Тұлға

Бітімгер

Ұлы халықтың ұрпағы Ұлттың ұлы мұраты – Мәңгілік елді орнатты. Орнатып қана қойған жоқ, бүкіл әлемді мойындатты. Қазақстан төрт құбыласы түгел, аяғынан нық тұрған, төрткүл дүниенің төрт бұрышын өзіне қаратқан ел атанды. Еларалық қақтығыстардың өзі елін әлем картасынан ойып тұрып алар орны бар қуатты, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын мемлекетке айналдыра алған Елбасы арқылы шешілетін болды. Олай демеске ше? Таулы Қарабақтағы қақтығыстың тоқтатылуы, Орталық Азияда қарулы топтар басшыларымен келіссөз үстеліне отырып, мәселені диалог жолымен реттеуі, екіге бөлінген қырғыз елін қанға бөктірмей, аман алып қалуы, Ресей мен Түркия тәрізді қос өркениеттің қақтығысын тоқтатуы… Ал, миллиондаған жанның өмірін сақтап қалған «Астана процесі» ше? Бұлардың барлығы қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫ күллі жаһанға бітімгер ретінде танытып, беделін асқақтатты. Бітімгершілік бұл күні Қазақстан көшбасшысының есімімен біте қайнасып кеткен. 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық бітімгер ретінде алғаш танылуы – Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ шиеленісі кезінде танылды. Қақтығыс салдарынан екі жақтағы босқындар саны миллионнан асып жығылды. 1988-1994 жылдары 30 мыңнан астам адам қаза тапты.

Әуел бастан бейбітшілікті көздеген Елбасының бұл жағдайда қол қусырып қарап отыра алмайтыны сөзсіз еді. 1991 жылы Борис Ельцинмен бірге КСРО президенті Михайл Горбачевтың атына Үндеу жолдады. Сол кездегі аузын айға білеген Ресей басшысының Нұрсұлтан Әбішұлының қақтығысты бейбіт жолмен шешу туралы дәлелдеріне құлақ аспасқа лажы да жоқ еді. Бұған дейін 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған толқынысты реттегеніне куә болған қазақстандық әріптесінің айтқандарына еріксіз құлақ асты. Тіпті, екеуі бірге Степанакертке бірге баруды шешкенде Таулы Қарабақтың астанасы оларды «Сіздердің Таулы қарабаққа келулеріңіз бізге сенім ұялатады!» деген сөздермен қуана қарсы алған еді. Демек, осы кездің өзінде оның бітімгерлік қасиеті там-тұмдап болса да өзгелерге белгілі бола бастаған еді.

Бірқатар кездесулерден кейін Нұрсұлтан Назарбаев қақтығысты күшпен басуға болмайтынын түйсініп, әскерді қарусыздандыру мен биліктің конституциялық органдарын қайта қалпына келтіруді ұсынды. Сол кезде мұндай формуланы алғаш ұсынған Елбасы еді. Ақыры, 1994 жылы Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісім бекітілді.

Елбасының бітімгерлігі Түркия өзінің әуе кеңістігін бұзған Ресейдің Сириядағы авияциялық тобына кіретін СУ-24 әскери ұшағын зымыранмен атып түсіргенде ерекше байқалды. «Түркі елдерінің ақсақалы» атануы да осы кез.

Қос елдің арасындағы орын алған жайт салдарынан соғыс қаупі туғанда Түрік елінің қарапайым халқының өзі «Бұл істі бейбіт жолмен шешу қазақ елінің Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлының ғана қолынан келеді» деп, елшіліктің табалдырығын тоздырғанын айтады, сол кездегі Түркиядағы Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаев.

Екі өркениет арасындағы қақтығыстың біздің еліміз үшін де тигізер зияны шаш етектен еді. Бірнеше ай қатарынан Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен және Ресей Президенті Владимир Путинмен жиі сөйлесіп, татуласуға шақырған еңбек жемісін берді. Ал, 2016 жылы Санкт-Петербургте, кейін Ташкенттегі ШЫҰ саммиті кезіндегі Елбасының шешуші қадамдары екі елдің арасындағы сірескен сеңді бұзды.

