Адамзатты зар жылатқан қанды шеңгел

Тарихтан белгілі болғандай, саяси қуғын-сүргін Ақтоғай-Балқаш өңірін де айналып өтпеді. Деректерге сүйенсек, Ақтоғай өңірінен 300-дей адам қуғын-сүргінге түсіп, кейбірі ату жазасына кесілген. Бір ғана Қусақ ауылдық округінің өзінен бір түнде барлығы 80 адам жер аударылып, ату жазасына кесілген екен.

Зұлмат жылдардың құрбандары Ақтоғай-Тоқырауын-Балқаш – қасиетті, киелі жер атаулары. Ежелден халқы «Тоқырауын» өзенін бойлай отырып, суын ішіп, егін салып, мал бағып, жан сақтаған. «Тоқырауын» өзені Балқаштың шығысынан келіп көлге құяды. Балқаш халқы Тоқырауынның таза, мөлдір суын сүзгісіз-ақ ішіп отыр. Осы орайда Ақтоғай-Тоқырауын-Балқаш өңірінен ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен қаншама боздақтарымыз қанды шеңгелдің қармағына ілігіп жер аударылды, қаза тапты. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермековтерді былай қойғанда, шейіт болғандардың қатары өте көп.

Алашқа танымал өнер иесі, дарынды күйші, сазгер Сармантайдың Ахметжаны 1862 жылы Семей губерниясының Қарқаралы уезіне қарасты Тоқырауын болысында (қазіргі Ақтоғай ауданы, Қусақ даласы) туып-өскен. Дарынды күйші саясат салдарынан көрген ауыртпалығын, зорлық-зомбылығын, қайғы-қасіретін «58-статья» деген күйімен жазып қалдырған. Ол 1930 жылы жазықсыз 58-статьямен айыпталып, ату жазасына кесілген. Ахметжан туған жері Қусақтан айдалып бара жатқанда, соңғы мәрте Біләл ақсақалдың үйінен дәм татқан көрінеді. Ол иісі қазаққа ортақ мол мұра қалдырған тума дарын еді ғой…

«Ақтоғай» энциклопедиясындағы деректер бойынша бұл өңірден Зікірия Көпбаев (1911ж.т), Әзімбай Қапенов (1912ж.т), Қайырқан Алжақсынов (1907 ж.т.) қуғын-сүргінге ұшыраған. Олар 1937 жылы Сібірге ит жеккенге айдалып, 10 жыл тозақ лагерінде отырған.

«Ақтоғай» энциклопедиясындағы қуғын-сүргін құрбандарының тізімінде кейінгі ұрпақ естіп білмеген есімдер жазылған.

Қанды шеңгел

ХІХ ғасырдың 30-50 жылдары баршаға аты мәлім тозақ орталығы ГуЛаг жүйесінің Қазақстан аумағында 93 лагері болғаны аян. Соның бірі – КарЛаг. КарЛаг – ерекше мақсаттағы лагерь. КСРО-ны мекендеген барша ұлт өкілдері осында отырды. КарЛаг дүние жүзі халықтарының түрмесіне айналғанын уақыт дәлелдеп отыр. Отаршыл жүйенің озбырлығына тап болған халқымыздың өткенін еске алуға КарЛаг-қа арнайы бардық. Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұмановтың бастауымен іс-сапарға 40 ардагер-зейнеткерлер мен аға буын өкілдері барды. Негізгі бағытымыз Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка кентінде орналасқан КарЛаг мұражайы. Балқаштан шыққаннан кейінгі алғашқы аялдаған жеріміз миллиондаған адамның мүрдесі жатқан – «Спасск» мемориалдық кешені. Ол Қарағанды-Алматы тас жолы бойында. Спасск – 1930-1940 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт өкілдерін аяусыз қырған орын.

Келесі бағытымыз КарЛаг мұражайы, яғни, Долинка кенті. «КарЛаг» әкімшілік басқару орталығы 1930 жылы ашылыпты. Алаш зиялыларын, қазақтың маңдайына біткен марғасқа азаматтарын, қоғам қайраткерлері мен егін салып, мал бағып, қарапайым тіршілікте өзінің еңбегімен халқына септігін тигізген қандастарымызды «халық жауы» деп жала жауып, КарЛаг-тың түрмесіне тоғытқан.

Мұрағат деректері бойынша, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал, 1950-1952 жылдары 1130 сәби опат болған. Аштықтан балалардың ішектері жабысып, ауруға шалдығып, дүниеден өткен. Балалардың адам төзгісіз осындай аянышты жағдайларын КарЛаг-тың мұражайындағы фотосуреттерінен көруге болады.

БалқашЛаг 1934 жылы салыныпты. Саяси қылмысы бойынша жазаға тартылған мыңдаған адамдарды осында тоғытқан. Ал, лагер Балқаш қаласынан батысқа қарай 13 км қашықтықта жатыр. 1955 жылға дейін жұмыс істеген лагерде 20 жылдың ішінде жазықсыз жапа шеккен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 10 мыңнан астам адам қамалыпты. 1938 жылы Балқаш құрылыс бригадаларында 7948 тұтқын жұмыс істепті. Сонымен қатар, БалқашЛаг-та Қылмыстық кодекстің 58-бабына сәйкес, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да ұлт өкілдері жазықсыз жазасын өтеген. Жапониямен соғыс аяқталғаннан кейін Балқаш лагеріне жапон әскери тұтқындары жеткізіледі. Олар «Балқаш мыс зауытында», «Қоңырат руднигінде», «Балқаш құрылыс тресінде» жұмыстар атқарған.

Ресми деректер бойынша қазақ халқы зобалаң жылдарында 100 мыңнан астам баласы мен ұлт зиялыларынан айырылды. Оның 25 мыңдайы ГуЛаг қабырғасында ату жазасына кесілген. 1897 жылы халық санағында қазақтың саны 4 млн. деп жазылған көрінеді. Ал, 1917 жылы 6 миллионнан асса, 1939 жылы жүргізілген санақта қазақ ұлты небары 2 млн. 300 мыңға жетіп жығылған. Осы нәубет жылдары халықтың тең жартысынан айырылдық. Мұндай жағдайға ұшырамағанда қазір халық саны 40-45 млн. болар ма еді?!

Өмірбек ЕРМЕНБЕТ,

зейнеткер.

БАЛҚАШ қаласы.