Коронавирус

Қарағандыда қоғамдық орындарды дезинфекциялау қайта жандандырылды

Қарағанды көшелеріне күн сайын таңертеңгі уақытта арнайы киім киген және иығында ауыр құрылғылары бар әскери жасақ шығады. Комбинезондағы жауынгерлерден қорқудың қажеті жоқ, олар коронавирустан қорғауға көмектесуде. Ыстық күндер басталғалы қаладағы қоғамдық орындарды дезинфекциялау қайта басталды.

– ҚР Қорғаныс министрлігі басшылығының шешімі бойынша “Астана” өңірлік қолбасшылығының арнайы өңдеу жөніндегі құрама жасағы Қарағандының қоғамдық орындарын дезинфекциялауға қайтадан кірісті. Қарағанды гарнизонының 50-ден астам әскери қызметшісі жұмылдырылған. АРС-14 арнайы машинасы (авто-құю станциясы) мен жеке құрамды тасымалдау үшін үш КамАЗ бөлінді. Өңдеу «ШТИЛЬ-СР450» аспалы бүріккіштердің көмегімен жүргізіледі. Залалсыздандыру өткізетін орындарды қала әкімдігі өз өтінімдерінде көрсетеді, – деді “Астана” өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бастығы майор Таир Сағынғанов.

Бүгін, 3 маусымда отряд Бұқар жырау және Нүркен Әбдіров даңғылдарында болды. Ең алдымен, адамдар қолдарымен жиі ұстайтын жерлер – тұтқалар, таяныштар, кіреберіс есіктер, сондай-ақ орындықтар өңделді.

Жұмыстар таңғы сағат 7-ден бастап, көшеде адамдар көп болмаған кезде жүргізіледі.

– Біздің міндетіміз – коронавирустық инфекцияның таралуын болдыртпау. Дезқұрал мүлдем қауіпсіз, адамдар үшін де, жануарлар мен өсімдіктер әлемі үшін де қауіп төндірмейді. Бұл 1-1, 5 пайыздық натрий гипохлориді, – деп айтып кетті Таир Сағынғанов.

Оның айтуынша, жаңа жауынгерлік міндетті әр түрлі мамандықтағы әскери қызметшілер – атқыштар, бағыттаушы-операторлар және т.б. игерген.

Сержант Арман Әділбеков – музыкант, әскери оркестрдің концертмейстері. Өзінің үрмелі аспабы – тубаны ол аспалы бүріккішке ауыстырған.

– Біз қала тұрғындары үшін, шерулерде, мемлекеттік мереке күндері жиі өнер көрсетеміз. Бірақ қазір барлық мәдени іс-шараларға тыйым салынған. Қалаға басқаша көмектесу керек. Барлық жерде қиындықтар болады. Бірақ біз кез келген жауынгерлік міндеттерді орындауға дайынбыз, – дейді 11 жылдық өтілі бар Арман. – Бізге дезинфекциялық жұмыстар бойынша нұсқаулық жүргізілді. Құрылғы күрделі емес. Әрине, туба бұл аппаратқа қарағанда жеңіл. Қазір үйреніп алдым. Тәжірибе бар және жаңадан келгендерге кеңес бере аламын.

Қала әкімшілігінен өтініштер күн сайын келіп түседі. Жасақ көшелерде және аулаларда жұмыс істейді. Балалар алаңы мен спорт алаңдарына дезинфекция жүргізіледі. 

Басқа материалдар

Back to top button