Жаңалықтар

Жаңа заң – мемлекет қамқорлығының айғағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы» Заңына қол қойды деген хабарды естіп, ел ардагерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, еңбек ардагерлері, әр жылдары басқа елдер аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқандар, Чернобыль апатының зардабын жоюшылар сапында болған азаматтар ерекше қуанып жатқаны ақиқат. Өзім жетекшілік ететін Жезқазған қаласы ардагерлер кеңесінің мүшелері бұл заңды қуана құптап отыр. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, бұл заң Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қабылданды.

Екіншіден, осы құжат ардагер мәртебесін иеленетіндердің қатарын айтарлықтай ұлғайтты. Сонымен қатар, заңда бұл мәртебені иеленетіндер нақты сипатталып, әр санаттағыларға жеке-жеке анықтама берілген.

Мәселен, Чернобыль апатын жоюға қатысқандар, басқа да қауіпті апаттардың салдарын жойғандар мен соның нәтижесінде мүгедек болғандар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілді. Сондай-ақ, Ауған соғысында, Одақты қорғау кезінде контузия, жарақат алып, мүгедек болғандар да Ұлы Отан соғысы мүгедектерімен теңестірілді.

Тағы бір ерекше айта кететін тұсы, Тәуелсіз Қазақстанның бітімгерлері – әр жылдары қақтығыс аймақтарында тиісті миссияны атқарғандардың, оның ішінде, ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау аясында тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыс ортасында болғандардың мәртебесі 5-бапта айқындалған. Бұл санатқа жататын азаматтардың елімізде баршылық екенін ескерсек, заң дер кезінде қабылданған деп тұжырымдауға толық негіз бар.

Бұдан тысқары, жаңа заң ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік кепілдемелерді де айқындап берді. Олардың қатарында түрлі әлеуметтік жәрдемақылардан бөлек, салық салу, медициналық қызмет көрсету, жоғары білім алу және баспана мәселесіне қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеңілдіктер ардагерлердің отбасы мүшелеріне де таралады.

Осының бәрі – Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік ұстанымы әлеуетті мемлекет ретінде қалыптастырып жатқанының айғағы.

Айып БАЙҚАСЫНОВ,

Жезқазған қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button