АймақШет

Сенат депутаты — Шет ауданында

ҚР Парламенті Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров ел Конституциясының 25 жылдық мерейтойы мен Білім күні мерекесі қарсаңында Шет ауданында жұмыс сапарымен болды.

 

Сенат депутаты ат басын алдымен Ақжал кентіндегі Шәрбан Батталова атындағы орта мектепке тіреді. Бұл мектепке арнайы баруының екі себебі бар. Біріншіден, бұл мектепті қашанда назарында ұстап келеді. Нұрлан Мәжитұлы — осы мектептің түлегі. Кетеуі кете бастаған үш қабатты ғимараттың күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен 50 миллион теңге қаржы бөлдіріп, білім ошағының салтанатын асырған еді.

Ал, бұл жолғы сапарының басты себебі — осы мектепте ұзақ жыл математика пәнінен сабақ берген ардақты ұстаз, ҚазССР-і оқу ісінің үздігі Қанай Сәліқызы атындағы математика кабинетінің ашылуы еді. Қанай Сәліқызының математиканы игерудегі әдістемесін бүгінде елде Назарбаев зияткерлік мектептері қолданады. Ол жөніндегі дерек толық жинақталған. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздың жұбайы, осы мектепті ұзақ жыл басқарған, қазақ руханияты қоржынына олжа салған Мәжит Аманқұлұлы да ұмытылмаған. Айта кетейік, ол да математикадан дәріс берген.

Аталмыш шараға Нұрлан Мәжитұлы бастап, аудан әкімі Мұхит Мұхтаров, аудандық мәслихат хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, «Көкбөрі Керней» қоғамдық қайырымдылық қорының атқарушы директоры Мира Мақатшина, ардақты ұстаздың балалары Нұрғалым, Шахатбек, бауыры Әшім Сәлин, замандастары мен әріптестері, білім саласының қызметкерлері, ауыл үлкендері қатысты.

Айтары жоқ, мұндай кабинет Ақжал тұрмақ, елдің өзінде саусақпен санарлықтай ғана екен. Кабинеттегі барлық құрал-жабдықтың бала денсаулығына зиянсыздығы әбден ойластырылған. Мұнда виртуалды дененің өзін қолмен ұстап, көруге болады. Мұның өзі баланың сабақты тез игеріп кетуіне ықпал жасайтыны сөзсіз. Заманауи интерактивті тақтадан бастап оқушының ойлау жүйесіне салмақ салмайтын математикалық модуль, басқа да құрал-жабдық алынған.

Салтанатқа қатысушылар Қанай Сәліқызы мен Мәжит Аманқұлұлы туралы зердеде қалар естелік айтып, сенаторлар қатарын толықтырған Нұрлан Мәжитұлын шын жүректен құттықтап, толағай табыс тіледі. Аста-төк шашу шашылып, сыйлық жасалды. Аудан әкімшілігі ноутбук сыйласа, Е.Бөкетов атындағы университеттің ректоры Нұрлан Дулатбеков математика пәні бойынша жүз кітап жіберіпті. Мұндай сыйлықты «Көкбөрі Керней баба» қоры да жасады.

Сөз кезегін алған Нұрлан Мәжитұлы аудан және мектеп басшылығына рахмет айтып, мектепке демеушілік жасауға қашанда дайын екенін, сонымен бірге әкесі Мәжит Аманқұлұлы атында аудандық олимпиада өтіп жатса, демеуші болатынын жеткізді.

Одан кейін Нұрлан Мәжитұлы ұлы бабасы Қара би кесенесінде болып, бабалар рухына тәу етті.

Қара би — заманында Құрметті қазақ атанған, Арқа жақсыларымен, оның ішінде Құнанбай қажымен, Жақсы Жанқұттымен, Бәйсейіт бимен, Шорманның Мұсасымен араласқан, Омбыда фельдшерлік бітіріп, қазақ даласында екпе жасаған белгілі тұлға. Оның кесенесі әбден мүжіліп құлауға айналғанда, қайта жаңғыртуға үлес қосқан сол кездегі Парламент депутаты Нұрлан Дулатбеков болатын.

Сенат төрағасының орынбасары аудан орталығында бірнеше кездесу өткізді. Білім саласының қарашаңырағы Ы.Алтынсарин мектебінде ұстаздарымен пікірлесті. Ауыл ақсақалдарымен болған әңгімеде өзекті мәселелер көтерілді. Сенатор сосын жастармен жүздесіп, қойылған сауалға жүйелі жауап берді. Сенатор Нұрлан Мәжитұлының бір күнгі жұмыс сапары осылай аяқталды.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

ШЕТ ауданы.

Суреттерде: Н.Әбдіров анасы Қанай Сәлина атындағы кабинетте.

Математика кабинеті.

Басқа материалдар

Back to top button