Жәрдемақыға құжат қабылдау жалғасады

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көпбалалы аналарды, сондай-ақ, шынайы мұқтаж отбасыларды қолдаудың жаңа әдісін ұсынғанын, оған құжаттар 4 желтоқсанға дейін қабылданаты жайлы жазған едік. Редакциямызға оқырмандардан «құжат тапсыру уақыты шектелген бе? 4 желтоқсаннан кейін құжат тапсыру аяқтала ма?» деген мазмұндағы сауалдар келіп түсуде. Соған орай, Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласқанымызда, мамандар «құжаттарды белгілі уақытқа дейін қабылдаймыз деген қатып қалған қағида жоқ. 4 желтоқсанға дейін құжат тапсырып үлгеру – қаңтар айынан бастап жәрдемақы алғысы келетіндерге айтылған ескерту» екенін айтты. Сонымен, құжаттардың қабылдану уақыты қашанға дейін және жәрдемақы қай уақыттан беріле бастайды?

Құжат тапсыру уақыты шектеулі ме?

 Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығы берген мәліметке сүйенсек, құжатты кез келген күні тапсыруға болады. Мәселен, егер жәрдемақыны қаңтар айынан бастап алам десеңіз, желтоқсан айында тұрғылықты жеріңіздегі Халыққа қызмет көрсету орталығына (ЦОН) барып, тіркеу орны мен тұрғылықты мекенжайдың құжаттарын ретке келтіріп, тапсыру қажет.

– Құжаттарды бесінші желтоқсанға дейін қабылдаймыз деген қатып қалған қағида жоқ. Сондай-ақ, құжаттарды қабылдау тоқтатылады деген сөз болған жоқ. Тек, құжаттары дұрыс емес адамдарға жәрдемақы құжаттарын уақытында ретке келтіру тапсырылды. Құжаттарды қай уақытта тапсырамын десе де, ол адамдардың өз еркінде. Дегенмен, қаңтар айынан бастап жәрдемақы аламын деген адам құжатты желтоқсанда тапсырғаны жөн, – дейді жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Қандай құжаттар керек?

Ол үшін 2018 жылдан бері қарай төртінші сәбиін және одан да көп бала туған аналар барлық балаларының туу туралы құжатын (түпнұсқасы және көшірмесі), кез келген банктегі немесе «Қазпоштадағы» шоты туралы анықтаманы тапсыруы тиіс. 18 жастан асқан, бірақ күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі баласы барларға сол оқу орнында оқитындығын растайтын анықтама алуы – міндетті. Құжаттарды өңірлердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы отырған жұмыспен қамту орталықтарының мамандары қабылдайды.

Жәрдемақы қай уақыттан беріледі?

 Жәрдемақы құжат тапсырған уақыттан бастап беріледі. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, көпшілік тарапынан «Ақпан, наурыз айында құжат тапсырсам, қаңтардан бергі жәрдемақыны ала аламын ба?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Мамандардың сөзіне сүйенсек, адамдар құжатты қай айда тапсырады, сол айдан бастап жәрдемақы беріле бастайды.

Тұрғылықты мекен-жай анықтамасы сұралмайды

 Өйткені, қазіргі таңда ХҚКО базасында адамдардың тұрғылықты мекен-жай анықтамасы туралы мәлімет бар. Бұл – аналардың мекемелерге қағаз тасып, уақытын жоғалтпауы үшін жасалған мүмкіндік. Осы орайда балалар да анасымен бірге бір мекен-жай бойынша тұруы және сол мекен-жайда тұрақты тіркеуде болғаны жөн. Мысалы, тұрғылықты мекенжайы Қарағанды қаласында тіркелген азаматтар сол мекен-жай анықтамасы бойынша құжат тапсыруы керек. Егер тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуде тұрған болса, оның уақыты 6 айдан артық болуы қажет. Бұл заңдылықтар көпбалалы отбасы түсінігі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс талабына сәйкес қарастырылған.

Аяулым СОВЕТ