Жалпыға жағымды жәрмеңке

Жақында Саран қаласында тұрғындарға арзандатылған бағамен азық-түлік өнімдерін ұсыну мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке ел көңілінде аса жағымды әсер қалдырды. Демалыс күндеріне дөп түскен жәрмеңкеге екі күннің ішінде келген жалпы саны үш мыңға жуық қала тұрғындарының жайдары күйде қоржындарын қомақты етіп арқалап кетуі біраз жайттан хабар берсе керек.

Осы орайда қала жұртшылығының жергілікті өнім өндірушілердің тарапынан нарықтағы бағадан анағұрлым төмен бағамен ұсынатын сапалы өнімдерін сатып алуға дағдыланғанын айта кету артықшылық етпейді. Жәрмеңке кезінде тұтынушылардың жекелеген азық-түліктердің дәмін татып көруіне де қолайлы жағдай жасалған.

Шынында да, сол күндері жәрмеңкеге ағылған ағайынның көңіл-күйлері аса көтеріңкі болды. Оған күн шуағы молынан төгілген көктемнің жағымды ауа райы да әсер еткен болуы тиіс. Қалай десек те, жаңарған күн мен жаңғырған маусым лебі сатушылар мен сатып алушылардың арасында өзара түсіністік пен ымыраның орнығуына сеп болғандай әсер қалдырды.

Сауда-саттық орындарында маңызды азық-түлік түрлерінің босатылу құны әдеттегіден 15-20 пайыз төмен болды. Айталық, картоптың бір келісінің бағасы 40 теңге болса, бір келі сәбіз 65 теңгеден саудаланды. Қант 224 теңге, сұйық май 330 теңге, макарон өнімдері 140 теңге, ірімшік 600 теңгеден ұсынылса, тауық жұмыртқасы санаты мен сапасына сәйкес, 160-200 теңге аралығындағы бағамен саудаға шығарылды.

Ұйымдастырушы тараптың мәлімдеуінше, жәрмеңке барысында 87 тоннадан аса көлемдегі ауыл шаруашылығы саласында өндірілген азық-түлік түрлері мен халық тұтынатын тауарлар сатылған екен. Оның ішінде, 22,2 тонна ет, 5 тоннадан аса сүт және сүт өнімдері, 54 тоннадан астам жеміс-жидек пен көкөніс, 5 тонна бакалея өнімдері бар. Сондай-ақ, жұмыртқа, бал, шұжық және кондитерлік өнімдер де қала тұрғындары дастархандарының берекесін енгізетін болады.