Қызылсу — қатаң бақылауда

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға аталмыш департамент басшысының орынбасары Мұрат ҚАТПАНОВ, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының басшысы Мүслім АҚҚОЖИН және «Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының бас инженері Ерлан НҰРБАЕВ қатысты.


Сала мамандарының айтуынша, аймақта тасқынға дайындық шаралары былтырғы жылдың жазында басталған. Бүгінге дейін 40 елді мекеннің аумағына ұзындығы 20 шақырым қорғаныс дуалдары тұрғызылып, 27 шақырым бөгеттер нығайтылды. Қауіпті кезеңде көлік қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмапты. Соңғы екі жылда облыс аумағындағы автокөлік жолдарында 13 көпір жөнделіп, 70 жол учаскесіне су өткізу құбырлары орнатылған екен. Жергілікті әкімдіктердің күшімен автокөлік және темір жолдардағы су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.
– Наурыз мейрамынан соң аймағымызда күн жылынып, тасқын қаупі артады. Қазір су басу қаупі төнген елді мекендерге қосымша қорғаныс бөгендері салынды. Дегенмен, бұл қауіп сейілді дегенді білдірмейді. Ауылдардың жайын біз тұрақты бақылауда ұстаймыз. Судың деңгейі мен қорғаныс бөгеттерінің ахуалы ұдайы – назарда. Тасқынның алдын алу штабтарының барлығында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылады, – дейді Мұрат Қатпанов.
Биылғы қыста апталап соққан ақтүтек бораннан көз ашпадық. Жауған қардың мөлшері де жылдағыдан әлденеше есе көп. Бұл тасқын судың қаупін арттыра түсті. Сондықтан, өңірлерде қызу жұмыстар қолға алынды. Жергілікті биліктің негізгі күші ауылдарды қардан аршуға бағытталған. Бүгінге дейін жалпы көлемі 1 млн. 800 мың текше метрден астам қар шығарылды. Сонымен қатар, ірі су қоймаларында жиналған судың көлемін төмендету жоспарлануда. Осының нәтижесінде тасқын қаупі сәл де болса сейіле түспек.
Тасқынға дайындық жұмыстары белсенді жүргізілгенімен, су басу қаупі төніп тұрған елді мекендер де баршылық. Қандай да бір қауіп төнген жағдайда халық үрейге бой алдырып, қатерлі қадамға бармауы керек. Сол себептен, қауіпті аймақтың тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін халықпен 110 жиын өткізіліп, 5 мыңнан астам жадынама таратылған.
Әрине, мамандар көктемгі су тасқыны кезеңін барынша қауіпсіз өткізу үшін әрекет етіп жатыр. Десек те, табиғаттың долы мінезін дөп басып болжау қиын. Сондықтан, бір қиындықтар туындап қалған жағдайда тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп, мәдениет ошақтары жанынан халықты уақытша орналастыруға арналған 231 пункт дайындалды.
Мұрат Қатпановтың айтуынша, қауіпті кезеңді ойдағыдай өткеру үшін апаттық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғаудың аумақтық жүйесі құралымдарының 5697 қызметкері және 1910 бірлік техника тартылған. Сонымен қатар, Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларында «Казавиаспас» АҚ тікұшақтары бар. Жергілікті бюджеттен олардың жұмысын жүйелі ұйымдастыруға қажет қаражат бөлінген. Құтқарушылар осы тікұшақтардың көмегімен аймақтағы тасқын судың жайын бақылай алады және қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіре алады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