Бас тақырыпРуханият

Жұлдыз жанған күн

Сейсенбі күні Қарағандыда Қазақстанның халық әртісі, әйгілі пианиношы Жәния Әубәкірованың концерті өтіп, «Кеншілер Даңқы» Алаңы, «Жұлдыздар Аллеясында» жұлдыз тақтасы ашылды. Шежірелі шет өңірінен шығып, есімі шартарапқа жайылған өнер иесінің шеберлігіне куәгер болған қарағандылықтар жерлестерінің талантына тәнті болды десек, артық айтқандық емес шығар.

Қарағандының қасиетті даласы бір сілкінді бұл күні. Сұңғыла Сәкен Сейфуллин, атақты Жайық Бектұров туған күні жұлдызы жанбағанда қашан жанбақ? Оның үстіне, нағыз асыл өнердің бағасына жеткендер болмаса, есімін екінің бірі біле бермейтін Жәниядай біртуар өнерпаздың жұлдызы! Асыл текті Жәния апамыз аспанда баяғыда жарқыраған жұлдыз болып. Алаш даласында туып, әлем елдерінің құрметіне бөленген перзентімен Қарағанды мақтанғысы келгені де! Туған жері, өскен өлкесінен – ерекше белгі, зор ілтипат. Перзентіне деген періште пейіл! Облыс әкімінен бастап бәрі осы кештің айналасында жүр. Сонымен, шымылдығы «Шалқыма» концерт залында түрілген кештің желісі былай өрбіді.

«Шалқымада» кім шырқап ән айтып, өнер көрсетпеген?! Бірақ, бұл күнгі кештің жөні бөлек болды. Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде, Франция, Алмания, Ұлыбритания, Финляндия, Италия, Чех Республикасы, Болгария, Корея, Жапонияда өнер көрсетіп, лайықты бағасын алған Арқаның Жәния қызы пианинода ойнағанда, залда шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындаған үш шығармасының үшеуіне де ел сілтідей тынды. Симфониялық оркестрдің дирижері – бүкілресейлік байқаудың лауреаты Петр Грибанов. Фортепиано тілдерінің үстінде секірген Жәния апай саусақтарынан төгілген саз бен әуен бізге Мұқағалидың мына сөзінің құдіретін ашқандай әсерде қалдық:

«Жыр сөздері жай  болып атылғанда,

Атылғанда, аспаннан оқылғанда,

Мылқауларға тіл бітіп,  керең естіп,

Жанар пайда болады  соқырларға».

Шындығында, осыншама құдіретті музыка тілі салтанат құрған кеш мақтаусыз, марапатсыз болса, жараспас еді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек шығып өнер саңлағына өрелі лебізін білдірді.

«Бүгін бір тамаша кеш болып отыр. Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, Қарағандыда жыл сайын өтіп тұратын тамаша дәстүр, жақсы жоралғы бар. Ол – «Әуенді Сарыарқа» фестивалі. Қазақстан ғана емес, әлем елдерін аралап өнер көрсетіп жүрген талантты тұлғалар келеді мұнда. Соның бірі һәм бірегейі – Жәния апамыз – біздің мақтанышымыз» деп Жәния Әубәкірованың елге сіңірген еңбегіне тоқталды. Жәния апамыздың есімін Қарағандының «Құрмет кітабына» енгізу рәсімі сол сахна үстінде салтанатты түрде жүзеге асты. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Құттықтау хаты осы жерде оқылды.

«Құрметті Жәния Жақияқызы!

Сіз – жеке концерттік бағдарламамен және камералық, симфониялық оркестрлермен алыс-жақын шет мемлекеттерде өнер көрсеткен ерекше дарын иесісіз. Пианист, концертмейстер, педагог, топ-менеджер сынды бірнеше мамандықтың тізгінін тең ұстап, ұзақ жылдар Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесіңізді қосып келесіз. ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірованың есімі бүгінде дүниежүзі музыка сүйер қауымына кеңінен танымал.

Өнер саласында өзіңіздің лайықты орныңызды тауып, тиісті бағаңызды алған бақытты жансыз. Елдің Сізге деген құрмет-қошеметі ерекше. «Кеншілер даңқы» композициясы алаңында жұлдыз тақтаңыздың ашылуы осы сый-құрметтің алдағы уақытта да еселене беретінінің айқын көрінісі іспетті.

2007 жылы Қарағанды қаласының төрінен орын тепкен «Жұлдыздар аллеясында» жыл сайын еліміздің өнер майталмандарының атынан белгі ашылып келе жатқан жақсы үрдіс жалғасын таба берсін!

Сіздің жұлдызыңыз жана берсін, Жәния Жақияқызы!» делінген онда.

Шын мәніндегі өнер саңлағы Жәния апамыз оркестрдің сүйемелдеуімен Г.Свиридов, В.Гаврилин, Ф.Шопен сынды композиторлардың шығармаларын пианинода ойнап болған соң, мұндағы жұрт Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы «Даңқ» алаңына Жәния Әубәкірованың жұлдыз тақтасының ашылуына барды. Онда да облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пен өнер иесі сөз сөйлеп, шара соңы отшашуға ұласты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button