Бас тақырыпРесми

Жұмысшы мүддесі – басты назарда

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ қатысуымен өткен әлеуметтік серіктестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында «Теміртау электр металлургия комбинаты» («ТЭМК») АҚ тау-кен басқармасы филиалының персоналын қысқарту мәселесі талқыланды.

Абай ауданындағы «ТЭМК» АҚ тау-кен басқармасы филиалы биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорынына әктас жөнелтуді тоқтатқалы, өндіріс көлемінің төмендеуі салдарынан жұмысшылар санын қысқартуды жоспарлаған болатын. Соған орай, аталған кәсіпорын әкімшілігі экономикалық қиындықтарға және өнім өткізетін жері болмауына байланысты филиал жұмысын ішінара тоқтату туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім жүзеге асар болса, 376 жұмыскердің 50 пайызы қысқарып, 188-і жұмысын қалыпты режимде жалғастыра бермек.

Бірақ, «Қамқор» кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Шаров компания әкімшілігі жұмыскерлерді заңсыз түрде қысқартуда деп мәселе көтерген еді. Оның айтуынша, бұл жерде Инвестициялар және даму министрлігі, Еңбек заңнамасы мен тау-кен металлургия өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы және республикалық тау-кен өндіруші кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған салалық келісім бұзылған.

– Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, «ТЭМК» АҚ әкімшілігі жұмыскершыларды қысқарту туралы шешімді екі ай бұрын кәсіподақпен келісе отырып, жүргізуі керек, – дейді А.Шаров. 

Кәсіподақ төрағасы «ТЭМК» АҚ жұмыскерлерді қысқарту кезінде еңбек заңнамасындағы басқа да талаптар ескерілмеген дейді. Мәселен, олардың қатарында еңбекке жарамсыздығы, демалыс кезінде еңбек шартын бұзбау, жалғызбасты аналар мен кәсіби ауруы бар жұмыскерлерді жұмыстан босатпау тәрізді тармақтары бар.

Жұмыс орындарын сақтау үшін «Қамқор» кәсіподағы «ТЭМК» АҚ әкімшілігіне еңбек адамдарының өтініштеріне сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ұсына отырып, биылғы жылдың 15 маусымына дейін жұмыстан босатылатын қызметкерлер үшін толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Бірақ, қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты «ТЭМК» АҚ өз жауаптарында толық емес жұмыс күнін енгізу арқылы жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкін еместігін, бұл тиісінше қосымша қаржылық жүктемелерге алып келетінін көрсеткен. 

Келіссөздер жүргізілгеннен кейін «Қамқор» кәсіподақ ұйымы «ТЭМК» АҚ-мен өзара келісім жасауға ниет білдірді. Келісім-шарт бойынша аталмыш кәсіпорын жұмысын жандандырған жағдайда, қысқаруға түскен адамдар қайта жұмысқа орналастырылатын болады. Осы келісім жасалса ғана қызметкерлердің санын қысқартуға өз келісімін беретінін білдірді.

Осыдан соң Қарағанды облысының әкімі, «Қамқор» кәсіподақ ұйымы және «ТЭМК» АҚ арасында өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және жұмыстан босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, «ТЭМК» АҚ тау-кен басқармасы филиалында жұмыс орындарын сақтау және мәселені реттеу мақсатында облыстың Кәсіподақ орталығы мүдделі тараптардың қатысуымен аталған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жолдады.

Тақырыпты талқылау барысында облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Абай ауданы әкімдігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға қысқартуға жататын «ТЭМК» АҚ тау-кен басқармасы филиалының әр қызметкерін жұмысқа орналастыру бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Жағдай әлеуметтік серіктестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның бақылауында болады.

Салтанат ІЛИЯШ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button