Руханият

Ғұмырлық ғибрат

Ғұлама Абай: «…ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – деп қағидалы қара сөзінде дестелегеніндей, ғасырға жуық «соқтықпалы, соқпақсыз» өмір жолында адам деген ардақты атқа қылау түсірмеген, кейінгі буынға тағлымы терең, өнегесі ерен алдыңғы буын ағаларымыздың бірі, Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, кітап авторы Боранбай Исатайұлы Жұмкин да ғұмырнамалық туындысында тұрмыс-тірліктің тараулы жолдарына көз жіберіп, көргенін көркемдеп, білгенін бедерлеп, танымын толғап, ақыл-көрігінде қорытқан екен.

«Елін танығың келсе – ерін көр, ерін танығың келсе – жерін көр» – дегендей, қазақтың қасиетті мекені, табиғаттың тұмса төрі, еліне бақ қонған, жеріне құт қонған, Арқаның ажары Ақсу-Аюлы баурайындағы елді мекен – Шет ауданы аймағында дүниеге келіп, еңбек еткен ақылы дария, асыл қария Боранбай Исатайұлы Жұмкиннің өнегелі өмір жолы, азаматтық тұлғасы жайында ақ қағазға хат боп түскен естелік кітаптан «өткеніңе есеп бер, бар шындықты содан табасың» – деген ой түйінін бағамдайсың.

Әр адам өмірінің өзінше өрнегі болады. Қуанышы мен реніші қатар жүретін қарамақайшылықты өмір айдынында ескегіңді қалай есу керектігіне бағыт беріп, үлгі болған жаны таза жандармен сыйласып, сырласып жүрген күндер ғұмырыңның ғибратты сыйы. Менің де өмір белесімде құрметті орны бар алдыңғы буын ағалардың бірі, інілік ізетпен аса қадірлейтін ардагер ағамыз Боранбай Исатайұлының қолжазбасымен танысқаннан кейін тау тұлғалы ағаның ғұмырдариясынан көп сыр ұққандаймын.

Кітап, тек өмірбаяндық мазмұнымен ғана емес, сондай-ақ ерекше құрылымымен, материалды ұсыну формасымен ерекшеленеді. Бұл ғұмырнамалық туындыдан кітап авторы, әрі бас кейіпкердің өмірдегі қызметінің тұтас картинасын көруге болады. Кітаптың негізіне әулет шежіресінен бастап, Шет өңірінің тарихы, жеке тарауларда сипатталған тұлғалар портреті, тәуелсіз Қазақстан туралы мақала очерктер, отбасылық, жақын адамдар туралы естеліктер еніп, мазмұнын байыта түскен.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп саралағанындай, еңбек өнімділігімен республикаға танылған Шет өңірінің өркендеу жолы, еңбеккер халқы, танымал тұлғалары туралы жазылған кітаптан автордың туған жерге деген патриоттық тұлғасын, азаматтық парасатын танисың.

Шығыс халқында «Әкеңді тірілткің келсе – естелік айт» деген даналық бар. Бұл кітапта көзден кетсе де, көңілден кетпеген, автордың еселі еңбек жолына шамшырақ болған, ел ырысына еңбек еткен ел ағаларының жарқын бейнесі жаңғырып, өткенге тағзым етілген. Бір сөзбен айтқанда, бұл жинақ аға буын өкілдерінің өмірбаяны өрнектелген энциклопедия іспетті деректі дүние дер едім.

Бұл естелік жинақта автор кезінде облыс басшылары болған Жұмабеков, Н.Ибраев, С.Аменов, Д.Мұхамбетғалиев, Т. Айтбаев, ауданның бірінші басшылары: К.Дүйсембеков, М.Абақанов, Қ.Медиев, С.Медеубаев, К.Сарханов, Р.Оразханов, Р.Әбдікеров, Қ.Тілеубергенов, М.Жандәулетов, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастықтары: Е.Сембин, М.Әдекенов жә­не өзімен қатарлас қызмет атқарған: А.Түсіпханов, Б.Төлеуқұлов, Р.Мақсұтов, Ж.Сүлейменовтерді; аудан кеңшарлары мен мекеме басшылары: Т.Искаков, Ә.Шәйкенов, И.Морозов, Т.Шәкішев, Н.Скорик, Ш.Қасымов, М.Сатыбалдин, М.Садуакасов, Б.Хамзин, Б.Доскеев, Б.Қапасов, А.Әбеуов, Х.Сәрсембеков, Т.Әбеуов, Т.Бөлкенбаев, Ә.Бәкіров, Ә.Смағұлов, А.Қасымов, Қ.Мусин, А.Құлшықов, М.Шәйке, З.Сүйіндіков туралы тұщымды ой-пікір жазып, өмір жолының өнеге мектебі – аға буынның, замандастарының портреттерін сипаттап, болмысын баяндап, адами тұлғасын танытқан.

