Бас тақырып

Тілге жауапкершілік – жарнамадан

Бұрын жылына екі рет ұйымдастыратын. Былтыр төрт рет өтті. Тоқсанына бір рет деген сөз ғой. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлық рейдтері. Кәсіпкерлер мен кәсіп ұйымдарына мінін айтып, қатесін көрсетіп бағады. Сонда да қатеден көз ашпай келеді Қарағанды. Бұл да мемлекеттік тілдің баттиып көрініп тұрған мәселелерінің бірі. Тарқатайық онда.

 

КӨРНЕКІ АҚПАРАТ: КІЛТИПАН ҚАЙДАН?

Біз жылда қатыспайды емес, қатысып, көріп жүрміз. Басқа қалаларды білмеймін, осы Қарағандының басын айтамын. Айлық аясында ақпараттық-мониторинг топтары құрылып, облыстық медиа-жоспар жүзеге асырылады. Яғни, көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамалардың «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша түсіндіру-насихат жұмыстары жүргізіледі, бірақ… Бірақ, басқарма өкілдері мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары кәсіпкерге «мынауың қате, қазақшасы үстінде не сол жағында тұруы тиіс» деп түсіндіріп, ұсыныс хат қалдырып қана кете алады, болды. Яғни, мемлекеттік тілде қате жазу заң бұзушылық болып саналмайды біздің елде. Жаза, айыппұл көрсетілмеген. Құзырлы орынның ұсыныс хатындағы ескертулерді орындау, орындамау кәсіп иесінің ар-ұяты мен жауапкершілігіне ғана байланысты. Соған қарамастан, облыстық деңгейде жүретін рейдтік тексерулер нәтижесіз емес. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, былтыр тексеріс барысында 5176 көрнекі ақпарат объектілері қамтылып, 950 заң бұзушылық анықталған. Сол қателіктерді жою туралы бизнес өкілдеріне ұсыныс хаттар берілсе, қазіргі уақытта олардың 768-і (80%) түзетіліпті.

Аталған басқарма жұмысты ширату мақсатында былтырдан бастап көрнекі ақпарат сауаттылығын қадағалауды қоғам өкілдерімен бірлесе қолға алды. Әрбір аудан мен қалада аталмыш мәселе бойынша жұмыс топтары құрылып, оның құрамына қоғам белсенділері, тіл жанашырлары, БАҚ өкілдері енгізілді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен тіл саласындағы белсенді топ мүшелері өткен айда М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада бас қосқанын атап өткен жөн. Қоғам белсенділері, тіл жанашырлары қатысқан жиында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты бірқатар жобалар ортаға салынды.

Мемлекеттік тілге бейжай қарамайтын тұлғалардан құрылған топ қатары бұдан әрі де артып, алда біріге жұмыс атқарылатын болады.

«Бірлесе жасалып жатқан жұмыстың бір парасы ретінде мынаны атар едік. Топ мүшелері жарнамасы күнде ауысатын Қарағанды секілді үлкен қаладағы олқы жасалған, мәтіні қате не қазақшасы жоқ көрнекі ақпараттар ілінген орындарды анықтап, қалалық бөлімге, облыстық басқармаға ақпарат беріп отыра алады және өзі де ол кәсіпкерге түсіндіреді. Алда іске асырылатын жобалар бұдан да ауқымды болмақ», – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жетекші маманы Бекзат Алтынбек.

ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ЖҰМЫСТАН – ТҮЙІНДІ ҰСЫНЫС

Осы уақытқа дейін бұл саланы қолдың бес саусағындай танып, бүге-шігесіне дейін біліп алған басқарма өкілдері бұған дейінгі жұмыс тәжірибесінен түйгендерін тұжырымдап, қоғам белсенділерінің пікірлеріне де құлақ аса отырып жоғары жаққа мынадай мәселелер ұсынып отыр. Біздіңше, ақылға қонымды. Оқырман не дер екен, бірге оқиық:

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабында визуалды ақпарат мәтіндеріндегі грамматикалық, пунктуация және стилистикалық қателіктерді құқық бұзушылық ретінде жіктеудің нақты өлшемдері белгіленбеген.

«Электрондық лицензиялау» электрондық порталы арқылы мемлекеттік тілдегі визуалды ақпарат мәтіндерін сәйкестендіру функциясының алынып тасталуы визуалды ақпаратты орналастырумен байланысты құқық бұзушылықтардың өсуіне әкелді.

Кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялауға байланысты қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару органдары «Көрнекі ақпарат пен жарнамадағы сауаттылықты» ай сайын ұйымдастыру арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ұсыныс хаттары міндетті түрде орындалуға жатпайтындықтан, кейбір кәсіпкерлер ескермейтін фактілер бар.

Қазіргі уақытта көрнекі ақпаратта тіл стандарттарының сақталуы тұрғысынан «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның бұзылуына жол бермеу үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік тілдегі визуалды ақпарат мәтіндерін келісу туралы қосымша параграф енгізу туралы ұсыныстарды министрлікке жолдап отырмыз».

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button