Режеп Тайып Ердоғанның Владимир Путинге татуласуға шақырып жазған хаты да тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесімен жазылды. Уақыт та тығыз. Хат Ташкентке жетіп үлгермесе, бұған дейінгі еңбектің далаға кеткені. Түрік ұшағы да Өзбекстанға қонуға рұқсат алмаған. Қонатын жер таппай, көк аспанда қалықтап бір сағат тұрып қалған ұшақтың жанар-жағармайы таусылуға айналды. Енді қайтпек дегенде Елбасы оның да орайын тапты. Ақыры, ұшақ Ташкентке қонды. Ресей мен Түркия өкілдерін жалғыз қалдырып, сөйлесуге мол мүмкіндік жасаған Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да өзінің іскерлігін танытты. Қазақтың Тұңғыш Президентінің кеңесімен Ердоғанның Путинге жазған хатының алғашқы сөзі «Қымбатты дос!» болды. Ал, түркиялық газеттер «Түркі әлемінің ақсақалы іске кірісті де, Ресеймен қарымқатынастағы мұзды ерітті» деп жазса, бұдан кейін де В.Путин Н.Назарбаевқа әлденеше рет ризашылығын білдірді. Елбасының бітімгерлік саясатының арқасында Орталық Азия бұл күні қақтығыстан арылған, бейбіт мекенге айналғанын да айту керек. Азуын айға білеген халықаралық сарапшылардың өздері дәл осы жерді үлкен соғыс ошағына айналады деп болжам жасағанда, қарулы топтар командирлерімен келіссөз үстеліне отырып, мәселені диалог жолымен реттеуге шақырды. Нәтижесі сол, 1997 жылы жеті жылға созылған азаматтық соғыс түбегейлі аяқталды. Нұрсұлтан Әбішұлының бейбітшілік жолындағы нық қадамы тағы да үстем болды. Тараптар Мәскеуде Бейбітшілік пен ұлттық келісім орнату туралы келісімге қол қойды. Бітімгерлік жайлы айтқанда, Елбасының 2010 жылы Қырғыз еліндегі жанжалды тоқтатқанын да айтпасқа болмайды. Екі алып империя – АҚШ пен Ресей басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік тәжірибесіне сүйеніп, ушығып тұрған жағдайды реттеуге қолқа салды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан Президенті кәсіби қалыбынан тайған жоқ. Оның келіссөзді асқан шеберлікпен жүргізуі қырғыз елін қантөгістен аман алып шықты.

Одан бөлек, 2014 жылы Минскіде Германия, Ресей, Украина, Франция тәрізді елдердің жоғары лауазымды өкілдерімен Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу бойынша жүргізілген келіссөздері нәтижесінде «Минск форматының архитекторы» атала бастады.

Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің бітімгерлігі жайлы айтып тауысу мүмкін емес. БҰҰ қолдауымен «Женева процесінің» өзі төтеп бере алмаған халықаралық терроризм мәселесі Қазақстанның бас қаласында шешімін тапқаны тағы бар. «Астана процесі» атанған басқосуда Сирияның ресми билігі мен қарулы оппозициясы өкілдері келіссөз үстеліне отырды. ДАИШ террористерінің негізгі күшінің талқандалуы да осыдан кейін.

Бар күш-жігерін ымыра мен бірлікке шақыруға, татулық пен бейбішілік орнатуға үндеген Елбасының аты тарихта «Әлемді өзгерткен ұлы тұлға» ретінде қалатыны сөзсіз. Оған қазақ елі ғана емес, қанды қақтығыстардан аман қалған өзге мемлекеттердің де ризалығы көл-көсір. Әлбетте, оңай болмағаны анық. Күрделі де қиын істің күрмеуін шешіп, адамзат басына төнген қара бұлтты сейілтуде қандай күш-жігер жұмсалғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Елбасының арқасында бітімгершілік қазақ елінің брендіне айналуы да осыдан!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button