Бас тақырыпРуханият

“Томирис”: тартыс пен тағылым

Атпен қуып жеткен бойда алып бұғыны қарғып мініп құлатқан спаргап тағыны жыққан бойда бауыздап жіберді. Массагет тайпасының көсемі Спаргабыңыз – осы. Соңындағы нөкерлері «әйелің ұл туады екен, жарадың» деді жеткен бойда. Мына алған олжасы (бұғы) жас босанған әйелінің қалжасы болса керек. Бұл уақта сақ көсемінің сарайында Томирис туып жатқан. Ұл деп барса қыз екен, әйелі – Томиристің шешесі ері келгенде, қызының есімін қойып жантәсілім еткен. Туа сап анадан жетім қалған Томирис әкеден де 5-6- ақ жасында ерте айрылғанда, оқиға тіптен шиеленісе түседі. Қарағандыда премьерасы өткен «Томирис» фильмі осылай басталған, Станиславский атындағы облыстық орыс театрында.

Екі жарым сағатқа жуық фильмнің Қарағандыдағы тұсаукесерінде түсірілім тобының біразы болды. Көркем туындының режиссері, қарағандылық Ақан Сатаев елімен қауышып тұрып, көңілдегісін кеудесін қуаныш кернегенде ағытты. Себебі, халық киноны көріп біткенде ықыласын аямады. Кемі бірер минут қол шапалақтады. Тіпті, кино бітпей тұрып Тұмар патшайым Кирдің басын алғанда, рухтанып кеткен жұрт шүпірлетіп қол соғып, қошемет қылысты. Көпшілікке рух бере алды, демек. Мұндай қолдау режиссердің, жалпы түсірілім тобының көңілін көтеріп, шабыт неге сыйламасын? Фильм басталмас бұрын ашыла қоймаған режиссер соңында «осы сахнада әке-шешем өнер көрсеткенін бағана айтпап едім» деп толқыды. Томирис рөлін сомдаған Альмира Тұрсын, оның жары, Сақтардың көсемі Арғынды кейіптеген Әділ Ахметов те сөйлеп, халыққа разылығын айтты. Бұған дейін баспасөз мәслихатында да емен-жарқын сұхбат берген шығармашылық топтың әңгімесін қоя тұрып, туындының ішкі мазмұнына көшелік.

Фильм жоғарыда айтқанымыздай басталды. Массагет көсемі Спаргапты (Аспара болуы мүмкін) екі уәзірі ұйықтап жатқан жерінен басып кіріп өлтіріп жатқанда, Томиристі оның тағы бір сенімді досы алып қашып шығады. Айрандай ұйып отырған массагеттердің көсемі мен уәзірлерінің арасына жік салушы – хорезмдіктер. Сөйтіп, Томирис әкесіне берілген аз ғана топпен орманда жүріп бой жетеді. Ержүрек болып өсіп жатады. Бір күні тобынан жеке кетіп, басқа жерге қонып қалады. Келсе, барлық жақтасын жаусатып кеткен. Жалғыз қалған ержүрек бойжеткен дұшпандарын ізін суытпай өлтіргенімен, өзі де ауыр жараланып, атқа мініп кетеді. Шалажансар қызды Сармат тайпасының қыздары тауып алып, әлгі тайпаның арасына сіңеді. Арғынмен сонда танысады. Арғын – дах тайпасының батыр ұлы. Массагет тайпасының билеушілері хорезмдіктермен ынтымағын арқаланып, көршісі сарматтар көсемінің ұлын кепілдікке сұрайды. Себебі, сарматтар – жауынгер халық, көршілерін көп шабатын. Сармат көсемі Арғынның әкесі – тайпабасшысымен кеңесіп, ертесіне сарматтарға шабуылға шығады. Ондағы есебі – массагет халқы бұрынғы көсемінің қызы, тақ мұрагері Томиристі алға салу, тайпаның елі Спаргапты аярлықпен өлтіргенін біледі. Тақ мұрагері Томиристі пайдаланып, массагетті соғыссыз алу. Бұл айласы іске асып, Томирис әкесінің кегін қайтарады. Еліне басшы болады, Арғынмен тұрмыс құрып, Массагет пен Сармат біртұтас одаққа айналады. Сақ тайпасы күшейіп, Арғын мен Томиристің ұлдары өсіп жетіліп қалғанда, парсылық Кир (Құрыш) патша елші жібереді. Сол кезде дүниежүзінің жартысын жаулап алған Құрышқа Томирис Арғын мен әкесінің құрметіне Спаргап атаған жалғыз ұлын аттандырады. Құрыш Арғын мен баласының басын алып, жабайы тайпалар өлтіріп кетті деген сылтаумен мүрдесін жіберіп, Томириске «маған қатын бол» деген шарт қояды. Соғыс өрті осылай тұтанады да, ержүрек Сақ тайпалары тізе қосып, Құрышты талқандап, басын алғанда, кино бітеді.

