Бас тақырыпОблыс әкімі

Ұтымды технология өнімді ұлғайтады

Сейсенбіде Қарағандыда облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың қатысуымен «Mining Week Kazakhstan – 2019» халықаралық көрмесі ашылды. Осымен 15-ші мәрте ұйымдастырылып отырған көрме жұмысында тау-кен металлургия кешені мен жер қойнауын ұтымды пайдалануға арналған технологиялар мен жабдықтар қойылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ. Сонымен қатар, индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс» деген болатын. Бұл ретте, өндіріс орындарын автоматтандыру мәселесіне қатысты өңірімізде айтулы шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бір дәлелі – «Mining Week Kazakhstan – 2019» көрмесі.

Сөйтіп, Арқа төріне дүниежүзіндегі 16 мемлекеттен бас-аяғы 117 компания өкілдері ат басын бұрыпты. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары ұсынылған өнімдер мен технологиялар болашақта іс жүзінде қолданылуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

  • Қарағанды облысы экономикасының негізін тау-кен металлургия өнеркәсібі құрап отыр. Қазір өңірде жұмыс жасап жатқан ірі компаниялардан өзге, бізде жалпы сомасы 1,6 триллион теңгені құрайтын 37 ірі инвестициялық жоба бар. Оның тең жартысы шетелдік капиталға тиесілі. Қалған жартысы тау-кен металлургиялық кешенмен байланысты. Бұл нарықтағы бәсекелестіктің күшейгенін көрсетеді. Сондықтан, мұндай көрмелер тәжірибе алмасу, жаңа келісімшарттар мен ынтымақтастық орнату үшін өте маңызды, – деді Алмас Айдаров.

Биыл аталған көрмеге 40 ресейлік компания өкілдері келді. Соның бірі – «ДЭП» компаниясы. Бұл компания тау-кен жабдықтарын жарылыстан қорғау сериясын өндірумен және әзірлеумен айналысады.

  • Бүгін біз тау-кен жабдықтары үшін жарылыстан қорғалған серияны ұсынамыз. Бұл – шахталар мен кеніштерге арналған автоматтандыру жүйесі. Яғни, біздің компания конвейерлерді, су төгілімдерін және желдетуді басқаруды қолға алады. Айта кетерлігі, аталған компания нарықта 15 жыл көлемінде жұмыс жасап келеді. Біз Беларусь, Украина сынды мемлекеттермен ынтымақтастық орнаттық. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Бұл көрмеге жыл сайын келеміз. Әзірлемелеріміз де сұранысқа ие. Себебі, кәсіпорындар өз өндірісін көбірек автоматтандырғысы келеді, – деді «ДЭП» компаниясының өкілі Алексей Тарасов.

Сөйтіп, тау-кен металлургия нарығының қозғаушы күші саналатын белді компаниялар, техниканы, жабдықтарды, машиналарды, аппараттар мен құрылғыларды өндірушілер мен жеткізушілер көрмеде өз өнімдерін ұсынады. Келушілер көрмеге алғаш рет қатысып отырған компания өнімдерімен де таныса алады. Бұл Ресейдегі кәсіпорындар – БЕЦЕМА машина жасау зауыты, «Бижур Делимон» ЖШҚ, «Элмон» өндірістік кәсіпорны» ЖШҚ, «НИСМА» КПК ЖШҚ, «КАНЕКС ТЕХНОЛОГИЯ» АҚ. Сонымен қатар, жеңдік сүзгілердің фабрикасы (Украина), UNTELKABLO (Түркия), Gambarotta Gschwendt (Италия), «Акалико Казахстан» ЖШС, «ЗАВОД ГОРЭЛТЕХ» ЖШС және «Карьер-Сервис Казахстан» компаниялары тағы бар.

  • Біздің компания инженерлік-техникалық, сондай-ақ өндірістік саланы қамтиды. Ол Италияның солтүстігінде, Аустрия мемлекетіне шекаралас орналасқан. Біз материалдарды тиеу және түсіруге арналған технологиялық жабдықтарды өндірумен айналысамыз. Биыл компания 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы күні Қазақстандағы бірнеше компаниялармен ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Тиісінше, қазақстандық нарықта үлесімізді ұлғайтқымыз келеді. Біз бұған өте мүдделіміз. Себебі, Қазақстан тау-кен өнеркәсібі саласы тұрғысында қарқынды дамып келеді. Көмір өндіру саласындағы ынтымақтастықты да жолға қойып, нығайтқымыз келеді. Сондай-ақ, біздің химия өнеркәсібі мен цемент өндірісінде де тәжірибеміз бар. Бұл ұсыныстарымызға «Қазақмыс» корпорациясы мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдері қызығушылық танытты, – деді «Gambarotta Gschwendt» компаниясының техникалық-коммерциялық өкілі Маттео Мелькиорри.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Mining Week Kazakhstan – 2019» көрмесінің ерекшелігі – тауарлар мен қызметтер көрме павильонында ғана емес, ашық алаңда да ұсынылуда. Яғни, өндірушілерге өз жабдықтарының, машиналар мен техникаларының қалай жұмыс істейтінін көрсету мүмкіндігі бар.

Көрме жұмысы «Жастар» спорткешенінің аумағында 27 маусымға дейін жалғасады. Шара аясында семинарлар, кездесулер, сессиялар мен тұсаукесерлер ұйымдастырылады. Мұндағы басты мақсат – тәжірибе және жаңа технологиялар саласында білім алмасу, бірлескен бизнес-жобалар құру үшін түрлі мемлекеттерден келген тау-кен өндірісі және металлургия өнеркәсібі мамандарының кездесуін ұйымдастыру.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button