Тұлға

Өмірдің өзі шыңдаған

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ өнегелі өмір жолы көптеген кітаптар мен түрлі еңбектерге арқау болған. Ірі ғалымдар мен қабырғалы қаламгерлер сол туындылар арқылы тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуындағы «Назарбаев феноменін» ашып, халық санасына жеткізуге тырысты.

Сол кезеңде орталық және өңірлік баспасөзде менің Нұрсұлтан Әбішұлына арналған бірнеше мақалам жарияланды. Өйткені, бала кезімнен Назарбаевтардың өнегелі әрі берекелі отбасын жақсы білемін. Жас шағымда, Тұңғыш Президентіміздің серіктесі, Қарағанды қаласы мен облыстың алғашқы құрылысшыларының бірі, әкем Павел Алексеевич Рогалев, мені жаңадан салынып жатқан Теміртау қаласы мен от пен металл бүркіп тұратын үлкен Карметкомбинаттың жұмысын тамашалауға бірнеше рет алып барған-ды. Сонда еліміздің ірі металлургиялық комбинатындағы партия комитетінің жас әрі жігерлі хатшысының өз жұмысына жан-тәнімен берілгендігін бала түйсігіммен сезіндім. Кейін мен комсомол қатарында, оқытушылық жұмыста, Жоғарғы Кеңес депутаты, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы болған кезде де, Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі мен қызметіндегі адалдығымен өз іс-әрекеттерімді салыстырып, сабақ алуды жалғастыра бердім.

ЖАЛЫН ҚУАТЫ

Нұрсұлтан Назарбаевтың қанатының астында шәкірті бола жүріп, өмірден өз жолымды тауып берген тағдырыма ризамын. Әрине, Елбасымен жүздесіп, сөйлескен кездерімді, барлық ыстық естеліктерді қаз-қалпында жеткізу қиын. Алайда, бір сәт өткен өмір беттерін парақтағанда, есте қалған ең сәулелі сәттерді бөліскім келетіні рас.

Бала кезімде алғаш рет әкеммен бірге Қарағанды металлургия комбинатына бардым. Жадыма бекем орныққан дәл осы шағын саяхат әлі күнге көз алдымда тұр.

Алып камбинаттың күш-қуаты қалай таң қалдырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бенгаль отындай шойынмен шарпысып, жалыны ұшқындаған, отпен дем алатын алып зауыттың үлкен домналары мені, отты металмен арпалысып, оны пайдалы бұйымдарға айналдыратын шеберлердің қандай батыл әрі еңбексүйгіш болуы керектігі жайлы ойлауға мәжбүр етті.

Мүмкін, «Весна на Заречной улице» фильмін сүйіп тамашалауым да сондықтан болар. Осы шынайы достық, шеберлік және үлкен махаббат туралы қарапайым оқиға бірнеше жыл бойы менің жүрегімді жігерлендіріп, осы кинолентаның кейіпкерлерінен ең асыл қасиеттерді табуға жетеледі. Ал, «Қашан көктем келетінін сезбеймін, қар-жауынның толастауын көздеймін…» деп басталатын тамаша әннің барлық шумақтарын жаттап алып, достарыммен бірге өткізген сырлы кештерде үнемі шырқап жүрдім.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сияқты, еңбек жолын аузынан от бүріккен алып зауыттың жалынында жұмысшы-металлург болып шыңдалудан бастаған бірде-бір Мемлекет басшысын байқамаппын. Менің ойымша, қарапайым адамдардың өмірін терең біліп, барлық қазақстандықтардың хал-ахуалын жақсартуға деген ықыласы мен іскерлігі Нұрсұлтан Әбішұлын елден ерекшелеп, оны қазіргі заманның әлемдік қайраткерлері қатарына қосады.

Өмірі мен қызметі туралы бірегей фотосуреттер мен құжаттар жинақталған Теміртаудағы Тұңғыш Президент мұражайында болып, алғашқы жұмыс жылдарына арналған стендті ерекше сезіммен қарап шықтым. Сол дәуірдегі ақ-қара түсті фотосуреттерде өз ісінің нағыз шеберінің, есімі үлкен әріптермен жазылатын білікті маманның қалыптасу жолы анық байқалады. Сол сәтте санамда оның қатысуымен болған бір эпизод жаңғырып қоя берді.

