Экономика

Дағдарыста далада қалған ешкім жоқ

Кеше облыс әкімдігінде өткен онлайн режимдегі аппарат отырысы кадрлық өзгерістен басталды. Онлайн байланыстағы басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне Мемлекеттік сатып алулар басқармасының жаңа басшысы таныстырылды. Бұл лауазымға облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған Нұрлан ӘЛІМЖАНОВ тағайындалды. Таныстырудан соң ел еңсесін көтеруді мақсат тұтқан «Еңбек» бағдарламасы талқыға түсті. «Еңбек» бағдарламасының бұқараға қандай берекеті барын баяндаған басқарма басшысы Әсем ЖҮНІСПЕКОВА аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕККЕ алдағы жоба-жоспарларын да жария етті.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстың 17 мың тұрғынын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жұмысқа тартты. Үш бағытты қамтыған бағдарлама бұқараның екі қолына бір күрек ұстатуға әзір. Сөйтіп, жыл соңына дейін оның жемісін 25 мыңнан артық тұрғын көреді деп күтілуде.

– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының индикаторлары белгіленген жоспарға сәйкес орындалуда. Дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражатты ескере отырып, 43 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2020 жылға 9,8 млрд.теңге бөлінді. Жыл басынан бері оның қатысушылары 17 мыңнан астам адам болды, – деді Әсем Жүніспекова.

Облыста «Бастау Бизнес» жобасы басталды. Биылғы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 1 800 адамды оқыту жоспарлануда. Қазір оқудың бірінші ағымына тыңдаушылар қабылданады. Дәрістер 10 маусымнан бастап қашықтықтан өтеді.

Ауыл шаруашылығын қолдау және «Даму» қорлары арқылы шағын несие беру жүргізілуде. Жауапты тұлғалардың айтуынша, бұған қаражат жеткілікті, мұқтаждар өз ісін дамытуға қолдау ала алады. Жыл соңына дейін 1 038 шағын несие беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, бизнес-идеяларды іске асыруға 76 мемлекеттік грант берілді. Басқарма басшысының ақпараты бойынша, 700 адамды кәсіптік оқыту курстарына жіберу жоспарланған.

– «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағдарламасының үшінші бағытымен 25 мамырдағы жағдай бойынша 14 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 9 мыңнан астамы – тұрақты жұмысқа және 5 мыңға жуығы бюджеттен субсидияланған уақытша жұмыс орындарына орналасты, – деді басқарма басшысы.

Ниет білдірушілер Жастар тәжірибесіне, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға жолдама ала алады. Басқарма мәліметтеріне сәйкес, облыста жыл басынан бері 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаевадан шағын несиелердің шашау шықпауы сұралды. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері шағын несиеге 365 млн. теңге берілген. Сонымен қатар, ауыспалы негізде 2019 жылдан келе жатқан 632 млн.теңге бар. Сонда жалпы несие портфелінде 1 млрд. 204 млн. теңге бар. Маусым айында 85 шағын несие беріледі деп жоспарлануда. Жыл басынан бері 34 шағын несие кәсіпкерлерге жол тартқан. Несие беру ісі үшінші тоқсанға дейін жалғасады. Татьяна Аблаева «шағын несиеге қажетті қаржы көлемінің жеткілікті екенін де жеткізді. Оны игеру ісінде де кедергі жоқ» дейді.

Ауылға шағын несие беру ісі де қаперде. Бұл орайда облыс әкімнің сауалына ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Сағынжан Апақашов жауап берді. Оның мәлімдеуінше, ауыл шаруагерлеріне шағын несие беру жалғасуда. Ауылдықтарға 4 млрд. 118 млн. теңге қарастырылса, бүгінде 788 млн. теңгеге 172 өтініш келіп түскен. Бұл – аталған соманың 19 пайызы. Аграршыларға шағын несие беруде де туындаған мәселе жоқ деді ол.

Аппарат отырысын қорытындылаған аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек тұрғындарды барынша қолдау құралдарын пайдалану үшін туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button