Фильм сол заманның табиғатын ашу мақсатында көне түрік және парсы тілдерінде түсірілген. Көне түрік тілінің қазақ тілінен айырмашылығы аз-ақ па деп қалдық. Қазақ көрермендері түсіне беретіндей сезіліп отырды. Ал, аудармасы – орысша. Қазақшасы субтитр арқылы жүріп тұрды. Көрерменнің өкпесі – «киноны неге орысша көрдік?». Әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсті бұл мәселе. Оған режиссері Ақан Сатаев жауапты былай қайырды: «Толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлт үшін жасалған маңызды қадам. Фильмнің соңында жазылатын титрлер (түсіру тобы мен актерлық топтың аты-жөндері жазылатын бөлім) латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық қателердің анықталуы және топ мүшелері мен актерлердің аты-жөндері құжаттарға сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз мұндай қателермен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешу үстіндеміз. Бұны ақталу емес, сіздерге мән-жайды түсіндіру деп қабылдаңыздар. Фильмнің қазақша нұсқасы уақтылы дайын болмағаны, көрсетілімге кешігіп шыққаны үшін кешірім сұраймыз. Екі-үш күнде бұл мәселе шешімін тауып, киномызды ана тілімізде еліміздің барлық кинотеатрларында көре алатындарыңызға сендіреміз».

Мұны естіген біз көне түрік тілінен гөрі, бірден қазақша неге түсірмеген деген ойда қалдық. Құрышпен соғыста көне парсы тілін қоса берсін. Байқап отырдық, көне түрік пен қазіргі қазақ тілдерінің айырмасы шамалы. Сосын орыстар мұндай көне тарихы болмаса да, берідегі шежіресінің өзін көне славян тілінде түсірген жоқ қой? Басқа халықтар да өйтпеген. Жалтақпыз! ХХ ғасыр басында түрікше шығатын «Тәржімән» газетінде исі түркі оқымыстыларының көне түрік тіліне ең жақыны – қазақ тілі деген пәтуаға келгені тағы бар емес пе?

Фильм – бастан-аяқ алғанда, тұтас дәуірдің шешуші тұсын көрсеткен жақсы туынды. Бірен-саран ұсақ-түйек кемшіліктері бар. Бала кезінде кетіп, бірнеше жылдан соң еліне барған тақ мұрагері Томиристі массагеттердің бірден күмәнсіз қабылдай салғаны қисынсыздау. Бара сала әкесін өлтірген бұрынғы екі уәзір – сол кездегі билеушіні өлтіріп, «мен Томириспін» дегенге әбден көз жеткізіп алмай, мен де сене қоймас едім… Тағы бір ерекшелік, көшпелілердің соғыс тәсілі, ұрыстағы шапшаңдығы ұтымды көрсетілген. Аттылы адамның өзін алып ұрған Спаргап бейнесі, тағы басқалары… Алайда, Арғынның Томириске шайқас үстінде «Менің қалыңдығым болшы?» дегені басқаға қайдам, бізге біртүрлі көрінді. Томирис патша Сақ тайпаларының басын біріктіріп, біртұтас ел еткені парсылармен соғысқа дайындықта байқалады. Бірақ, сол кезде дүниежүзін жаулап алған парсы әскеріне төтеп берген сақтардың орасан зор байлығы көрсетілмей қалған. Оған дейін бүкіл әлемнің алтын-күмісі сықаған Бабылды (Вавилон) алған Құрыштың әскерін күйрету үшін ұлы рух қана емес, асқан дәулет керегі де белгілі. Көне түрік тілінде дәулет сөзінің бір мағынасы – мемлекет. Бір емес, бірнеше алтын жәдігерлер қалдырған сақтар жұпыны тұрды дегенге Геродоттың өзі де сене қоймас. Сақтарды танығысы келетін оқырман жазушы, тарихшы Таласбек Әсемқұлдың «Қоңдыгердің бір-ақ беттік тарихы» еңбегін оқысын.

«Біткен іске сыншы көп» қашаннан. Біз әртүрлі тұспал айтқанымызбен, нағыз киногердің пікірінен аспасымыз анық. Сондықтан, жазбамызды өнертанушы, белгілі киногер Ерлан Төлеутайдың сөзімен түйіндейміз:

«Кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерін есепке алмағанда, режиссер Ақан Сатаев «Томирис» фильмі арқылы қазақ киносын жаңа бір белеске көтере алған. Ақанның бұл фильмі – отандық киномамандардың ортақ табысы дер едік. Бұл фильм арқылы біз еліміздегі кино мамандардың (оператор, қоюшысуретші, костюм суретшілері, реквизит мамандары, каскадерлік трюктер мен батальдік сахна қою шеберлері, монтаж, компьютерлік графика, жарықты үйлестіру, жарық қою, грим, тағы басқалары) жетілгенінің, ілгерілегенінің куəсі болдық. Мемлекет молырақ қаржы бөліп, қазақ киногерлеріне енді осындай ірі масштабтағы тағы бір-екі тарихи фильм түсіртсе, кинотехнологиялары дамыған ілгері елдердің біразын қуып жетіп қалатын түріміз бар».

Жәнібек ӘЛИМАН

 

Басқа материалдар

Back to top button