Руханият

«Ынтымағы мықты ел озар»

Тағдыр тауқыметін бір кісідей тартып бақтым. Осы жасыма дейінгі ғұмырда көрген-білгенімнен ұққан бір дүние бар. Соны сөз етейін…

1944 жылдың наурыз айы. Бізді күштеп Қазақстанға қоныс аудартты. Сол жылы төпелеп жауған қарда есеп жоқ. Біз келген ел төбесі қамыспен жабылған жертөлені мекен етеді екен. Әйтеуір, ішінде темір пеші бар. Мұның бәрі бізге оңай соқпады. Өздерінің күнін әзер көріп отырған жергілікті тұрғындар қолындағы барын берді. Бір үзім нанды бөлісіп жеді. Онымен қоса, киім-кешектерін ұсынды. Қазақ еліндегі ғұмырым осылай басталған еді…

Бұған дейін менің отбасым Шешен АССР-ның Жоғарғы Наур деген ауылында, тау арасында бейбіт ғұмыр кешкен еді. Әкем мектепте сабақ берді. Ол жазықсыз «халық жауы» атанды. Кейін ақталғанымен, қудалауға қайта тап болды.

Қуғын-сүргін дауылы анам Залва Татаевнаны, тоқсан жастағы Беба әжемді және мені Қарағанды облысының Ново-Узенка ауылынан бір-ақ шығарды. Біразға дейін осы мекенді тұрақтап қалдық. Анамнан тірідей айырылдым. Ол басқа жанмен тұрмыс құрды. Көп ұзамай әжем де қайтыс болды.

Сөйтіп, еңбекке ерте араласып, өмірге шыңдалдым. Бар ықыласымды оқуға арнадым. Мектепке бару үшін күніне 10 шақырымдай жаяу жүретінмін. Қайтар жолда алқаптан картоп пен бидай масақтарын жинап, азық етіп жүрдім. Үлкендер жағы маусымдық егін жинау науқанына жұмысқа алды. Еңбек етіп жүріп, оқуды аяқтадым. Артынша жоғарғы оқу орнын бітірдім. Қызметке орналастым. Қалалық комсомол комитетінің хатшысынан бастап, Шахтинск қаласының ішкі істер бөлімінде бірнеше қызметтер атқардым. Қазір Шахтинск қаласы Заң кеңсесінің меңгерушісі, облыстық адвокаттар алқасының мүшесімін.

Кей кездері осындай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткере отырып, аман-сау қалуыма, осы деңгейге жеткеніме не себеп болды екен деген ойға қаламын. Мүмкін, сол бала кезімнен еңбекке ерте араласқаным ба? Бәлкім, басқа түскен барлық қиыншылықтарға төзе білгенімнен болар? Жооооо-қ! Бастысы – Құдай мені қазақ еліне әкеліп табыстады. Ал, қазақ халқы мені өз ұлындай қабылдады. Қазақ халқының ең бір асыл қасиеті – сыртқа теппейді. Бауырына басуға дайын тұрады. Қандай қиыншылық болсын елмен бірге көреміз деген ұстанымда өмір кешеді. Міне, сол, ынтымақ-бірлігінің арқасында бүгінгі  бейбіт те берекелі күнге жетіп отыр.

Хамзат МУСТУПАЕВ,

«Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығы ақсақалдар алқасының мүшесі.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button