1998 жылғы қарашаның соңында Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымын атқарып жүрген кезім. Басшылық мені Мемлекет басшысының жұмыс сапарын дайындауға Павлодар облысына жіберді. Бұл сапардың мәні мен маңызы ерекше болды. Өйткені, сол кезде Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді және ол еліміздің барлық облыстарында сайлаушылармен кездесті.

Осы іссапар бағдарламасына жақында арнайы ферроқорытпа шығаратын жаңа балқыту пеші салынған облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі Ақсу ферроқорытпа зауыты қосылды. Еңбек ұжымымен кездесу және Президенттің қатысуымен алғашқы балқыту жұмысы жоспарланған еді. Содан кейін, пеш белгіленген жүйе бойынша пайда тауып, жобалық қуатқа шығу керек болатын. Зауыт үшін және бүкіл республика үшін бұл шын мәнінде маңызды оқиға болды.

Пеш іске қосылардан бірнеше күн бұрын Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Болат Святовпен бірге жұмыс бағытын тағы да тексеріп, жұмысшылармен әңгімелесіп, металл шығаруға жауаптыларды анықтадық.

Президент келгенде бәріміз қатты қобалжығанымыз рас. Оның үстіне, Нұрсұлтан Әбішұлы пешті іске қосуға өзі қатысып, жұмысшы-металлургтермен және осы бірегей нысанның құрылысына қатысқан адамдармен кездеседі. Сондықтан да, бұл іс-шараны облыс тұрғындарымен қатар, бүкіл ел тұрғындары назарына ұсыну үшін күндіз-түні дайындық жүргізілді.

Күз айы болғанымен, күн қатты салқын еді. Үскірік аяз бен қара суық. Металл баспалдақтары суықтан сықырлап тұр. Бірақ, цехтағы пеш жұмысын өз көздерімен көріп, мемлекет басшысымен тілдесуге жиналған қалың жұртшылықтың көңіл-күйін суық та, жел де бұза алмаған.

Пештің биіктігі 5 қабатты үйдей еді. Ал, металл шығару орнына жету үшін темір баспалдақтармен қажетті биіктікке көтерілу керек. Нұрсұлтан Әбішұлы көліктен шығып, жеңіл баспалдақпен көтеріліп, дайындалған арнайы киімді киді. Сол сәтте Президентке осы іс-әрекетті жүзеге асыруға көмектесуі, ал, Президент металдың алғашқы шығарылымын бақылауы үшін, оны қалай жағатынын түсіндіруі тиіс металлург қобалжып қалды.

Оның ыңғайсызданғанын көрген Нұрсұлтан Әбішұлы:

– Алаңдама. Домна пешімен бірінші рет бетпе-бет келіп тұрған жоқпын. Қолдан келеді! – деді.

Мен алғаш рет көрген тарихи іс-әрекет осылай басталды және оны ешқашан ұмытпаймын. Президенттің көзқарасы бірден нақтылана түсті. Жиылған көпшілік өз ісінің нағыз шеберінің нақты және кәсіби әрекеттерін көрді. Ол арнайы киімді киіп, қалың, үш метрлік темір электродты қолға алып, пешке жақындады. Бір қимылмен-ақ, электродтың ұшын леткаға дәл кіргізді! Жарқ ете қалған жалын ұшқыны оның тұлғасын сәулелендіре түсті. Ол сол сәтте, аузынан от шашқан аждаһамен айбарлана айқасып, оның қабырғасын қақыратқан ежелгі түркі баһадүрлеріне ұқсап кетті. Ал, пештен металдың алғашқы ағыны құйылып түсіп жатты.

Айнала жұмысшылардың қатты қол соғуынан жаңғырып, пештің қуатты гуілін де басып кетті. Жұртшылықтың жүрегін нағыз шеберлігін дәлелдеген өз Президенті үшін керемет қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеді. Осыдан кейін Елбасы цехқа түсіп, жұмысшылармен ұзақ әңгімелесіп, жанқиярлық еңбегі үшін шексіз алғысын жеткізді. Қазақстанның индустриялық болашағының орасан зор жоспарларына тоқталып, көппен бірге зауытта жиі орындалатын халық әндерін шырқады. Бұл кездесу көптеген адамдарға рух сыйлап, адал еңбек пен шынайы өмірге нағыз жолдама болды.

