Ұлық мейрамдағы ұйымшылдық

Облыста мұсылман қауымның қасиетті мейрамы – Құрбан айт жылдағыдай деңгейде тойланбаса да, тиісті рәсімдер карантин талаптарын қатаң сақтай отырып атқарылды. Қоғамға ортақ тәртіпті бұзуға жол бермеуге қатысты алдын алу шаралары дер кезінде әрі жүйелі түрде жүргізіліп, ұйымшылдық салтанат құрды.

2020 жылғы 29 шілдеде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қарағанды облысы аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирус инфекциясының таралуына ықпал етуші іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы» №32-қ қаулысы қабылданған еді.

Аймақтағы 243 мешітте мереке күндері карантин талаптары қатаң сақталды.

Қалалар мен аудан әкімдіктері және мешіттер өкілдері арасындағы келісім бойынша мал соятын орындар дайындалып, қажетті құралдармен жабдықтау шарттылықтары толық бақылауда болды.

Облыста 18 мал сою орындары белгіленіп (ет сақтайтын тоңазытқыштар – 51, мал ет тасымалдайтын көліктер – 79, ет тарататын еріктілер – 238, қасапшылар – 93), жауапты мамандар бекітілді (полиция, ветеринария қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер).

«Qurban2020.muftyat.kz» арнайы сайтына 240 тапсырыс түсіп (оның ішінде 140 төлемі жасалған), мұқтаж жандар тарапынан 358 өтініш қабылданды.

Ресми дерекке сүйенсек, облыс бойынша 1 500-ден астам мал құрбандыққа Ұлық. Құрбан айт мерекесі құрметіне 3 мыңнан аса аз қамтылған отбасыға ет таратылған. Сондай-ақ, мұқтаж адамдарға жалпы сомасы 4 млн. 211 мың теңгені құрайтын азық-түлік жиынтығы да тапсырылған.

Облыстың барлық қалалары мен аудандарында 51 ет сақтауға арналған тоңазытқыш орнатылып, іске 79 ет тасымалдауға арналған көлік жұмылдырылған. Ал, 93 кәнігі қасапшы етті мүшелеп, дайындап тұрды. 200-ден астам ерікті соны таратумен айналысты. Көрсетілген алгоритмге сәйкес жүргізілген жұмыстардың талапқа сай болуы полиция қызметкерлері, ветеринарлық қызметшілер мен санитарлық дәрігерлердің бақылауында болды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг ұйымдастырылып, тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстары өткізілді. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мен ҚМДБ облыстағы өкіл-имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның қатысуымен «Saryarqa» телеарнасында Құрбан айт мейрамын атап өтуге байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Сондай-ақ, «Первый Карагандинский», «5 канал» телеарналары мен «Life 09» интернет-порталында осы тақырып аясындағы облыстың бас имамының сұхбаты берілгенін айта кеткен жөн. Онлайн құрбан шалу хақында арнайы бейнежазбалар мен ақпараттық инфографикалар халық арасында кеңінен таратылды. Әлеуметтік желілер арқылы мешіт имамдары мен ақсақалдардың Құрбан айт мейрамын өткеру мен құрбандық шалудың ерекше рәсімі, тәртібі туралы түсініктемелері жарияланды (98 жарияланым).

Қазіргі таңда ұлық мейрамды ұйымшылдықпен өткізген облыс аумағында діни ахуал – тұрақты.

Жәлел ШАЛҚАР.