Жүрегі әнге жақын
Қазақтың тұтас болмысы, мінезі, бастан кешкен сан қилы тағдыры мен терең мәдениеті – оның халық әндері мен дәстүрлі өнерінде жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ та сол киелі өнердің жанашыры. Оның ән орындаған бейнежазбалары да ел арасында кең таралған. Айтқан естеліктері мен салған әндерінің көбісін анасының қасында жүріп бойына сіңіргенін байқаймыз. Домбырамен де ән шырқайды. Бірнеше әннің сөзін жазғаны да елге мәлім. Мемлекеттік әнұранымызда да оның қолтаңбасы бар.
Жалпы, Тұңғыш Президентіміздің жаны әнге жақын екендігін түрлі басылымдардан оқып, теледидардан да көріп жүрміз. Жастайынан жайлауда ата-анасының көмекшісі болған ол, үлкендерден қазақ халқының көп жақсы қасиеттерін, мәдениеті мен тарихын үйреніп өскен. Жұмысқа ерте араласып, қазақылықтың қаймағын қалқып, өн-бойына жинақтаған бірегей тұлға. Оның еңбекқорлығы, білімділігі мен салмақтылығы, патриоттығы, өнер мен мәдениетке жанашырлығы жас буынға қашан да үлгі.
Өнерге жақындығын, Елорданы Алатаудан Арқа төсіне көшіруінен де аңғарамыз. Өйткені, әр өнер иесінің ерекше қолтаңбасы болатыны сияқты, Елбасының да өз халқына жасаған еңбегінің ішінде Есіл бойында бой көтерген Нұр-Сұлтан қаласы оның қолтаңбасындай елестейді…
Елбасы жүрген жерінде домбырамен, баянмен шырқалған әндерді сүйіп тыңдайды екен. Талай дүлдүл әншілердің өнерін жоғары бағалап, марапатқа да ұсынған, басқа да жанашырлық көмегін аямаған. Қарағандыға келген сайын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, «Құрмет» орденінің иегері, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің директоры Сержан Мұсайын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Дәуренбек Әркенов сынды саңлақ әншілеріміздің әндерін сүйсіне тыңдайды екен. Қосыла шырқап та отыратын көрінеді.
Алда келе жатқан Елбасының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, Арқадағы дәстүрлі әннің дүлдүлдері, әнші ағаларымызға хабарласып, сол кездесулерден есте қалған естеліктерімен бөлісулерін сұрадық.
Жақсыкелді Кемалов ағамыздың айтуынша, Тұңғыш Президентіміз халық әндерін жоғары бағалайды, әрі көбісінің сөздерін жатқа біледі екен. «Бірде кезекті іссапармен Қарағандыға келіп, «Чайка» мейрамханасына тоқтады. Біз де ән айтуға сақадай сай тұрмыз. Марқұм Мейірхан ағамыз бірінші кіріп кетті. Ән салып болған соң, қолына бір табақ етті ұстап шығып келе жатыр. Сөйтсек, Елбасы Мәкеңнің қоңыр дауысына ұйып, әнді қосыла шырқаған. Ән біткен соң, қолын алып, бір табақ етті ұстатыпты. «Жігіттермен бірге жеңдер, менен сарқыт» депті. Бұл дегеніңіз өнерпаздардың жай-күйіне алаңдаған ағалық аппақ көңілі ғой. Содан менің кезегім келді. Ілия Жақановтың «Толағай» әнінің бір шумағын тәмамдай бергенімде, Нұрағамыз орнынан тұрып, екі қолын көтеріп, қалған шумақтарын менімен бірге шырқап шықты. Өзі де әнге бейім, әдемі қазақы дауысы бар ғой. Кейін үзілісте, Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры, сазгер Есжан Әміров баянмен, мен домбырамен қосыла Елбасы үшеуміз бір сағатқа жуық ән айттық. Ел – дән риза. Мені ол кісінің есте сақтау қабілеті мен халық әндеріне деген ерекше махаббаты таң қалдырды. Қай әнді бастасақ та, қосыла шырқай жөнеледі. Кей халық әнінің тарихына да тоқталғаны бар» деп еске алды.
