Руханият

Зайырлылық пен діндарлықтың арасында қақтығыс болмауы керек

Қызмет бабымен діни сипаттағы іс-шараларға жиі қатысып тұрамын. Бұл салада көп жылдан бері жұмыс істей жүріп, дін саласындағы көпшілік мән бере қоймайтын кейбір үрдістерді байқадым. Бұл тақырыпта көп дүние жазуға болады. Бірақ, мен діни бірлестіктердегі діни іс-шаралардың бізді тереңірек ойлануға және оларды шешудің дұрыс жолдарын табу қажеттігіне міндеттейтін бірнеше аспектілерді ғана бөліп көрсеткім келеді.

Біріншіден, халықтың дінге қызығушылығы артып келеді. Осыған байланысты бұл қызығушылықты адамның өзін-өзі тұлғалық жетілдіруіне, адами оң құндылықтарды қабылдауы арқылы қоғамдағы руханилықты арттыруға бағыттау маңызды. Яғни, біз үшін діндарлық дінге сенетін және зайырлы адамдар арасында бөлінушілік пен түсініспеушіліктің артуына емес, қоғамдағы жағдайдың жақсаруына ықпал етуі маңызды. Тиісінше, кез келген діни іс-шарада аталған құндылықтар насихатталатын болса, тек, дінге сенушілер емес, жалпы қоғам оң қабылдап, қолдайтын болады. Мүфтият үшін де, еліміздің басқа діни бірлестіктері үшін де діни іс-шаралардың қоғам үшін пайдалылығының өлшемі болуға тиіс.

Екіншіден, діни іс-шараларда біз діни құндылықтардың белсенді насихатталатынын көреміз. Әрине, бұл мұндай іс-шаралардың басты мақсаты және ол қисынды да. Сонымен бірге, діни мәселелер туралы сөз болғанда біздің дінге сенуші адамдар арасында патриотизм мен Отанды сүю құндылықтарын ілгерілетудің, өз тілімізді, көпғасырлық мәдениетіміз бен Қазақстан халқының бай тарихын құрметтеудің маңыздылығын ұмытпауымыз керек. Біз, ең алдымен, өзіміз мақтан тұтатын еліміздің азаматтарымыз. Егер, үстіміздегі жылы желтоқсанда еліміздің барлық өңірлерінде, әсіресе, Астана қаласында республикалық деңгейде өткен көптеген діни іс-шаралар туралы айтар болсақ, онда діни тақырыптармен қатар, мемлекетіміздің тәуелсіздігі, оның рәміздері, Қазақстан Тәуелсіздігі кезінде қалыптасқан тұлғалар, ұлттар және жалпы қоғам туралы да айтылу тиіс шығар. Өйткені, еліміздің тәуелсіздігінің арқасында біз еркін елде өмір сүріп жатырмыз, өз тілімізде сөйлейміз, өз мәдениетімізді дамытудамыз, аталарымыздың дініне сеніп, мешіттер мен храмдар және тағы басқаларын сала аламыз. Бұл барлық діни бірлестіктерге қатысты.

Үшіншіден, діни іс-шараларда дінге сенуші азаматтар арасында дінді насихаттау, өкінішке орай, кейде зайырлыға қарсы қою жолымен жүргізіледі. Бұл ретте барлық жақсы қасиеттер күні бұрын дінге сенетін адамдарға, ал, жаман қасиеттер дінге сенбейтіндерге таңылады. Атап айтқанда, уағызшылардың кейбір сөздерінде, дінге сенетін ақындардың орындауларында зайырлы адамдардың қатыгез немесе паң адамдар, тәрбие көрмеген және құндылық деңгейі төмен, ойын-сауықтарға қатысушы және ішімдікке салынған адамдар ретінде көрсетілуі сирек емес. Иә, қоғамдағы жат қылықтармен күресу керек, бірақ ол үшін бірінші кезекте азаматтардың жалпы мәдени деңгейін көтеру қажет. Жақсы білім алудың, отбасындағы тәрбиенің қажеттігі туралы, жастардың бойына жалпы адами құндылықтарды, еңбексүйгіштік пен әділдікті сіңіру туралы айту маңызды. Бірақ, бүкіл күнә үшін барлық зайырлы адамдарды айыптауға болмайды. Зайырлы адамдардың басым бөлігі парасатты адамдар және олар әр күн сайын түрлі салаларда еліміздің дамуына орасан үлестерін қосуда. Бұл ретте, дінге қатты сенетін, бірақ еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын адамдарды табуға болады. Сондықтан, қарсы қоюдың көмегімен дінді насихаттаудың мұндай әдістерін пайдалану кері нәтиже беріп, қазақстандық қоғамның бірігуі мен нығаюына ықпал етпейді.

Төртіншіден, адамның жүрегіне жету үшін қарсы қою жолымен жүрмей, дінге сенуші адамдардың үлгілі мінез-құлқын көрсету қажет. Қоғамда дінге сенетін адамдардың өз кәсіптерінде, ғылым мен техниканы тануда үздік болуы мысалдарын ілгерілету қажет. Бұл жерде «Тауларды аласартпай, даланы ұлықтау» сөз өте орынды болмақ. Бұл ретте діни қайраткерлердің дін саласында көптеген проблемалардың бар екенін және уағыздары мен көпшілік діни іс-шараларда оларды айтпай қалу оларды шешуге ықпал етпейтінін ұмытпағаны жөн. Дінге сенушілер мен кейбір имамдардың өздерінің діни білімдерінің нашарлығын, олардың арасындағы кейбір лайықсыз мінез-құлық фактілері, мұсылмандардың лайықты моральдық-имандылық бейнесі, қаржылық ашықтық пен адалдық туралы неге айтпасқа?! Халықты алдай алмайсың. Адамдар бәрібір діни қайраткерлердің кейбір проблемаларын сөз ететін болады. Діни бірлестіктер өз проблемалары туралы өздері айтып, шешуге тырысса жақсы емес пе?!

Бесіншіден, бұрын аударылмай, бұқара халыққа түпнұсқа тілде – араб тілінде таратылған діни мәтіндерді дінге сенуші адамдарға жеткізуде қазақ тілін пайдаланудың жақсы үрдісі байқалады. Бұл – өте дұрыс және барша қоғам үшін пайдалы. Өйткені, діни мәтіндердің мағынасын түсінбей, құр тыңдап немесе жаттап алмай, ондағы айтылғандарды ой-елегінен өткізетін болады. Аударма, сондай-ақ күрделі діни уағыздарды түсінікті және қазақстандық қазіргі қоғамға бейімделген мәтіндерге айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл үрдісті қолдау және дамыту маңызды.

Ғалым ШОЙКИН,

ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.

(abai.kz сайтынан)

Басқа материалдар

Back to top button