АймақЖәдігерШет

Шегесіз құралған кереует

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайындағы құнды мұралардың бірі – ағаш кереует. Бұл төсекті 1988 жылы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Ғайныш САҚЫПОВА тапсырған екен.

Екі жүз жылдық тарихы бар кереует қарағайдан жасалған. Сыртқы қоршауларына ою-өрнек түсіруге қолайлы болғандықтан жөке ағашы пайдаланыпты. Жәдігердің бір ерекшелігі – бір шегесіз, желімсіз құрастырылған. Қазақ халқының дәстүрлі көшпелі мәдениетінен хабар беретін бұл бағалы бұйымды Ғайныш апай музейге тапсырғанға дейін тұрмыста пайдаланып келген.

Шет аудандық мұражайының басшысы Салтанат Қамытова тұрмыста қолайлылығына назар аударды.

– Ұлттық нақышта безендірілген бұл төсек ХІХ ғасырда жасалған. Екі жақтауы және алдыңғы-артқы қапталдары бар. Ұзындығы – 94 сантиметр, биіктігі – 33 сантиметр, ені – жарты метр. Жиһаз бұзып-құрастыруға жеңіл. Көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз үшін өте қолайлы болған, – дейді директор. 

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button