Балқаш

Әуе айлағының мүмкіндігі мол

Балқаш әскери әуе айлағы күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шараға Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ қатысты. Қолданысқа берілген әуе айлағына алғашқы болып Қорғаныс министрі мінген ұшақ қонғанын айта кеткен жөн.

Сурет:автордан

1967 жылы іргетасы қаланған әуе айлағы көлемі шағын ұшақтарды қабылдауға арналған болатын. Елу екі жылдан соң жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін зымырандық жойғыштары бар дыбыстан жылдам ұшатын әскери ұшақтардан бөлек, «Боинг» немесе «Эйрбас» сынды жолаушы тасымалдайтын ұшақтардың да ұшып-қону мүмкіндігі бар. Екі жылдан астам уақытқа созылған құрылыс жұмыстарына қазынадан 10 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Мамандардың айтуынша, әскери авиация – елдің маңызды аудандары мен нысандарын жаудың әуе соққыларынан қорғауға арналған Әуе қорғанысы күштерінің негізгі тірегі. Іс жүзінде олар кез келген әуе нысаналарын жоюға қабілетті.

– Әуе қорғанысы күштеріне кез келген уақытта елдің әуе шептерін қорғауға дайын және қабілетті болуы туралы жауынгерлік міндет жүктелген.

Даярлықтың негізгі факторларының бірі – әскери қызметшілердің қазіргі заманғы жауынгерлік авиациялық техниканы басқаруды сапалы игеру және ұшу шеберлігін арттыру қызметі, – деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.

Бұл авиациялық орталық 2007 жылдан бері Қазақстанның әскери-әуе күштеріне әуе кеңістігін қорғауға машықтанған мамандар даярлап келеді. Жыл сайын мұнда 30-ға жуық болашақ ұшқыш оқу-жаттығу жиынынан өтіп, тәжірибе жинақтайды. Бастысы, ол қажетті жағдайда әуе күштерін жұмылдыруды қамтамасыз етуге қауқарлы.

Әскери ұшақтардың қауіпсіз ұшып-қонуы үшін барлық заманауи құрал-жабдықтар қарастырылған. Бүгіннің өзінде айлаққа 5 әуе компаниясы қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button