Бас тақырып

Жаңа жәрдемақыға құжат қабылдануда

Осыдан бірер ай бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы тағайындалатынын айтқан еді. Енді міне, кешеден бері облыстағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында көпбалалы аналардың құжаттарын қабылдау жүріп жатыр. Өмірге төрт немесе одан да көп бала әкелген аналар бала санына байланысты 42 500 теңгеден 73 370 теңгеге дейін ала алады.

Жаңа жәрдемақы делінгенмен, көпбалалы аналардың бұрыннан алып келе жатқан мемлекеттік қолдауы. 10 500 теңгені құрайтын бұл жәрдемақыны 2018 жылдың басына дейін кемі төрт баласы болған аналар бүгінгі күнге дейін алып келеді. Ал, одан бері қарай көпбалалы атанған аналар бұл қаражаттан, тіпті, көпбалалы ана деген мәртебесінен де қағылған болатын. Енді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы аналарды, сондай-ақ, шынайы мұқтаж отбасыларды қолдаудың жаңа әдісін ұсынды. Оған сәйкес, келесі жылдан бастап барлық көпбалалы отбасылар табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы ала алады. Ол үшін кешегі күннен бастап 2018 жылдан бері қарай төртінші және одан да көп бала туған аналар барлық балаларының туу туралы құжатын, кез келген банктегі немесе «Қазпоштадағы» шоты туралы анықтама тапсыруы тиіс. 18 жастан асқан, бірақ күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі баласы үшін сол оқу орнында оқитындығын растайтын анықтама қажет болады. Құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы отырған жұмыспен қамту орталықтарының мамандары қабылдауда. Өтініштер 4 желтоқсанға дейін қабылданады.

– Әзірге келушілер аз, – дейді Қарағанды қаласындағы Кеншілер даңғылы бойында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығында отырған жұмыспен қамту орталығының маманы Ерден Төленов. – Қазіргі таңда 10 500 теңге алып жүрген аналар бұл тізімге автоматты түрде енеді. Құжатты кейіннен көпбалалы атанған аналар тапсырады. Анасы мен балалары бір мекен-жайда тіркеуде болуы тиіс. Негізгі ескеретін жайт осы. Құжатты тапсыруға әкелер де келіп жатыр, бірақ өтінішті көпбалалы аналар тапсыруы керек.

Алты баланың анасы Ұлдай Жаппарова жаңа жәрдемақы алушылардың бірі болмақ.

– Қазір 10 500 теңге алып жүрмін. Әрине, оның артқаны қуантады. Атаулы әлеуметтік көмекке іліге алмадық, бірақ балаларыма мектепте ыстық тамақ, тегін жол жүру мүмкіндігі берілген, – деді ол.

Ал, 2018 жылы төртінші баласын туған Татьяна Нұрпейісова тиісті құжаттарын өткізді. Ол келер жылдан бастап 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы ала алады.

 Құжат қабылдау аймақтағы мемлекеттік жәрдем ала алатын көпбалалы аналардың санын анықтап береді. «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Елена Шарафутдинованың айтуынша, қазір облыста 8621 көпбалалы ана бар.

 – Бұл аналар бізде бұрыннан тізімде бар, 10 500 теңге алып келеді. Енді осы шара нәтижесінде 4400 көпбалалы ана жаңадан қосылады деп күтілуде. Жаңа жәрдемақыны алатын аналардың санын құжат қабылдау аяқталғаннан кейін білетін боламыз, – деді ол.

 Көпбалалы отбасылардың қоғамдағы мәртебесін көтеріп, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа жәрдемақыны төрт, не одан да көп баласы бар барлық аналар ала алады. Сонымен қатар, нақты мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек те тағайындалатынын, оның бала санына байланысты еместігін айта кеткен жөн.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button