Өзін-өзі тану — келешек кілті

Мектепте оқылатын «Өзін-өзі тану» пәні арқылы балалар өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарды шешуге, өз ойын ашық айтуға, пікірін, сезімін, көңіл күйін жеткізе білуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, адами қарым-қатынас жасауға үйренеді.

Қоршаған ортаға, қыбырлаған кез келген тіршілік иесіне риясыз сүйіспеншілік сыйлай білу – жүректің кеңдігі, рухани байлықтың көрінісі. Осы тұрғыда №12 мектепте «Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндік өткізілді. Онкүндікте «Өзінөзі тану» пәні оқулығының авторы С.Назарбаеваның еңбегін таныту, оқушыларды әдептілікке, сыйластыққа, қамқорлыққа, татулыққа үйретіп, жақсылық жасауға тәрбиелеу мақсат болды. Оқушылармен «Алтын жүрек анамыз» мәтінді мәнерлеп оқу байқауы, «Сен де бір кірпіш дүниеге…» тақырыбында жоғары сынып оқушылары арасында патриоттық, адамгершілік және мейірімділік, ізгілік жайлы дебат, «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы, «Сүйіспеншілік – өмір негізі» тақырыбында ашық тәрбие сабақтары өтті. Шараларға мектеп оқушылары аса белсенділікпен және қызығушылықпен атсалысты. Өскелең ұрпақ ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық санасынан берік орын алған адамгершілік құндылықтарды, яғни ізгілік, қайырымдылық, сүйіспеншілік, адалдық қарым-қатынас сияқты қасиеттерді бойына сіңірді.

«Тәрбиесіз қоғам, қоғамсыз тәрбие өмір сүрмейді» деген заңдылыққа сүйене келсек, өскелең ұрпақтың бойына қоғам талабына сай адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда мектеп ұжымы атсалысуда.

 Ж. ОНҒАРБАЕВА,

К.ҚУАНБАЕВА,

№12 мектептің өзін-өзі тану пәні мұғалімдері.