табиғатына сай ерекшелігі болса керек.

Негізінде, қазақ алфавиті мен қарақалпақ алфавитінің де көп айырмашылығы жоқ. Бізде – 42, оларда – 41 әріп. Қарақалпақта қазақтың «і» мен «ұ» әріптері жоқ. Есесіне «у» дыбысының басы түртілген екінші «у» нұсқасы бар.

Мәселен, «айыру белгісі» деген сөзіміз, қарақалпақшада «айырыу белгиси», ал, «жіңішкерту белгісі» сөзі – «жиңишкертиу белгиси» түрінде жазылады.

Кейбір қарақалпақ сөздері өзбек тілінің ықпалына түсіп, қазақ тілінен алшақтаған. Мысалы, «жоқ» сөзі өзбек тілінде «иуқ», қарақалпақ тілінде «яқ» түрінде жазылады. Ал, «жоға» сөзі өзбекшеде «иуқей», қарақалпақша «яғау». Ал, «ау» сөзін – қарақалпақтар – «һау» дейді. Енді, «иә» сөзі қарақалпақ тілінде «һауа» болып жазылады. Біздегі «жора-жолдас» сөзіндегі «жора» нұсқасы оларда «дос» мағынасында жеке пайдаланылады.

Тағы бір айта кетерлігі, қарақалпақ тілі қолдануға жеңіл формасымен сатираға өте жақын. Жай сөйлеген сөздерінің құлаққа жұмсақ, әзілдескен сияқты естіледі.

Біздің тілден лексикалық мағына жағынан мүлдем дыбыстық алшақ жатқан сөздер де бар. Мысалы, «әңгіме» – «гүррің», «ән» – «қосық» сынды бөлек дыбысталатын сөздері де бар.

Ал, «тізім» сөзі оларда «дизим» деп, «т»-ның «д»-ға ауысатынын көреміз. Біздегі «мұңды», «маңдай», «түндік», «таңдай» сөздері сөйлеу тілінде «д» дыбысы «л» дыбысына ауысады да, «мұңлы», «маңлай» болып айтыла береді. Қарақалпақ тілінде біздің сөйлеуде қолданатын нұсқамыз «муңлы», «түнлик» түрінде жазылады.

Ал, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті Бектұрсын Қалиевтің айтуынша, «таңлай», «мұңлы» сөздері көбіне оңтүстік аймақта қолданылады.

– Сондай-ақ, осыған ұқсас барлық түркі тілдеріне ортақ сөздер бар. Оны тілі білімі ғылымында – морфонологиялық құбылыс деп атайды. Қарақалпақ тілінде созылыңқы дауысты дыбыстар көбірек. Жіңішке дауыстылардың ерін үндестігі, жіңішке әуезділік жуан дауысты дыбыстардың үндестігінен басымдау. Мұны «абырой» – «әбүйир», «көңіл» – «кеуил» және тағы басқа сөздерден көруге болады. Батыс Қазақстан мен оңтүстік аймақтардағы диалект сөздер қарақалпақ тіліне ұқсас. Қарақалпақстанның 1924 жылға дейін Қазақстан құрамында болғаны елге мәлім. Сондықтан, осындай ұқсастықтардың болуы заңды. Ноғай сынды басқа түркі тектес ұлттарға қарағанда қарақалпақ ағайындар тілі мен жерін, ұлт ретінде тарихын, салт-дәстүрін сақтап қала алды. Латын графикасына негізделген әліпбиі де баяғыда реттеп, жолға қойылған. Қазаққа ең жақын, туыс ел, – деді Бектұрсын Қалиев.

Қарақалпақ тілінде «і» дыбысының болмауы өзбек тілінің әсері екені анық. Басқа да екі тілде қолданылатын жоғарыда келтірген дыбыс айырмашылықтары да өзбек тілінің әсерінен қалыптасқан болуы ықтимал. 2 милиионға тарта Қарақалпақстан халқы осындай кедергісіз түсінуге болатындай ерекшелігі бар, өте ұқсас алфавитті қолданып келеді. Мұның өзі қазақ тілінің аясының кеңдігін аңғартады. Оның үстіне, қарақалпақ елінде 500 мыңға жуық қандасымыз бар. Яғни, қазақ тілінің бай, әрі мүмкіндігі мол байырғы тіл екендігі еш күмән туғызбауы тиіс.

Демек, басқа да түркі халықтарының тілін түсініп, олармен еркін сөйлесе алатынымызды ескерсек, болашақта тіліміздің жетіліп, түркі тілдеріне ортақ дамыған тілдер қатарынан табылатын әлеуеті бар деген сөз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button