Жыл қорытындысы: өңір дамуында өрлеу бар

Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің алдын ала қорытындылары айтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жайы да сөз болды.

Бюджет қалай орындалды?

Алдымен Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жаңа басшысы Арман Лямбеков пен Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы Темірхан Абылаевты таныстырды. Бұған дейін Арман Лямбеков Қарағанды облысы әкімі аппаратының АӨК және табиғатты пайдалану бөлімінің меңгерушісі болса, Темірхан Абылаев облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарған.

Қарағанды облысы қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаның айтуынша, 2019 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігі 167,4 млрд. теңгеге немесе жоспарға сай, 106,8%-ға орындалған. Қарағанды қаласындағы Солнечная көшесіндегі Батыс сорғы станциясына дейінгі суағарды қайта жаңарту, сондай-ақ, Шет ауданындағы өзен арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту бойынша қаражаттың игерілмеуі сот талқылауларына байланысты деп түсіндіреді Людмила Башарина.

Сонымен қатар, биылғы міндет – жолдардың жағдайын 84%-ға жақсарту. 12 ауылдық елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша инфрақұрылыммен қатар, елді мекендердің ішіндегі жолдарды жөндеу де қарастырылмақшы. Жеңіс Қасымбек жұмысты жеделдетуді, мердігерлерді анықтауды және жұмылдыруды тапсырды. «Бұл барлық құрылыс нысандарға – энергетика, білім беру және басқа да объектілерге қатысы бар» – деп қатаң талап қойды аймақ басшысы.

Азық-түлік бағасы – назарда

– Өткен жылы әлеуметтік-маңызды тауарлар мен азық-түлік бағасының өсуі байқалды, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. – Бағаны ұстап тұру үшін жұмысты ширату қажет. Ол қала-аудан әкімдері қызметінің негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс, – деді ол.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шараларын баяндаған ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Санаубаров жалпы алғанда, желтоқсан айында бірқатар тауарлардың бағасы төмендегенін айтады.

– Сәбіз – 2,6%-ға, пияз-1,4%-ға қымбаттады. Қант бағасы-1,8% және күріш бағасы-1,4% төмендеді. Алайда, бір жыл ішінде тары бағасы 57%-ға, бірінші сұрыпты бидай ұнының бағасы – 28,7%ға, арпа жармасы 23%-ға бағаның айтарлықтай артуы байқалды. Сондай-ақ, жоғары сұрыпты бидай ұнының бағасы 22,3%-ға, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны 18%-ға, жұмыртқа 14,6%-ға өсті. Бұл ретте қант 25,5%-ға арзандады, – дейді Асқар Санаубаров.

Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуін тежеу үшін облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тауарларды белгіленген бағамен босату туралы меморандумдар жасалған. Қараша-желтоқсан айларында тұрақтандыру қорынан қарақұмық 184 теңге және картоп 65 теңгеге шығарылып, бағаның өсуіне жол берілмеген. Ал, жәрмеңкелерде 5 млрд.368 млн. теңгеге 8 612 тонна өнім сатылған.

Инвестиция тартуда – рекордтық көрсеткіш

 – 2019 жылы негізгі капиталға инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 800,4 млрд. теңгені құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш, – дейді Жеңіс Қасымбек. Дегенмен, бұл республикалық бюджеттен түсетін түсімдер екенін ескеру қажет. Аппарат жиынында облыстың даму жағдайы туралы экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов мәлімдеді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері барлық базалық салаларда – өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, құрылыста, оның ішінде іске қосылатын тұрғын үй көлемінің есебінен өсумен қамтамасыз етілген. Көлік қызметтері мен саудада да өсім бар.

 – Өңдеу өнеркәсібінің 0,2%-ға және тау-кен өндіру өнеркәсібінің 10,6%-ға өсуі есебінен өнеркәсіп өнімі 2,6 триллион теңгеге өндірілді. Түсті металлургия мен фармацевтикада өсім байқалады. Бірақ, қара металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, резеңке және пластмасса бұйымдары, өзге де металл емес минералдық өнімдер, сондай-ақ машина жасау өндірісінің көлемі төмендеді. Өңдеудің жалпы көлеміндегі көрсетілген салалардың үлесі 15,4 % құрайды, – дейді Азамат Мұқанов.

Тау-кен өнеркәсібінде металл, темір кендерін, түсті металл кендерін өндіру ұлғайды, алайда көмір өндіру төмендеген. Ал, Балқаш, Приозерск, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Бұқар жырау және Осакаров аудандарында кері динамика байқалады. Балқаш, Саран, Сәтбаев, Теміртау және Бұқар жырау ауданында өңдеу өнеркәсібі көлемінің қысқаруы, Шахтинск және Осакаров ауданында тау-кен өнеркәсібі көлемінің қысқаруы негізгі себеп.

Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі мал шаруашылығы өнімдерінің өсуімен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 есеге өсіп, 432,7 миллиард теңгені құраған. Дегенмен, бұл көрсеткіш Балқаш, Приозерск, Сәтбаев, Теміртау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында төмен.

 Азамат Мұқанов 2020 жылы экономиканы 5,3%-ға өсіруді жоспарлап отырғанын айтады.

Жалпы, Жеңіс Қасымбек жыл қорытындысына оң баға берді. Одан бөлек, биыл ірі кәсіпорындарға инвестиция салу күтілуде. Жалпы сомасы 300 млрд. теңгеге 13 жоба пайдалануға беріледі.

Салтанат ІЛИЯШ