Бас тақырыпЖаңаарқа

Толағайдағы торқалы той

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Тарихи тұлға» айдарымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкүл Бимендинаның «Ақбас Атан» атанған ер Сеңгірбай» атты мақаласын тарих бетіне таспалап, жұрт назарына ұсынғанбыз. Баба ұрпағы батырды бүге-шігесіне дейін баяндап, тайға таңба басқандай жеткізген. Міне, бабалар рухына тағзым ұрпақ парызы екенін ескеріп, баба ұрпақтары Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында баба рухын ұлықтап, ат шаптырып, ас берді.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөзді арқау еттік. Елінің ертеңі үшін қалтқысыз қызмет қылған, қолына қару алған Тама Малқараұлы Сеңгірбай-Бек батырға арналған ас Толағай тойтөбесін дүбірге бөледі. Асқа жиналған халықтың қарасы қалың. Еліміздің басқа өңірлерінен де меймандар арнайы ат басын тіреді.

Әуелі облыстық «Әнет баба» мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа әруақтарға арнап құран үнін әуелетті. Баба ұрпақтары ауыл мешітіне жылу қазандығын сыйлап, елдің алғысына бөленді. Астың алғашқы сөзін баба ұрпағы, ұлт тарихына өлшеусіз еңбегі сіңген Рымкүл Бимендина баба жайлы әріден қозғап, ғылыми баяндама жасады. Одан кейінгі сөз тізгінін Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Мұқанов, Жаңаарқа аудандық мәслихатының хатшысы Қуат Имантүсіпов, Жамбыл облысы, Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы Сағынбек Бегеев, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, баба ұрпағы Бердібек Иманбеков, Тама Жөгі әулетінің үлкені, ардагер, ұлағатты ұстаз Шәді Есболов, Ералиев ауылының ақсақалы Берген қажы Қожамұратов, бабаның Алматыдан арнайы келген ұрпағы, профессор Ақтай Біргебаев, Ералиев ауылының әкімі Ербол Мәмбетов алды. Олар баба тарихын әрлі-берлі сөз етіп, ұрпақтарының міндетін ұлы іске санап, ризашылығын білдірді.

Малқара батырдың монологын, Абылай хан мен Малқара батырдың диалогын, Абылайдың Қасым төре мен Сеңгірбай-бек баһадүрге берген батасын Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының актерлары сомдап, халық қошеметіне бөленді.

Арқаның арқалы ақыны Төлеген Жаманов арнауын айтып, дүйім жұртты қиқуға бөлетті. Жас ақын Ерқанат Кеңесбек баба рухына арнаған өлеңін оқып, көптің көңілінен шықты.

Баба ұрпағы Манарбек Исатаев пен әнші Жалын Көпбосынов қазақтың қасиетті қара домбырасымен Толағай төсін әнге бөледі.

Асқа жиналған жұртшылық арнайы тігілген ақ боз үйге бас сұғып, астан дәм татты. Астың алдында Өмірзақ қажы Бекқожа бата берсе, астың соңында ауыл имамы Ерсін Бейбітов әруақтарға құран бағыштады.

Күрес додасының шымылдығын баба ұрпағы, ҚР спорт шебері, екінші Балуан Шолақ атанған Өзаман Исатаев ашты. Балуандардың белдесуі ұзаққа созылды. Білекті де, жүректі жігіттердің аламаны үш салмақ дәрежесі бойынша өтті.

60 келі салмақта 16 балуан, 70 келі салмақта 27 балуан, «Түйе балуандар» сайысында 23 спортшы бақ сынады. 60 келі салмақ бойынша, III орынды қарағандылық Еламан Қуанбай (30 000 теңге), II орынды түгіскендік Нариман Тұтқышев (60 000 теңге), I орынды Ералиев ауылының спортшысы Дінасыл Ысқақов (100 000 теңге) иеленді.

70 келі салмақ дәрежесінде III орынға қарағандылық Әбілқайыр Мәуленин (30 000 теңге), II орынға жаңаарқалық Нұрбек Төлеубаев (60 000 теңге), I орынға қарағандылық Абылай Шаратов (100 000 теңге) табан тіреді.

Ақтүбектік балуан Арыстан Сағындықов дүбірлі тойдың «Түйе балуаны» атанып, мотоциклді тізгіндеді. Төрт сағатқа созылған бозкілемдегі тартыс осылай аяқталды.

Дүйім жұрттың делебесін қоздырған ат спортында 31 сәйгүлік бағын сынады. Бабы мен бағы келіскен жүйріктер 30 шақырымға шапты. Нәтижесінде, V орынды Жолдыбай Кенжеғұловтың «Бақторы» сәйгүлігі (50 000 теңге), IV орынды Ғалымжан Бекетовтің «Алтын тұлпар» сәйгүлігі (100 000 теңге), III орынды Темірлан Тілеуқұлдың «Байторысы» (200 000 теңге), II орынды Жандос Әбікеновтің «Алтын тұлпары» (мотоцикл) еншіледі. Ал, аламан бәйгеде қара үзіп келген – Өмірбай Омаровтың «Самалы». Жүлде қоры – 1 500 000 теңге.

Шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктер додасынан соң, баба ұрпақтары тойға атсалысқан ауыл азаматтарына, ат спортын ұйымдастырушыларға, қазақ күресінің төрешілеріне Алғыс хаттар мен сертификаттар тарту етті. Жырдан шашу шашқан қос ақынға да сый табыстап, Төлеген Жамановқа ат мінгізді.

 – Ардақты ағайын! Міне, Сеңгірбайбек бабамызға арналған ас та өз мәресіне жетті. Бабамыздың атын ұлықтап, дүбірлі той өткізу әуел бастан ойда жүрген. Міне, сол ойымыз жеміс беріп, торқалы тойдың куәсі болдыңыздар. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына сәйкес, бүгін Толағай елі рухани жаңғырып, ұлттық спортымыз жаңғырды. Ас берілді. Құран оқылды. Естеліктер айтылды. Батыр бабамыздың есімі кең көлемде жаңғырды. Біздің де мақсатымыз осы еді. Бабалар ұрпағы атынан алыстан ат терлетіп келген ағайындарға, ауылдың азаматтарына, ынтымағы мен бірлігі келіскен аудан басшылығына, ауыл жұртына, тойға атсалысқан әрбір жанға алғыс білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп ағынан жарылды баба ұрпағы Қосар Исатаев.

Толағай төсіндегі торқалы той өз мәресіне жетті. Дүбірге бөленді. Ел – ердің ұрпақтарына дән риза. Бұл тойдың көпке дейін ел аузында қалары даусыз.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button