Жазғы семестр: жабық есік артындағы жанталас

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің арнайы мониторингтік тобының мәліметінше, облыстағы жоғарғы оқу орындарындағы жазғы семестр жабық есіктің ар жағында өтуде. Бұл туралы облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шәкеновтың «Саналы ұрпақ» Республикалық жобасының басшысы Қайыржан Тоқышев және ЖОО өкілдері қатысқан жұмыс кеңесінде белгілі болды.

Облыста «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылуда. Тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауды көздеген жоба аясында, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты іс-шаралар да өткізіледі. Тіпті, жоғары білім беру саласында жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы «Саналы ұрпақ» жобасы тағы бар. Бірақ, атқарылған ауқымды шараларға қарамастан, облыстағы жоғары оқу орындарында жазғы семестрлерді өткізу кезеңі айрықша алаңдаушылық тудырып отыр.

Айта кету керек, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында жазғы семестр кезеңінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде, сабақ өтуі тиіс кабинеттердің есіктері тарс жабық, бірқатарына сүргі соғылған. Немесе жазғы семестр өтетін дәрісханаларда диплом және диссертация қорғау немесе дайындық курстарының сабақтары өткізілген.

Бұл жазғы семестр сабақтарын өткізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға салғырт қараудың көрінісі болып табылады, – дейді «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мәлике Күсенбаева.

Жазғы семестр ЖОО-ларда білім алудың құрамдас бөлігі болып табылады және жеделдетілген және қосымша білім алу, студенттер оқу бағдарламасын игермеген пәндер бойынша академиялық қарыздарды өтеу мақсаттарында ұйымдастырылады.

Ресми деректерге жүгінсек, Қарағанды қаласында жазғы семестрде күндізгі бөлімнің 1021 студенті оқиды екен. Оның 582-і – ҚарМТУ-да, 289-ы – ҚарМУ-да және 150-і – ҚЭУ-да оқиды.

Жазғы семестр сабақтары ақылы негізде өтетінін де атап өткен жөн. Кредиттің орташа бағасы 10 000 теңгеден асады. Көп жағдайда бір пән екі кредиттен тұрады. Осылайша, жазғы семестрді өткізу барысында бір ғана жоғары оқу орнында 10 миллион теңгеден астам қаражат жиналады. Олардың тиісті түрде игерілмеуі академиялық адалдық қағидаттарына, бюджет саясатына қарамақайшы келеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді.

Жоғарыдағылар негізінде ЖОО-ларға жазғы семестрді өткізу бойынша жұмыстарға бақылауды күшейту, сабақтарға қатыспаған студенттерді келесі курсқа ауыстырмау және Академиялық ар-намыс кодексін бұзғаны үшін жазғы семестр сабақтарын ұйымдастыру жұмыстарына қатысы бар тұлғалардың жауаптылығын қарастыру арқылы сабаққа қатыспау фактілерінің жолын кесу ұсынылды.

Салтанат ІЛИЯШ,

«Ortalyq Qazaqstan»