Ат жалын тартып мінген жастан қарапайым жұмысшыдан ауданның түрлі шаруашылықтарында маман, шаруашылық басшысы болып, жауапты қызметтер атқарған Боранбай Исатайұлы, әсіресе, еңбек жолында тәлім-тағлымы зор Хамзе Жұмабеков, Кәмали Дүйсембеков, Қасымбек Медиевтей жақсы-жайсаң ел ағаларының көрегендігін, қызметте тазалығын ерекше ризалық мейіріммен еске алады. Ақсу-Аюлының абызы, барлық саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, 100 жасаған Шәукей Жұқанұлы жайында жазылған естелігінен ұлағатты ұстазына деген шәкірт құрметін көреміз.

Жасынан еңбектің дәмін сезіп, дәнін еккен ардақты азамат туған жері мен өскен елінің қадірқасиетін танып, халыққа қызмет етуге жастық жігерін, фундаментальді білімін, еңбек үлесін, іскерлік білігін арнап, бұл күнде ел ағасы атанған Борекең туралы ой түйген достары мен замандастарының пікірлері бас кейіпкердің болмысын аша түскендей. Табиғатынан байсалды мінез, адамдарға деген қамқор ниет пен ақжарқын көңілі, адамгершілік, қарапайымдылық қасиеттерімен халқының ықыласына бөленіп, алғысына ие болған жанның келбетін көресің. Бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы, ағайын-туыс, дос-жаранның қадірлісі, ордалы отбасының тірегі мен берекесі болған абзал жанды танисың.

Өмірдің мұхитында жүзіп, толқынына төтеп беріп, қоғамның өзгерісі, заманның төңкерісі, дәуірдің дүбірі, қос формацияның ағымын ақыл-парасатымен екшеп, елдің бетінде, желдің өтінде шыңдалып өскен, өткен ғасырдың куәгері, бүгінгі тәуелсіз елдің ардақты ардагері Боранбай Исатайұлының өмір-өзені, еңбек ізінен ғұмырлық ғибрат аласың.

«Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады. Өз ісіңнің білгірі, һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек. Қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да – игілігін көріп, рахатына бөленуді мақсат тұтқан жөн», – деген екен Әл-Фараби. Боранбай Исатайұлы сан жылдар шаруашылық саласын салиқалылықпен басқарған, Шет ауданының көркеюіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына қажыр-қайратын жұмсаған, ұрпақ таныған еңбеккер, ілкімді іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, ұстамды мінезімен әріптестері мен қарамағындағы мамандар, еңбек адамдарымен тіл табысып, сыйласып еңбек еткен ел ағасы. Өмір сынақтарына қарамастан, сабырлылығын сақтап, қиындықтарды жеңіп, мақсатына ұмтыла білген Боранбай аға әріптестері мен замандастары, достары арасында жоғары құрметті иеленген жан. Бүгінгі жаңарған қоғамда бабалар аманатына адал болып, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ұмытпай, тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға атсалысып, қоғамдық сананы жаңғырту жолында халқымыздың асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды жалғастырып жүрген абыз ақсақал.

«Әр адамның туып-өскен елі, жасынан жаттап өскен ғадеті, танымы, тұрмыс қалпы – сол адамның ақыл, мінезіне із қалдырмай тұрмайды. Бұл қалдырған із көңілге кіріп, ерікті билеп, әр адамға өзінің елін сүйгізіп, елдігін іздетеді», – дейді Мұхтар Әуезов.

Өмір көшінде ізгілік ізін салып, ұлы мұраттар жолындағы биік белестерде жарық жұлдыздай жан-жағына жан шуағын жарқыратып жүрген, Аюлыдан қанаттанып, Ақсудан қуат алған, мерейлі 80 жасты еңсерсе де, ел үшін туып, ел үшін қажетті іс тындырып жүрген осындай ағалармен мақтануға да, мақтауға да әбден лайық деп білемін. Өйткені туған жердің қадір-қасиетін тереңінен ұғып, маңдай терін төгіп, еселі еңбек еткен азаматтардың қайссы болса да, елдің қошеметіне лайық.

«Адамға көп жасау ғана мұрат емес, оның үстіне, көп білу, кейінгіге көп еңбек қалдыру мұрат», «Ажалдыдан – дат, Ауқаттыдан – ат, Ақылдыдан хат қалады. Дат өшеді, Ат өледі, Тек хат қана ұзақ өмір сүреді», – деген пайымды ойлардың астарына үңілсек, тәрбиенің мәні – аға ұрпақтың өз тәжірибесін, өз құштарлығын, өз сенімін жас буынға жеткізу екендігін көреміз. Осыны мақсат еткен Боранбай ағамыздың бұл кітабы бүгінгі, кейінгі ұрпаққа қажет құндылық болса керек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінде әр қазақстандық өз-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол» – дейді. Ел дамуына орасан үлес қосқан, әлі де тұғырынан түспей, абыздық ақыл-кеңесімен ел келешегіне кемел жол нұсқаған ардақты ардагер Боранбай Исатайұлының бұл кітабы Елбасы пікіріндегі сауалдың айқын айғағы.

Өмір жолында да, қызметте де адалдықтың жарқын үгісін жасаған айтулы тұлға парасатты өмірі жайлы сыр шерткен «ӨМІРІМ МЕН ТАҒДЫРЫМНЫҢ ШЫНДЫҒЫ» атты ғибратты кітап әлі талай ұрпақтың тәрбиесіне қызмет етері сөзсіз.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

заң ғылымдарының докторы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button