Қырыққабат алқабы ұлғайады

Облыс әкімі Ерлан Қошанов Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарының алқаптарында болып қайтты. Ол көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, шаруалармен кездесті.

Егін егу басталғанға дейін аймақ басшысы қырыққабат алқабын ұлғайтуды тапсырған болатын. Тұрақтандыру қорында 2019-2020 жылдары осы көкөністердің қорын 28%-ға арттыру қажет. Бұл бағаның өсуін болдырмауға көмектеседі.

Бұқар жырау ауданында қырыққабат үшін 80 гектар жер бөлінді. Өткен жылы бұл көкөніс түрі 50 гектар жерге отырғызылған болатын. Бұл ауданда картоп отырғызуға арналған алаң да ұлғаяды. Ол үшін арнайы «Баймырза Агро-2018» жаңа кәсіпорны құрылды. Компания картопты 140 гектар жерге отырғызбақ. Қажетті тұқымдар мен техника да дайын, дейді мамандар. Өнімді сақтау үшін 8000 тоннаға шақталған қойма салынады.

Сондай-ақ, Осакаров ауданында да өткен жылға қарағанда картопты көбірек отырғызуды жоспарлап отыр. Ол үшін 305 гектар алаң бөлінген. «Найдоровское» ЖШСнің егіс алқаптарында еуропалық сорттар отырғызылады. Өткен жылы шетелдік тұқымдар жақсы өнім берген болатын – бір гектардан 40 тоннаға жуық көкөніс жинап алынды. Жалпы 6000 тонна картоп жиналды.

«Найдоровское» алқаптарында цифрландыру жүйесі белсенді түрде қолданылуда. Компанияның барлық жерлерінде жер серіктерінен ақпаратты есептей отырып, топырақтың температурасы мен ылғалдылығын, отырғызылған дақылдардың пісу жылдамдығын бақылап, тіпті болашақ өнімді болжайтын арнайы бағдарлама орнатылған.

– Цифрлық технологияларды енгізу қажет. Олардың аграрлық секторға ашатын болашағы зор. Сонымен қатар, техниканы жаңарту керек. Ол үшін қазір елде лизингтік бағдарламалар мен субсидиялау секілді жағдайлар жасалған. Осының арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін техника сатып алуға берілетін несие, тек, 7%-ды құрайтын болады. Шаруалардың айтуынша, бұл олар үшін тиімді мөлшерлеме. Сондай-ақ, қазір пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Содан кейін, бұл учаскелерді аукционға шығарамыз. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді оған қатысуға және егістік аумақтарын кеңейтуге шақырамын, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі сондай-ақ, суармалы аумақтар алаңын ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті. Қазір Нұра ауданында мың гектардан астам жер бар. Биыл олардың көлемі екі есе көп болады.

Өңір басшысымен кездесу барысында аграрийлер егіс науқанын мерзімінде аяқтау үшін олардың техникасы мен тұқымдары жеткілікті деп сендірді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.