Көрме

Тағдырлар көрмесі

Өткенімізді ұмытсақ келешектен үміт күте амайтынымыз анық. Тарихымыздың қанды уытын «ауыр әрі қасіретті болса да» өзіміз ғана жұтамыз. Сондықтан, «өзегінен тепсең де кетпейтін» өренімізге өзімізден басқа кім жол сілтемек?! Осы орайда, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен Жезқазған қалалық орталықтандырылған кітапханаcы жастарға бағытталған «Тарих шындығы: оқиғалар, тағдырлар» атты көрмелерін тікелей эфирде өткізді.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған біріккен іс-шараға ғалымдар мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Қалған қалың оқырман оны әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы тамашалау мүмкіндігін алды.

Шараның шымылдығын түрген Н.Гоголь атындағы кітапхананың әдебиет бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева Қазақстандағы саяси репрессиялар жайына кеңірек тоқталды. Тағдыр тәлкегіне түскен тарихи тұлғалар жайында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУдың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, КарЛагтың құрылу мақсаты туралы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті Ләззат Шотбақова, СтепЛаг тарихнамасы хақында Жезқазған қаласы орталықтандырылған кітапханасының директоры Ғалия Түгелбаева мен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері Қабдол Жанділдаұлы сыр шертті. Жезқазған тарихиархеологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова қордағы жәдігерлер мен лагерьлердің ғимараты, ал Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінің директоры Дәметкен Орынбасарова архив қорындағы сирек құжаттардың мазмұны жайындағы мағыналы ойларымен бөлісті. Жастарға патриоттық тәрбие беріп, олардың бойына белсенді азаматтық ұстаным мен жауапкершілікті қалыптастыруды көздеген осындай шаралар – ел игілігіне жұмыс жасайды. Өйткені, алдыңғы толқын азаматтар кейінгі толқынға бағдар беруі керек. Сонда ғана «әркім тарих артқан жүкті белгілі бір жерге апара» алады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button