Әлемнің ұстазы
Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің толық аты-жөні – ӘбуНасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби екен. Бабамыз алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен өткен. ӘлФараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта-қайта соғып отырған. «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» деп ескертеді. Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені, жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады. Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс деген.
Әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды.
“Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді. Этиканы ол жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қортындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық – үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол өмір шындығының өзіне тән қасиеті, болмыстың, нақты құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік – жан мен тән қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.
«Әл-Фараби Аристотельдің «Физикасын» – қырық рет, «Риторикасын» – екі жүз, «Жан туралы» атты кітабын – жүз рет оқыған екен. Неткен таңғаларлық еңбек!», – деп немістің ұлы философы Гегель таң қалыпты.
Ал, ағылшын арабисі Х.Гибб «Сән-салтанат қауымынан аулақта және олардың көзіне түспей мұсылмандардың аса ұлы ойшылдарының бірі Әл-Фараби өмір сүрді. Оның медицина мен музыка жайлы еңбектері ғибрат аларлық асқан үлгілер қатарына қосылады. Ал, араб философиясына сіңірген зор еңбегі оның заңғар есімін мәңгілік етті», – деген.
Осы сөздер Әл-Фарабидің аса ұлы тұлға болғанын дәлелдейді.
Менің ойымша, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің бұл мерейтойын ерекше атап өткеніміз жөн.
«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде… Адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағаттап отыруында», «Бақыт – өз басың үшін көксейтін игілік… Бақытқа жеткізетін әрекет – тамаша әрекет» деген мәнді нақыл сөздерді Әл-Фараби біз үшін жазып қалдырған. Сондықтан, біз барынша өзімізді жетілдіріп, өз-өзімізге деген сеніммен алға ұмтылуымыз қажет.
Аяжан ИСАИНОВА,
Айдана СЕРІКОВА.