Ал, Дәуренбек Әркенов Елбасының өнер адамдарына деген жанашырлығы мен ұлттық мәдениет пен өнерге деген ерекше құрметін арнайы атап айтты. «Ол кісі Арқаға келгенде әншілер арнайы «Елбасы жақсы көретін әндер» деген кітаптан репертуар таңдап, дайындаламыз. Өйткені, әнге деген құрметін жақсы білеміз. «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетілген «Інжу-маржан», «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» секілді ұлттық рухты оятуға қызмет еткен көптеген бағдарламалар Елбасының қамқорлығымен қазақия даласына таратылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бірде, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, үзеңгілестерім Ержан Қосбармақов, Руслан Ахметов үшеуміз алдында арнау айттық. Кейін, «уақыт аз, қысқа қайырайын» деп, «Хәләулім-ай» әнінің екі шумағын айтып, иіле бергенімде, Елбасы үшінші шумағын бастап кетті. Соңына дейін бірге айтып шықтық. Содан көп ұзамай, өнеріміз бен еңбегіміз бағаланып, арнау айтқан үшеуміз Елбасының ұсынысымен «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталдық» дейді.
Шындығында, айтылған естеліктерден Елбасының өзгені де өзіндей көре алатын, кең жүректі нағыз қазақтың аймаңдай азаматы екенін аңғарамыз.
Сержан Мұсайын ағамыз да жоғарыдағы ән майталмандарының пікірін толық қуаттайды.
– 1999 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев 79,7% дауыспен қайта сайланды. Президентті Елордада алғашқы ұлықтау рәсімі сол жылы 20 қаңтарда Елордадағы Конгресс-холлда өтті. Елбасы ескі резиденциясынан Конгресс-холлға дейін жаяу келді. Қақаған аяз, ол кезде қазіргідей зәулім ғимараттар жоқ. Бес мектептің өкілдері Алмас Алматов, Ержан Қосбармақов, Мекеш Төрешов, Құрманбек Бекпейісов және мен осы жиында ән шырқадық. Елбасымен алғашқы кездесуім осы болды. Одан кейін де Елбасы қатысқан көптеген шарада ән шырқадым. Мына кездесу есімде қалыпты. Алдымен, Біржан салдың «Сырғақты» әнін, кейін, халық әні «Жас дәуренді» шырқадым. Нұрағамыз қосылып отырды. Кейде, әннің ортасына келгенде тоқтатып, «Анамнан үйренгенмін. Мына әннің мынадай шумағы бар, қосып жаттап ал» дейтін де кездері бар. Сосын, Иманжүсіптің әнін сұрады. Жүсіпбек Елебековтің орындауы бойынша, классикалық стильмен «Мен жасымда жігіттер топтан астым» деп бастап едім, осы жерін «Абылай аспас Арқаның сары белі деп бастасаң дұрыс болар еді» деп түзетті. Сондай-ақ, «Қолға түскен дұшпанның талайларын, Бақыртып бауыздаушы-ем ылақтайын» деген тұсын да, өзі білетін ескі нұсқамен салыстырып, ағалық пікірін айтқан… «Үшқоңыр», «Өз елім» әндерін орындағанда риза болып, толқып отыратын. Сондай-ақ, орыстың да біраз әнін біледі екен. Украиндардың «Ридна маты моя» деген ана туралы халық әні мен орыстың «Весна на заречной» сияқты әндерін қазақ әндерімен біріктіріп, попурри орындап беретінбіз. Осы кездесуде Елбасының өз ұлтын, әсіресе халық әндерін қатты сүйетініне тағы бір рет көз жеткіздім», – деп тебіренді ол.
Елбасының қазақ әні мен өнерпаз қауымға, төл мәдениетімізге деген құрметінің бір қыры осылай. Қалғаны – патша көңілді оқырманның өз еншісінде…
Жәлел ШАЛҚАР.