Жаңалықтар

Жезқазғанда халықаралық театрлар фестивалі өтеді

15-19 қазан күндері Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында халықаралық театрлар фестивалі өтеді. Салтанатты ашылу 15 қазан күні сағат 14.00-де болады. Театрлар фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізіледі.

Фестивальдің мақсаты – театр өнерін дамыту, шығармашылық байланыстарды нығайту және  тәжірибе алмасу, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау. Шара Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған театрының негізін қалаушылардың бірі, талантты режиссер Жанат Хаджиевтің есімін ұлықтауға арналған.
Фестивальге мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы), Абай атындағы Қазақ музыкалық-драма театры (Семей), Шығыс Қазақстан облыстық драма театры (Өскемен), Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры (Орал), А. Өміралиев атындағы қалалық драма театры (Бішкек), М. Вахидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры, «Турон театр-студиясы” (Ташкент) қатысады.
Фестивальдің құрметті қонақтарының қатарында  театр басшылары, талантты өнерпаздан, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ж. Хаджиевтің жұбайы Рашида Хаджиева бар.
Жанат Хаджиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты. 1972 жылы М.С. Щепкин атындағы Мәскеу Жоғары театр училищесін бітіргеннен кейін актерлер тобымен бірге сахнада көптеген образдарды сомдап, Жезқазған театрында жұмыс істей бастады.

1980 жылы Алматы мемлекеттік көркемсурет-театр институтының режиссерлік факультетін бітіріп, туған театрына оралды. Бас режиссер және көркемдік жетекші ретінде театрды жоғары шығармашылық деңгейге көтеру үшін үлкен күш салды. М. Әуезовтың «Қараш-Қараш», «Қарагөз», «Абай жолы» (К. Ахметов инсц.), А.Таразидің «Қыз махаббаты», А.Вампиловтың «Первенец», Ғ. Мүсіреповтың «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М. Кәрімнің «Не бросай огонь, Прометей» және тағы да басқа спектакльдерді қойған. Бұл қойылымдар бірнеше рет республикалық фестивальдарда бас және жүлделі орындарға ие болды.

Жанат Хаджиев 2017 жылдың сәуір айында қайтыс болды.

Басқа материалдар

Back to top button