Жезқазғанда жаңа — «Арбат»

Ауқымды қайта жаңғырту және сапалы сәулеттендіру жұмысынан кейін Ғарышкерлер желекжолы жаңаша кейіпке енді. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Асылбек Дүйсебаев пен «Қазақмыс» компаниясы басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев оның ашылу салтанатына қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын металлургтер шаһарының 65 жылдығы қарсаңындағы елеулі оқиғамен құттықтады. Қала әкімі Қайрат Бегімовке Жезқазған аймағындағы кәсіпкерлер мен өндірісшілер қауымдастығы басқармасының төрағасы, «Ютария» өндірістік-инновациялық компаниясының бас директоры Сәуле Шәуенова желекжолдың символикалық кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.

– Жезқазғанды ерекшелендіретін екі айырықша атау бар: біріншісі — «Мысты шаһар», екіншісі – «Ғарыш айлағы». Екінші атауды қала 1973 жылы қазанда Жезқазған алғаш КСРО ғарышкерлері Олег Макаров пен Владимир Лазаревті ғарыш сапарынан қарсы алғаннан кейін иеленді. Содан кейін 56 ғарышкер Жезқазған жеріне қонып, қаланың Құрметті азаматы атанды. Желекжолға Ғарышкерлер атауы беріліп, Даңқ саяжолы ашылды және «Ғарышты бағындырғандар» ескерткіші қойылды.

Біз бүгін Жезқазғанның 65 жылдығы қарсаңында тағы да қуанышты оқиғаға куә болдық. Адамзат баласының ғарыш кеңістігін игеру тарихында өзіндік орны бар Ғарышкерлер желекжолының «екінші тынысы» ашылды. Оны қайта жаңғырту «Қазақмыс» компаниясының қомақты қаражаты мен бас мердігер – «Ютария» өндірістік-инновациялық компаниясының дизайнерлік таланты арқасында мүмкін болды.

  • Заман талабына сай жаңартылған Ғарышкерлер желекжолы қала келбетіне көрік қосқан келісті бір бөлігіне айналды. Ол баладан бастап, қарияға дейінгі әрбір тұрғынның демалатын сүйікті орны болатынына мен сенімдімін, – деді қала басшысы Қайрат Бегімов.

Желекжолды жаңғырту жобасын құрар кезде Кетбұқа ескерткішінен басталатын тарихтан бірте-бірте ғарышты игеру тақырыбына өтетін бірегей композиция аясында үлкен мен кіші еркін дем алып, спортпен айналысатын әмбебап орын ұйымдастыру ұйғарылған еді. Соған сәйкес, 60022 шаршы метр желекжол аумағы шартты түрде бірнеше аймаққа бөлінді.

Кетбұқа ескерткішінің төңірегіне граниттен тарихи стелла, сондай-ақ, домбыра мен қобыздың мүсіні қойылып, желекжолдың кіреберісі тарихи-мәдени кешенге айналды. Онда немересін жетелеген ата мен әженің қазақ халқының ерлікке толы өткені туралы сыр шертіп, жас буынның оның тарихы мен дәстүріне қызығушылығын оятуына мол мүмкіндік жасалған.

Жобаны жүзеге асырған креативті команда желекжолды тұтас ертегі әлеміне айналдырған. Оның орталық бөлігінен С.Сейфуллин көшесіне дейін әртүрлі ойын-сауық алаңдары орналасқан. Шебер дизайнерлік шешімін тапқан арт-нысандар қаншама?! Ал, коворкинг-орталықта тынығып қана қоймай, әңгіме-дүкен құруға, толғандырған идеяны ортаға салуға болады. Жезқазғандық «Арбаттағы» тағы бір жаңалық – кітап айырбастау орны.

Желекжолдағы жаңалықты жазғаннан гөрі, бір рет көрген әлдеқайда әсерлі болары анық. Жезқазғандықтарға шаһардың 65 жылдығы қарсаңында осындай керемет тарту-таралғы жасау үшін «Қазақмыс» компаниясы 369,5 млн. теңге қаражат қарастырды. Ал, жобаны Жезқазған аймағындағы кәсіпкерлер мен өндірісшілер қауымдастығының «Ютария», «Жалғасқұрылыс», «Сенімқұрылыс» компаниялары мен «Тәкеев» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.