Біздің сұхбатКоронавирусСұхбат

Фарида МАКЕЕВА: «Дәріні үйіп-төгіп алудың қажеті жоқ»

Дәріханаларда дәрі тапшы. Қарапайым парацетамолдың өзі қат болып кеткен. Табыла қалған күннің өзінде – бағасы бас бермейді. Бірақ, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жақын арада стационарлар өз алдына, елдегі дәріханалар қажетті дәрілермен қамтамасыз етіледі деп уәдесін берді. Тіпті, бағаны негізсіз шарықтатқандар да жазасыз қалмайды. Аймақтағы жағдайды облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Фарида МАКЕЕВАДАН білдік…

– Фарида Үргенішқызы, тұрғындар ауыра қалсақ, дәріні қайдан аламыз деген қорқынышпен өмір сүруде. Министр жуық арада тапшылық жойылады деп те айтты. Вирусқа қарсы препараттар дәріханаларға қашан түсе бастайды?

– Дәрілік заттардың көтерме немесе бөлшек саудасы тиісті үй-жайдың, жабдықтың және персоналдың болуын көздейтін, арнайы лицензиясы болуы тиіс қызмет түрі. Қазір аймақтағы дәріхана қоймаларымен хабарласып отырмыз. Олардың берген ақпаратты бойынша вирусқа қарсы препараттар жақын арада, яғни, 2 апта аралығында сатыла бастайды. Ал, дене қызуын өлшейтін аспапты өндірушілерімен келіссөздер жүргізілуде. Оның үстіне, еліміздің әр өңіріне дәрілерді әртүрлі дистрибьюторлар жеткізеді. Сондықтан, жеткізу мерзімдерінде айырмашылық бар. Алайда, алаңдауға негіз жоқ.

– Бірқатар дәріханаларда дәрі құнының шарықтап кеткенін көріп жүрміз. Бағаны белгілейтін және оның тұрақтылығын қадағалайтын қандай орган?

– Негізі шекті баға Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітіледі. Дегенмен, дәріханалар препараттарды өздерінің жеке қаржысына сатып алатынын да ескеру керек. Біз олардың кәсіпкерлік қызметіне араласуға құқығымыз жоқ. Дегенмен, министрдің бұйрығы бойынша 0,5 грамдық «Парацетамолдың» шекті бағасы – 128 теңге 45 тиын. Оның үстіне, Алексей Цой бағаны негізсіз қымбаттатқандарға лицензиясын алып қоюды көздейтін жаза бар екенін айтты. Бағаны шарықтатып, алыпсатарлықпен айналысқандар мәселесі Қарағанды облысының полиция департаментімен бірлесіп пысықталуда. Әрине, мұндай жағдай орын алса, шара міндетті түрде қолданылады.

– Әлеуметтік желіде көп тараған ақпараттың бірі – тымау белгілері біліне қалған жағдайда, пневмонияға ұласпауы үшін антибактериалды дәрілерді пайдалану керектігі. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Кез келген ауруды дәрігерден кеңес алғаннан кейін емдеуге кірісу керек. Себебі, дұрыс таңдалмаған антибиотиктер курсы бактериялардың тұрақтылығына әкеледі. Яғни, бақылаусыз қабылданған препараттардан кейін іріңді аурулар пайда болып, емдеу мерзімі ұзара түседі. Оның үстіне, коронавирус инфекциясын емдеудің арнайы белгіленген хаттамасы бар.

– Қат болған «Парацетамол» дәріханаларға қашан түседі?

– 2 шілдеде «Биосфера» дәріхана желісіне 11 мың дана «Парацетамол» келіп түсті. Енді, балаларға арналған дозасын күтіп отырмыз. 13 шілдеде тағы бір мәрте әкелінеді деген жоспар бар. Одан бөлек, аталмыш дәрінің 190 мың данасы сертификаттаудан өтуі керек. Сондықтан, «Парацетамол» мәселесі түбегейлі шешіледі деген ойдамын.

– Тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Халықты үрейге бой алдырмай тыныштық сақтауды, дәрігердің тағайындауы және емдеу курсы бойынша ғана дәрілік заттарды сатып алуларын сұраймыз. Үйіп-төгіп, алып қоюдың қажеті жоқ. Олардың жарамдылық мерзімі және арнайы сақтау талаптары бар екенін ұмытпаңыздар. Сақтық талаптарын сақтап, өзіңізді және жақындарыңызға абай болыңыздар дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет, Фарида Үргенішқызы. Індетпен күрестегі еңбектеріңіз табысты болсын!

Әңгімелескен Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button