Жаңалықтар

Тірек мектебінің тағылымды істері

Ұстаздар күні қарсаңында Осакаров кентіндегі №1 орта мектебінің базасындағы тірек мектебіне барудың сәті түсті. Аудандағы ең бетке ұстар оқу ордасының жұмысы көпке үлгі боларлықтай. Оқушылар заманауи технологияның тілін игеріп, талапқа сай білім алуда.

Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына табақтай диплом ұстаған жандардың арасында ауылға аңсары ауып, туған жерді түлетуге ұмтылатындардың қатары сирек қой. Әйтсе де, №1 тірек мектебінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, осында тұрақтап қалған жас мамандар көп екен.

  • Біз, тек, оқушыларға білім берумен шектеліп қалмай, жас мамандарға да жөн сілтеп, бағыт-бағдар көрсетуіміз керек. Мектепте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жатқан жас мамандар бар. Аудан әкімшілігі олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салуда. Ал, біз білгенімізді үйретіп, жылдар бойы жиған тәжірибемізбен бөлісудеміз. Бүгінгі жас маман – ертеңгі ізбасарымыз. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!. – дейді мектеп директоры Мара Ақмағамбетова.

Дипломмен ауылға келіп, жемісті еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Мәдина Кәдір. Ол осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы тірек мектебіне ағылшын тілі мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.

  • «Диполоммен – ауылға» бағдарламасы – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан бір реттік көтерме ақы алдым. Баспана алу үшін жеңілдетілген пайызбен несие де берілді. Бастапқы кезде жасы үлкен мұғалімдер ақыл-кеңестерін айтып, жөн көрсетті. Осының арқасында жұмысымды бірден игеріп кеттім, – дейді Мәдина Бауыржанқызы.

Мектеп оқушылары үш тілді қатар меңгерген екен. Олар ағылшын тілінде еркін сөйлеп, ойларын анық жеткізе алады. Бұл – жас маманның жемісті жұмысының айғағы болса керек. Балалардың шет тілін еркін меңгеруіне Американың Канзас штатынан келген Кеннет Палмердің де қосқан үлесі зор екен. «English for jastar» бағдарламасының аясында аудан оқушылары шетел азаматынан үш ай дәріс алу мүмкіндігін иеленген. Бұл – оқушылардың жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқуына да оң ықпал етуде.

– 2017-2018 жылдары он айлық ағылшын тілі курсын тәмамдадым. Аз уақыттың ішінде «А» деңгейінен «С» деңгейіне дейін меңгеріп шықтым. Қазір 8 және 9 кластарға физика пәнінен ағылшын тілінде аптасына бір мәрте факультатив сабақ өткіземін. Балалар физикалық терминдерді үш тілде үйренуде. Қазіргі таңда оқушылар терминдердің 50%- ын еркін меңгерді деп айта аламын, – дейді Ботагөз Морозқызы.

Тірек мектебінде оқушыларға сапалы білім алумен қатар спортпен айналысуға да оңтайлы жағдай жасалған. Жас спортшылар аудандық, облыстық турнирлерде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жатыр. Жаттықтырушы Дархан Досмағамбетовтің айтуынша, балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Әсіресе, қазақ күресі қарқынды дамып келе жатыр екен. 2018 жылы тірек мектебінің алты оқушысы «Спорт шеберлігіне үміткер» атанды.

Жалпы қоғамда «ауылда сапалы білім жоқ» деген стереотип қалыптасқан ғой. Бұл – жаңсақ пікір. Бұған №1 орта мектептің жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік. Білім ошағының ауыз толтырып айтарлық жетістігі көп. Бұл білім сапасының жоғары екенін аңғартса керек.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button