Бірлігі бекемдігін айғақтады

Ұлағатты ұлықтаған ұлтымызда мұқтаж жанға жағдай жасап, қариясын қараусыз қалдырмау, жетімін жылатпау, жесірін жабырқатпау – қалыптасқан қағида. Еріктілер қатарында жүріп, осынау бұлжымас ұстаным – қайырым мен мейірімнің қазақтың қанына әуел бастан дарыған қасиет екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Арамызда ізгі ниетті істер жасауды күнделікті әдетіне айналдырған жомарт жандар аз емес екен…

Мысты шаһардағы жомарт пейілді кәсіпкерлер Марғұлан Молдашев пен Абай Байділдаев әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілгендерге азық-түлік үлестіруді төтенше жағдай жарияланған күннің ертеңінде алғашқылардың бірі болып бастады. Ол көмекті еріктілер жүз отбасына жеткізді.

Қайырымды істі «Қазақмыс» корпорациясы ұтымды жалғастырды. Олар 250 отбасының әрқайсына салмағы 90 келіден асатын азық-түлік берді. Бұл жол еріктілердің ерік-жігері сынға түскен еді. Өйткені, бір жеңіл көлікке 3 жиынтықтан артық сыймайтын. Десек те, тындырымды жастар өз міндетттеріне алған жұмысты жылдам тиянақтап шықты. Бұдан кейін «Қазақмыс» корпорациясының тапсырысын орындаушы «Alpar» group» ЖШС 500 отбасыға азықтүлік үлестірді. Оның басым денін таратуға тағы еріктілер қауымы мүдделілік танытты.

Сындары кезде ымыра-бірлігі ыдырамаған қалада еріктілер, шағын кәсіп иелері, басқа да қайырымды азаматтар күн сайын көмекке мұқтаж отбасыларға қажетті заттарын жеткізіп беріп тұрды. Олардың қатарында қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ботагөз Мұхиден бастаған орталық мамандары, «Спортты дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саят Балмағанбетов бастаған спортшылар мен жаттықтырушылар, «Бірлік», «Жылы жүрек», «Поможем Жез-Сат» еріктілер тобының қыз-жігіттері, «Нұр-Мүбәрак» университетінің студенттері, «Серкенің серілері» еріктілер тобы (жетекшісі – Мира Бәкібаева) және басқалары болды. Олардың ықыласты әрекетінің арқасында «Қайырымдылық сөресі» ашылып, әр жұма сайын мұқтаж жандарға тегін нан мен қажетті азық-түліктер беріліп тұрды. Қыздар маска тіксе, жігіттер оны көшеде тегін таратты. Зейнеткерлердің зейнетақысын, күнделікті нан-суын жеткізіп беру де еріктілердің үйреншікті жұмысына айналды. Жалғызбасты қарттардың үйін жинап, тамағын істеп беретін қыздар да алғыс-батаға кенеліп жатты.

Қасиетті Рамазан айында «Хадия», «Әр-Рахман» қайырымдылық қорлары бірлесіп баспанаға мұқтаж отбасыға 3 бөлмелі пәтер алып берді. «Ізгілік» қайырымдылық тобы ауыз бекіткен жандарға су, құрма таратты. Қала іргесіндегі блок-бекеттерде тұрған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне күнделікті ыстық тамақ жеткізіліп тұрды. Мұны кәсіпкерлер мен еріктілер тізе қосып, іске асырды.

Қысқасы, қала тұрғындары мен еріктілер елдегі төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз!» ұранын нақты істерімен дәлелдеп, ымыра мен бірліктің тағылымды үлгісін таныта білді.

Ең бастысы, біз қоғамның қолдауына шынайы мұқтаж жандардың тізімін жасау мүмкіндігін иелендік. Бұл отбасылар бұдан кейін де еріктілердің тұрақты бақылауында болады.

Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

еріктілер тобының мүшесі.