Зауыт жұмысшыларымен кездесу үстінде Еуразиялық өнеркәсіп тобының жетекшісі Александр Машкевич өнеркәсіп кешенінің даму перспективалары туралы баяндай бастағанда, Президент оны тоқтатып:

– Александр Антонович, құрылысы аяқталған алюминий өндірісі нысандары мен жоспарланған алаңдарды көрсете аласыз ба? – деді.

– Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы, барлық ғимараттар дайын, біразы жұмыс істеп тұр, Қазір-ақ баруға болады, – деп жауап берді ол.

Мен бірден «біткен жерім осы» деп ойладым. Өйткені, келісілген бағдарламада Ақсу МАЭС және ферроқорытпа зауытына бару ғана жоспарланып, алюминий өндірісі туралы мүлдем сөз болмаған. Бірақ, тез әрекет ету керек болғандықтан, мен сайлауалды штаб басшысы Оралбай Әбдікәрімовтен Павлодар өндірістік аймағына баруға және нысанды Президенттің көруіне дайындауды бастауға рұқсат беруін сұрадым.

«Рұқсат» алған соң, Президенттің күзет қызметі басшысының орынбасары Амантай Күренбековпен бірге жедел түрде тексерілуі тиіс объектілерге бардық. Бәрін тез және хаттамалық талаптарға сәйкес даярлап, дайын екенімізді баяндадық. Ертеңіне таңертең мемлекет басшысы сол кәсіпорындардың өндірісі және даму келешегімен танысып, цех жұмысшылармен кездесті.

Бүгін, осындай қиын, бірақ, қызықты күндерді еске ала отырып, «шамасы, Қазақстан экономикасы үшін өліара кезеңнің өзінде Президент отандық өнеркәсіптің үдемелі дамуы, жаңа әрі жоғары технологиялық зауыттар мен өндірістік кешендердің құрылысы басталар сәттің туғанын сезген екен ғой» деп ойлаймын.

АСТАНА ЖАРЫҒЫ

Парламент мәжілісінде Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге арнап өткізген дөңгелек үстелге осы бағыттағы біздің алға жылжуымызды талқылау үшін ТМД елдерінің Парламент мүшелері де келді.

Көптеген сөз сөйлеушілер тарапынан берілген түрлі бағалар мен үдерістерді талдау жұмыстарымен қатар, қонағымыз Тәжікстан Парламенті депутатының қарапайым әрі әсерлі сөздері есте қалды. «Мен Елордаға алғаш табан тіредім. Көптеген жақсы пікірлер айтылуда. Бірақ, «жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, міне, өз көзіммен көрдім. Астана – қуатты ғарыш кемесіне ұқсайды әрі Еуразия халықтарының бірігу орталығы болды», – деді ол.

Басқа қатысушыларды тыңдай отырып, мен үнемі Президенттің Астананы көшіру туралы ұсынысы қиын уақыттағы көрегендікпен ойластырылған іс екендігін ойлай бердім.

Әлі есімде, 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес отырысында 177 депутат Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешім қабылдадық.

Таңертең біздің делегация Санкт-Петербургтен ұшып келіп, депутаттар ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырысына қатысты. Заттарды қонақ үйде қалдырып, жылдам таңғы ас іштік те, бірден пленарлық отырыс өтетін залға келдік.

Мемлекет басшысы таңғы сағат 10:00-де келді. Асығыс мінбеге шығып: «Сіздердің қарауларыңызда Республика өмірі үшін, әсіресе, ел болашағы үшін аса маңызды, ел Астанасын көшіру туралы мәселе тұр. Ол ұзақ уақыт бойы мида піскен дүние және әр тараптан қызығушылық танытылып, жұртшылық тарапынан талқылануда. Жалпы алғанда, қолдау табады деп ойлаймын. Жаңа Астана туралы туындауы ықтимал сұрақтарға бірден жауап берер болсам, менің тапсырмаммен мемлекеттің жаңа Астанасының оңтайлы орналасар жерін анықтау мақсатында республиканың барлық аумағы мұқият зерттелді. 32 параметр бойынша жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ең жақсысы Ақмола қаласы екенін көрсетті» – деді Президент.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Әбішұлы депутаттарға: «Егер, қандай да бір қарапайым тұрмыстық қолайлылық туралы емес, мемлекеттің жаһандық мүддесі туралы ойласақ, онда, Астананы көшіру – бұл аса маңызды және объективті қажеттілік және өте өзекті саяси-экономикалық қадам», – деді.

