ЖаңалықтарРуханият

Сән әлемінің шебері

Құрылыс колледжінде өндірістік тәжірибе жинақтаған мен үшін өндірістің шыңдалған оқыту шеберін табу басты мақсат болды.

Колледждің негізгі басым бағыты болып есептелетін «тігін және шаштараз өнері» саласынан өндірістік оқыту шеберлерінің арасында екі жыл бойы колледжішілік конкурстар өткізіп, тәжірибелі шеберлердің ішінен нағыз өз ісінің білгірін табуға ұмтылдым. Ол барлық әріптестерінен оқ бойы озық шыққан, кәсібінің хас шебері Гүлнәр Жумина болатын.

2016-2017 оқу жылдары Гүлнәр Қабылдақызы үшін кәсіби шеберлігін туған елінің алдында дәлелдеудің алғашқы баспалдағы болды. Осы жылы ұстаздың шәкірті Мақпал Хасенқызы «Сән технологиясы» облыстық Worldskills конкурсынан І орын алды.

2017-2018 оқу жылында Гүлнәр Қабылдақызының шәкірті Жанайым Махсұт өңірлік Worldskills чемпионатында І орын алып, республика деңгейінде тұңғыш рет еліміздің чемпионы атанды. Келесі оқу жылында Жанайым Махсұт өңірлік Worldskills чемпионатында екінші мәрте І орын алып, Ресейдің Қазан қаласында өтетін Worldskills Kazan-2019 әлем чемпионатына мемлекетіміздің атынан баруға жолдама алды. Халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ, шәкірті Шамшырақ Сәдуақас тігін өндірісі саласынан өңірлік Worldskills чемпионатын ұтып ІІ орын иеленді. Қараша айында БАӘ өтуі жоспарланып отырған Abu-dabi EuroSkills-2020 халықаралық чемпионатына және Қытайдың Шанхай қаласында өтетін Worldskills Shanghai-2021 әлем чемпионатына колледжіміздің екінші курс студенті Шамшырақ Сәдуақастың баруы жоспарланып отыр.

Гүлнәр Қабылдақызы 2016 жылдан бастап облыс, республика бойынша ерекше мадақтауларға ие болды. Осы орайда «Шаштараз өнері» мамандығы бойынша колледж студенттері облыстық «Worldskills» конкурсында 2016-2020 оқу жылдары аралығында жүйелі түрде екінші орын алып келе жатқанын атап өткім келеді. Сондықтан, республикалық жарыстарды бірнеше дүркін чемпион атанған студенттердің ұстазы Гүлнәр Қабылдақызының еңбегі ерекше. Ол республика бойынша «Сән технологиясы» саласында ең үздік өндірістік оқыту шебері болып танылған тұлға.

Сондай-ақ, биылғы оқу жылында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Гүлнәр Жуминаны «Үздік өндірістік оқыту шебері» номинациясы бойынша марапаттағаны да біз үшін үлкен мақтаныш.

Жұмағали МАҒЗИЕВ,

Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры.

Басқа материалдар

Back to top button