Президенттің мынадай батыл сөздері мен күмәнсіз дәлелдері ешкімді бей-жай қалдырмады. Тәуекелден туған тарихи шешімнің арқасында қазір бұл күнді «Астана күні» ретінде атап өтудеміз.

Ал, үш жылдан кейін, 1997 жылдың қараша айында Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері жаңа Астанаға көшті. Көшуден бір күн бұрын бізді Мемлекет басшысы өзіне шақырды. Сол кезде аппараттан алғашқы 48 адам жолға шығуға қамданды. Нұрсұлтан Әбішұлы әрқайсымызға жылы сөздерін арнап, бата берді. «Сіздер жаңа Астанаға алғаш барасыздар, онда үлкен жұмыс күтіп тұр. Бұл әсіресе, аймақтармен, министрліктермен және ведомстволармен өзара байланыс орнататын мемлекеттік инспекторларға қатысты. Барлық жұмыс орындары дайын. Бірден жұмысқа кірісуді тапсырамын» – деп тебіренді Елбасы.

Кездесу барысында Президентке біз туралы мәліметтер жазылған құжаттар жиынтығы әкелінді. «Бұл маған не үшін керек, мен оларды жақсы білемін. Барлығы көз алдымда өсті, мен оларға сенемін. Біз бірге жолға шығамыз. Жаңа Астанамыздың іргесін жұмыла көтереміз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ақмолаға келген соң, біз Президентке жаңа Астананың символдық кілтін беруге қатыстық.

Қызу жұмыс күндері басталды. Көшу, жаңа орында қызмет атқару біздің ұжымды одан әрі топтастыра түсті. Алғашқы жылдары жатақханаларда тұрдық. Шын мәнінде, біз онда ұйықтауға ғана келетінбіз. Өйткені, Елбасы алғашқы күннен бастап, Президент әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің бөлімшелеріне, Ақмолаға көшірілген және көшуге дайын барлық министрліктер мен ведомстволарға қойған жұмыс талабы, біздің күндіз-түні еңбек етуімізге рух сыйлады.

Сондай қиын күндерде Нұрсұлтан Әбішұлы жауапты қызметкерлермен бейресми қарым-қатынас жасауға да уақыт табатын-ды. Аппаратта дәстүрлі шағын шығармашылық кештер болатын. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында да сондай әдемі кеш өткіздік. Осы кездесулердегі адамгершілік асыл қасиеттер бізге үнемі көтеріңкі көңі-күй сыйлайтын еді.

Жігіттер жағы концерттік бағдарлама жазып, жұмыстан кейін ұзақ дайындаламыз. Сценарий, костюмдер, нөмірлер қайта-қайта қаралып, пысықталады.

Нұрсұлтан Әбішұлы шара басында үнемі жылы сөздерімен құттықтайды, әзілдеседі, қыздарымызға қуаныш сыйлайды. Содан кейін:

– Арамызда кім ең батыл? Қыздарымызға құттықтау сөздерін немесе әдемі өлеңдерін оқығысы келетіндер бар ма? – деп сұрайды.

Оның сөзіне жауап ретінде залда алдын ала дайындалған музыкалық аспаптар пайда болады да, өзіміз дайындаған ән, өлең, көңілді әңгімелерімізбен мерекелік концерт береміз. Осындай кездесулердің мейірімге толы жылы атмосферасы барлығымызға тынымсыз жұмыста үнемі қолдау болды.

Мен осы жылдар бойы салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі көңілді жүретін, еңбексүйгіш Нұрсұлтан Әбішұлының өнегелі өмірінен үлгі алуды, үйренуді тоқтатпадым.

Арада екі онжылдық өтті, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы көз алдымызда жайқала өсті. Жарқын болашаққа ұмтылған жас Астананың бас сәулетшісі – Тұңғыш Президентіміздің ерекше идеялары мен бірегей ойлары өз деңгейінде жүзеге асты.

80 жылдық мерейтойы, «Астана күні» қарсаңында, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мықты денсаулық, ұзақ өмір және Қазақстан халқының игілігі үшін жемісті еңбек тілеймін!

Виктор РОГАЛЕВ,

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы жауапты хатшысының орынбасары,

Қазақстан Республикасы Парламентінің уәкілетті өкілі.

Басқа материалдар

Back to top button